"Біздің қоғам – орыс қоғамы": Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті және неліктен АҚШ-та жерленеді
10 қаңтарда әдебиет тарихын зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин 84 жасқа қараған шағында өмірден озды. Кейіннен ұлы Едіге жазушының АҚШ-тың Мэриленд штатында жерленетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жазушының сүйегі неліктен елге жеткізілмеді
Жазушының ұлы Едіге Мағауин әкесінің АҚШ-тың Мерилэнд штатында өз жақындарының ортасында бақиға аттанғанын хабарлады.
“Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)”, – деп жазды ол.
Кейіннен жазушының жаназасы 11 қаңтарда АҚШ-тың Мэриленд штатында сағат 10:00–де өтетіні мәлім болды. Рәсім түріктің Diyanet Center of America мешітінде ұйымдастырылып, сол штаттың зиратына жерленеді екен.
Осы орайда, қазақтың халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің сүйегі өз еліне жеткізілмеді, деген сауал туындайды. Бұл сұрақты Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновке жолдап көрдік.
Құлкеновтің сөзінше, жазушы балаларына өсиет айтқан болуы мүмкін.
“Жазушы балаларына өсиет айтқан болуы мүмкін. Қазақстанға сүйегін әкеліп жерлеуді біз шешпейміз, отбасы мүшелері шешеді”, – деді Жазушылар одағының төрағасы.
Ал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидің айтуынша, Мұхат Мағауиннің сүйегін елге әкелу жазушыға жасалған ең үлкен қорлық болмақ.
"Өзінің көзі тірісінде ұлына айтқан өсиеті бар емес пе?! Неге ол өсиетті ұлы тұлға өткен соң аяқ асты етіп, аттап өтуге тиіспіз?! Бұл дұрыс емес. Сосын оның тұяғы, мәйіттің хақ иесі ұлы Едіге Мағауин ағамыз бар. Соңғы сөз сол кісіде. Қазақстан билігі және жазушылар одағының бұған араласуының еш жөні жоқ. Өзінің сыртта кететінін алдын ала біліп, өзі аманат етті. Енді артында қалған қалың елі айтқан аманатын орындауы керек. Бұл біздің ол кісіге көрсеткен ең үлкен құрметіміз болмақ", – деді Ерлан Рысқали.
Ерлан Рысқалидан жазушының ұлына қандай өсиет қалдырғанын сұрап көрдік. Дәстүрлі әнші жазушының өз аузынан естігенін, бірақ нақты айта алмайтынын жеткізді.
Ал жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұратхан Шоқанның сөзінше, жазушының шетелде жерленуі тағдыр шығар.
“Әбу-Насыр әл-Фараби Отырарда туып, Сирияның Дамаск қаласындағы "Баб-әс-Сағир" зиратына жерленген. Қыпшақ даласында дүниеге келген даңқты қолбасшы Бейбарыс Сұлтан Каирде жерленген. Мұхаммед Хайдар Дулати Үндістанның Кашмир штатындағы "Мазари-и-Салатин" қорымында жерленген. Мұстафа Шоқай Берлин қаласындағы "Түрік шаһитлігі" жерленген. Әлихан Бөкейханов Ресейдің Уфа қаласында жерленген. Тұрар Рысқұлов Мәскеу қаласында жерленген. Бұл тізім созсақ біразға барады. Туған жерінің топырағын жамылмаған алыптардың қатарына Мұхтар аға қосылды. Ағаға Басқа құрлықтың, Америка Құрама Штаттарының топырағы бұйырды. Бұлда тағдыр шығар”, – деп жазды ақын.
Махтар Мағауин елден не себепті кетті
Жазушы Қазақстаннан Чехияға 2007 жылы қоныс аударды. Мұхтар Мағауин елден ешкім желкелеп шығарып салмағанын, өз еркімен, өзі кеткенін айтты.
"Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі "Жұлдыз" журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде "Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды" деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін сыртқа кетуге тура келді… Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ", – дейді жазушы.
Сондай-ақ жазушы елден кетер алдын бес жыл бойы өзіне қарсы науқан жүргенін айтты.
"Осындайды халық ұмытып қалады екен. Айтылмаған сөз жоқ, бір күнде 5-6 газетке шыққан жағдай болды. Маған ол әсер еткен жоқ, маған әсер еткені қазақтың бір зиялы азаматы: "мынау бәленбай деген жазушымыз еді, неге осыған жала жабылып, қудаланып жатыр?" деп ара түсуге жараған жоқ. Содан соң балама кеттім", – дейді Мағауин.
Жазушы Чехия астанасы Прагада алты жылдай тұрған. Одан кейін Карловы Вары қаласына қоныс аударған. Үш жылдан соң баласы Америкаға жұмыс бабымен кетіп, жазушы да отбасымен сонда барған.
"Чехияда тұрдық, олар – момын халық, азиаттарды жақсы көрмейтін әдеттері де бар. Чехияда түрің білініп, ерекшеленіп тұратынбыз, ал Америкада қарала, торала, құбақандардың ортасына кіріп кетесің және сенің нәсіл-тегіңе ешкім де назар аудармайды", – дейді жазушы.
Ал Ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзінше, жазушы Мұхтар Мағауиннің Прагаға кетіп қалуының өзі қазақ интеллигенциясының бар екенін көрсетті. Дегенмен оның шетелге кетіп қалуы масқара ұят бодды, дейді.
"Бізде интеллигенция жоқ" деуші едік. Мағауиннің Прагаға кетіп қалуының өзі қазақ интеллигенциясының бар екенін көрсетті. Қазақтың тарихына қарап отырсаң, Мұстафа Шоқайдан кейін эмиграцияға кеткен екінші хас зиялы бұл. Бір Мұхтар Мағауинді ұстап тұруға болушы еді ғой. XV ғасырдағы жыраулар поэзиясын тауып алып, әдеби айналысқа түсірген Мұхаң ғой. Мағауиннің қай шығармасын оқысаңыз да, тек қана ұлттық мәселе қозғамайды. Өзінің ұлтын айтып отырып, адамзаттық мәселелер көтереді. Сол Мағауиннің шетелге кетіп қалуы – масқара ұят болды! Мағауин кетіп, оның орнында “халтурщиктер” қалды. Мағауиннің кетуі халтурщиктерге жақсы болды", – дейді Серік Ақсұңқарұлы.
Жазушы Қазақстанға не себепті қайта оралғысы келмеді
Жазушы Мұхтар Мағауин 2024 жылы “Халық үні” YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанға не себепті оралмайтынын айтқан еді.
“Елге бармаймын. Бір жағдай бар: Шетелде бір жыл тұрған адам қайта барғысы келмейді. Өйткені біздің қоғам – орыс қоғамы. Отаршылдықтың зардабы әлі күнге дейін бар. Көшеде еркін жүре алмайсың. Мен жаңалық аштым, бірақ менің кейіпкерімді жек көрді. Менің ұнамды кейіпкерім – жас, ақылды, ұлтшыл жігіт. Неге жек көрді? Өйткені ол кеңес адамы емес екен. Ал кейіпкер менің прототипім. Мен де кеңес адамы емеспін. Сол себепті сенің отырған отырысың, жүрген жүрісің, адамдармен қатынасың өзгелерге сөлекет болып көрінеді”, – дейді жазушы.
Сондай-ақ жазушы қазақстандықтарға қайта түзелу үшін дәл қазір жұмыс бастау керегін айтты.
“Қазір жастар өсіп келе жатыр, орта оңалып, түзелетін шығар. Шетелге шығып жатқан жастар көп. Бірақ ескінің зардаптарынан оңалу өте қиын. 1932 жылы Голощекиннің геноцидінен қазақтың үштен екісі (2/3) өлді. Ал Назарбаевтың 30 жыл билігі кезінде бүкіл қазақ жаннан, иманнан айырылуға жақындады. Апаттан артық болмаса кем емес. Қайта түзелу үшін қазір жұмыс жасалу керек. Менің қайда жүргенімнің ешқандай мәнісі жоқ. Сөзім жетіп жатыр, жетпей қалған сөзім жоқ. Айтылмай қалған сөзім және жоқ”, – деген еді жазушы.
Жазушы жайлы
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі;
1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды;
1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы;
1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста;
1988-2006 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Көркем прозаға көбірек ден қойды. "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері (1997). "Тарлан" сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) атанды.
Мұхтар Мағауин 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында халыққа оқ атылғанда билікті айыптаған аз жазушының бірі еді. Жазушы "Қан төгілді!.." деген мақала жазып, билікті ашық сынаған. "Менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне ашық наразылығын жеткізді.
"Өзінің азаматтық құқығын қорғап шыққан шарасыз азаматтарды "бұзақылар", "азғындар" деп жариялады. Баяғы Желтоқсандағы "наркомандарға" тетелес", — деп жазды Мұхтар Мағауин.
Мұхтар Мағауин мақалада халықты кінәлаған біршама жазушыны да сынаған.
"Тәуелсіздік мерекесінің шырқын бұзды!.." дейді ғой. Шын тәуелсіздік күні алда. Сол кезде шындап тойлаймыз. Бүгінгі жасөспірім балаларым тұрыпты, жетпістің ішіне кірген менің өзім осыған сенем", — деп жазды ол.
Мұхтар Мағауиннің Қазақстан билігін ашық сынаған "Ұлтсыздану ұраны", "Қазақсыз Қазақстан" мақалалары бар.
Жазушы жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.
Еске салсақ, жазушы Мұхтар Мағауиннің өмірден озғанын хабарлаған едік. Кейін Тоқаев Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.