Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сусын мен чипсы беріп қызықтырған": Алматы облысында зорланған баланың анасы жаға ұстарлық оқиғаны баяндап берді

Алматы облысында 2-сынып оқушысын жасөспірімдер зорлаған. Жәбірленушінің анасы оқиғаның анық-қанығын баяндады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап.

жәбірленгенТүсірілімнен скриншот

Алматы облысында анасы 2-сыныпта оқитын ұлының зорланғанын айтып шағымданған еді. Баланы он бір және он төрт жастағы ұлдар қорлаған. Барлығы бір мектепте оқиды.

Қасымбек ауылында бір ғана мектеп бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай үшінші рет орын алуда. Алдыңғы екеуін жасырып қалған.

Сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың ата-аналары мұны көпшілікке жария еткісі келмеді. Соңғы оқиға 23 наурызда орын алған.

Ананың айтуынша, жоғары сынып оқушылары ұлын ауылдың шетіне алдап алып кеткен. Олар баланы сусын мен чипсымен қызықтырған. 

“Баламның жылап келе жатқанын көрдім. “Не болды?” дедім. Ұлдардың тиіскенін айтты. “Кім, қайсысы?” десем, саусағымен жолдың арғы жағындағы балаларды көрсетті. Олар мені көріп, қаша жөнелді. Біреуі оны қысып ұстап, ал екіншісі қорлапты”, – деді зәбір көрген баланың анасы.

Әйел бірден полицияға қоңырау шалып, арыз жазған. Айтуынша, ұлын сараптамаға алып барған және онда денсаулығына зақым келгені расталды. Соған қарамастан, қаскөй жасөспірімдердің әлі де бостандықта жүргені ата-аналарды алаңдатып қойды.
“Әрине, қорқамыз. Елестетіп көріңізші, осы жаста мұндайды жасаса, одан әрі қарай не істеуі мүмкін?! Әлі де түк болмағандай күліп-ойнап жүр. Өмірлеріне мәз, тіпті өздерін кінәлі сезінбейді. Балаларымыз бір мектепке барады. Дәретхананың бұрышына апарып, тағы қастық қылса, қайтеміз?” – деді Қасымбек ауылының тұрғыны Ангела Попова.

Бүгін мектепте әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өтті. Ата-аналарға қабылданып жатқан шаралар түсіндірілді. Бірақ ауыл тұрғындары оқу орнының әкімшілігі шара қолданатынына сенбейді. Өйткені осыған дейін жасөспірімдердің бірі бұзақылық жасаса да, оған ешқандай шара қолданылған жоқ.
“Өткен жылы ұлым Хабиев Хамид және бесінші сынып оқушысы Эльхам Ыдырысовқа осы бала әлімжеттік көрсетті. Мектеп әкімшілігіне хабарласқан жоқпын, себебі бұдан нәтиже жоқ. Ешкім мән бермейді, тіпті тыңдауға құлықсыз”, – деді ата-ана Ирада Чалабова.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп ұжымы зорлау фактісін жасыруға тырысқан. Директор мұғалімдерге мұны ешқайда шығармасын деді.

“Бұл мектепте болған жоқ. Балалар оқуға тек 27 наурызда келді. Қазір психолог балалармен жұмыс істеуде, басқа оқушылармен де жұмыс жүргізілді. Ал аталмыш қауіпті жасөспірімдер қазір мектепке бармайды”, – деді мектеп директоры Айман Ибраимова.

Полиция сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатқанын айтты.
Облыс полиция департаменті тергеу басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады. Зорлады деп айыпталған жасөспірімнің әкесіне қатысты баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, баланы мамандандырылған мектепке апару туралы мәселе көтерілді.

Талқылау