Кейінгі 18 айда мүлкі болмауы керек: "7-20-25" бағдарламасына өзгерістер енгізілді
"7-20-25" бағдарламасына сәйкес, енді қарыз алушының тек кейінгі 18 айда жылжымайтын мүлігі болған-болмағаны тексеріледі. Сондай-ақ ипотекаға үй алып, әскери қызметте жүргендердің несиесін кейінге шегеруге мүмкіндік берілмек. Ұлттық банк келер жылы бағдарламаға 100 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлуді қарастырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа ереже бойынша қарыз алушы мен оның жұбайының атында соңғы 18 ай көлемінде үй болмауы керек. Бірақ отбасындағы әрбір адамға шаққанда ауданы 15 шаршы метрден аспайтын бөлме немесе апатты деп танылған баспана шектеуге жатпайды. Ол үшін жергілікті әкімдіктен анықтама алып, растаса болды. Сондай-ақ әскери борышын өтеуге кеткендерге де жеңілдіктер қарастырылған.
“Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметкерлер ипотека төлемдерін қызмет етіп жатқан кезінде одан кейін тағы 60 күн кейінге шегере алады. Бұл нормалар баспанаға мұқтаж азаматтарды мейлінше көбірек қамту үшін енгізіліп отыр”, – деді ҚҰБ қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің бас маманы Диас Қожахметов.
Өзгертілген жаңа шарттарды тұрғын үй сарапшысы Қайрат Қожанов қолдап отыр. Ол жаңа ереже баспанаға мұқтаж жандарға көмек береді деген пікірде. Және нарықтағы бағаға ешқандай кері әсерін тигізбейді деп отыр.
Қазір бір ғана кемшілігі бар. Бұл 25 миллионға дейінгі бағдарламаны қамтиды. Егер 26 миллионның үйін алсаңыз, қалған 1 миллионды өз қалтаңыздан шығарасыз. Бір қызығы, бұл – 2018 жылдың күзінде пайда болған бағдарлама. Сол кездегі үйдің бағасына, сол кездегі инфляцияға негізделіп шығарылған. Қазір бұл жаңа өзгерістерді қажет етеді”, – деді сарапшы Қайрат Қожанов.
7-20-25 бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған. Азаматтарға несие 25 жылға, 7% жылдық үстемақымен беріледі. Ұлттық банктің ақпаратына сүйенсек, өткен айдың қазанына дейін азаматтарға 1 миллиард теңгеден астам қарыз беріліпті. Нәтижесінде 76 753 отбасы баспаналы болған.