Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соққы алмаса да комаға түсетін еді – Жамбыл облысында әскерде жүріп комаға түскен Нұржігіттің ісі бойынша дәрігер

Алматы гарнизоны әскери сотында борышын өтеп жүріп комаға түскен қостанайлық Нұржігіт Әбділпаттаның ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Пульмоног маман сотта Нұржігіттің комаға түскеніне алған соққы әсер етпегенін мәлімдеді. Stan.kz тілшісі сотқа қатысып келді.

Фото: Stan.kz

Еске салсақ, 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта 17 мамырда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, Отардағы 30/212 әскери бөлімшесіне жіберілген. Әскерге кеткеніне 1 ай да болмаған. 29 маусымда ант қабылдауы керек еді. Бірақ 9 маусымда оның комаға түскені туралы хабар келген. Сөйтсе жігіт 6 маусымда тамағы құрғап тұрғанын сезіп, тамағына дәрі шашқан. Сөзінше, қалтасына дәріні салып жатқан кезде оны кіші сержант Дастан Тұрлан байқап, ішінен, оң жақ көкірегінен ұрған. Салдарынан Нұржігіт қатты ауырып, жағдайы нашарлап, соңында жансақтау бөліміне түскен. 

Қазір Дастан Тұрланның үстінен Қылмыстың кодекстің 451-бабы “Билікті асыра пайдалану” бойынша іс қозғалды. Алайда жәбірленуші тарап істі 451-баптың 2-тармағына яғни “Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану” деп ауыстырғысы келеді. 

Бұған дейінгі сот отырысында сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров соққының комаға түсуіне әсерін анықтай алмай, тек дәрігерлердің қорытындысына сүйенетінін айтқан еді. Осыдан кейін сотта пульмонолог Сағыныш Нұрғабылова куәлік беріп, Нұржігіттің бұрыннан пневмониясы болғанын айтты.

“Нұржігіттің сырқатының алғашқы белгілері 15-18 мамырда байқалған. Тамағы қышып, соған дәрі сепкен. Оның бәрі ұрғанға дейін болды. 4-5 маусымдарда басы ауырып, әлсіздікті сезген. Оң жақ полисегменталды пневмония деген диагноз қойылған. Алғашында вирусты сипатта болыпты, кейін бактерия енген. Пневмонияның бірнеше сатысы бар. Рентген түсіріліміне қарасақ, 4-5 күн ауырған”, – деп мәлімдеді маман. 

Фото: Stan.kz

Ол аурудың асқынуына соққының әсері жоқ деп нық айтты.

“Соққы алғанға дейін ағзада өзгерістер болды. Мамырдан бастан ауру басталған, кей адамдарда аурудың белгілері байқалмайды, асқынусыз өтеді. Тек оның білінуі үшін бірнеше уақыт керек еді. Ұрған сәт сол ауруы асқынған кезге сәйкес келіп қалды. Нұржігітте болған вирустық инфекция өкпеге кетті. Оның үстіне емделмей жүрді, иммунитеті әлсіреген болар. Соның салдарынан пневмония туындап, ауру ушықты”, – деді Нұрғабылова.

Пульмонолог рентгенологтың түсірілімге қарап жасаған қорытындысына сүйенгенін айтады. Алайда ол Нұржігіттің өзін көрмеген, оны бетпе-бет қарап, тексермеген. Дәрігерлер жазған диагноздарға қарап, 23 тамызда қорытынды шығарыпты.

Маман сарбаздың ағзасын жарақаттайтындай соққы жасалмады деп санайды. Сондай-ақ рентген түсірілімінде өкпеге, кеуде тұсына жарақат түскені анықталмағанын көрсетті. 

Ол Нұржігіттің жағдайы нашарлап, комаға түсуіне моншаның қатысы бар деген қорытындыға келді.

“Пневмония кезінде моншадағы булы бөлмеге баруға, ыстық суда ұзақ отыруға болмайды. Ол интоксикацияға әкеледі. Сол үшін де Нұржігіттің басы айналып, тершеңдік пайда болған. Бу бөлмесі инфекцияны қоздырады. Оның үстіне ыстықтан шығып, жеңіл киінген шығар. Содан қан қысымы түсіп кетті деп ойлаймын”, – деді Сағыныш Нұрғабылова.

Алайда Нұржігіт моншаға емес, сарбаздармен бірге ортақ душ қабылдағанын және онда булы бөлме жоқ екенін айтып жоққа шығарды. Сонымен қатар ол 4-5 мамырда да, кейін де денсаулығына шағым айтпағанын, лезде комаға түскендіктен, ешкімге қандай белгілері байқалғанын айтып үлгермегенін түсіндірді. Әрі әскерге барар алдын мамырда рентгенге түсіп, тексерістен өткенін, ол жерде ешқандай ауру анықталмағанын айтады. 

Судья сұрақты өзгертіп, монша емес, душ қабылдау да ағзаға кері әсер ете ме деп сұрады. Маман суға түсу де ауруды ушықтыратынын айтты.

Содан кейін Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина маманға сұрақ қойды.

“Вирус – жұқпалы ауру. Менің балам 15 мамырдан бері ауырса, неге ол ешкімге жұқпаған? Қанша уақыттан бері олар бірге ас ішіп, бір бөлмеде ұйықтап жүр. Бірге жүреді. Неге тек ұлым ғана ауырады?”, – деді ана.

Маман оған жауап бермеді.

Одан соң анасы пневмония қанша күннен кейін байқала бастайтынын сұрады. Маман әр адамда әртүрлі деп, сот-медициналық сарапшы арқылы анықтауға кеңес берді.

“Адам ауырған кезде жатып, демалу керек. Көп ұйықтайды, ас мәзірі ерекше болады. Иммунитеті әлсірейді. Оның үстіне басқа аймаққа әскерге аттанды. Оның бәрі – стресс. Оның үстіне ауруы пайда болып, стресс оны асқындырады. Ол сау балалармен бірдей норматив тапсырып, физикалық жатығулар жасап, жүгіріп жүрді. Осындай жағдайда аман қалғанына рахмет”, – деді Нұрғабылова. 

Ол сарбазда интоксикациялық шок болды деген қорытынды шығарды.

“Мен сарбазды көрмедім, қандай жағдайда болғанын жеке тексермедім. Маған келген қағаздарға сүйеніп қорытынды шығардым. Өкпесіне жарақат салынғаны еш жерде көрсетілмеген. Соққы алса да, алмаса да, оның жағдайы нашарлайтын еді. Сарбазды ешкім ұрмаса да, ол осылай ауырып, комаға түсер еді. Оны комаға түсірген – интоксикациялық шок”, – деді ол.

Жәбірленуші тарап дәрігердің айтқанына келіспейді. Олар көп нәрсе бұрмаланып жатыр деп санайды.

“Рентген бұған дейін жасалмаған. Әбден комаға түсейін деп жағдайы ушыққан кезде жасатты. Баламды көрмеген адамның қағазға қарап қорытынды шығарғаны дұрыс емес деп ойлаймын. “Өзіңіз солай айналдырып отырсыз” дей береді. Сұрақтарыма нақты жауап ала алмадым”, – деді Нұржігіттің анасы Жанна Жаналина. 

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қазір ауыр жағдаймен жансақтау бөлімінде жатқанын жаздық. 

Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Оған пневмония диагнозы қойылған. 

24 маусымда әскери қызметкер комадан шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.

Талқылау