Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Түсіне әйел енген: Қазақстандағы Алтын Ханшайымның қорымы археологтардың бірінің көрген түсі арқылы табылған (фото)
Батыс Қазақстан облысында көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіле бастады. Ғалымдар қасиетті орындардан ерте темір дәуіріндегі жәдігерлерді табудан үмітті. 5 жыл бұрын өңірден біздің заманымыздан бұрынғы 6-5 ғасырларға тиесілі Алтын Ханшайым табылған-ды. Ол ұзақ уақыт бойы археолог Яна Лұқпанованың түсіне енген.
Бұл туралы Астана арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Яна Лұқпанованың археологиямен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан. Осы уақытта ол мыңдаған құнды жәдігерді тауыпты. Тіпті оның тапқан жәдігерлері археологтың түсіне енетін көрінеді. Алтын ханшайымның мүрдесі табылмай тұрып, ол археологтың түсіне енетін болған. Нәтижесінде археолог қазба жұмыстарының жүргізілуін талап етіп, ханшайымның мүрдесін табады.
«3 жыл бойы түсіме әйел кірді. Оның иығында күміс ыдыс болды. 2013 жылы біз оны іздестіруді ұйғардық. Біз оны Ақсай абызы деп атаймыз. Себебі жерленген орны шаршы пішінді болды. Сонымен қатар жанына екі әйелдің бассыз мүрдесі жерленген», – дейді БҚО-дағы тарих және археология орталығының аға қызметкері Яна Лұқпанова.
Астаналық ғалымдар ханшайымның бейнесін жасап шыққан. Онымен бірге алтын әшекейлер көптеп табылғандықтан, оны Алтын Ханшайым атапты. Ақсүйек әйелге өте қымбат киім кигізілген. Өзімен бірге айна мен тарақ болыпты. Бір қолында қасқырдың азуынан жасалған білезік болса, екінші қолына шыныдан жасалған ыдыс ұстаған.
«Алтын Ханшайым – біздің мақтанышымыз. Қазақстанда 7 алтын ханшайым бар. Олардың қатарында біздің өңірден табылғаны да бар. Біз Алтын Ханшайымның әлемдік тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына еніп, ауданымыздағы туризмді дамытуға септігін тигезетініне сенеміз», – дейді БҚО Теректі ауданының тілдер, мәдениет пен спортты дамыту жөніндегі бөлім меңгерушісі Мирхат Ибраев.
Ендігі өңірде Алтын Ханшайымның құрметіне кесене тұрғызылып жатыр. Биіктігі 7 метр болатын ескерткіш Теректі ауданының Долин аулының көрікті жеріне айналмақ. Оның құрылысына жергілікті кәсіпкерлер мен шарушашылық иелері шамамен 8 миллион теңге бөлген. Кесене тамыз айында салынып бітеді деп жоспарлануда.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
