Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда бөгетті бекітуге көмектескен баланың ата-анасына 196 мың теңге айыппұл салынды

Фото: Видеодан скрин

Петропавлда су тасқынынң алдын алуға көмектескен баланың әкесі айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Тепличный кентіндегі бөгетті нығайтуға барлық тұрғынның атсалысып жатқаны туралы бейнежазба жариялады. Болысып жатқандардың арасында балалар да бар. 

“Жап-жас көмекші: квадроцикл мінген бала тасқыннан қорғайтын бөгетке арналған қаптарды тасып жатыр. Тепличное ауылының тұрғындары – Руслан мен Динара Мырзабай отбасы туған ауылына деген жанашырлық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Олар басқа ауыл тұрғындарымен бірге елді мекенді қоршап тұрған бөгетті бекіту жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр. Олардың ұлы Дастан да өз үлесін қосты. Ол квадроциклімен қорғаныс құрылымдарын нығайтуға арналған қаптарды тасып, ересектерге көмектесіп жүр. Бұл – басқаларға үлгі боларлық іс”, – деп жазды әкімдік.

 

Жас баланың бұл видеосы жергілікті тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде “Неше жастан бастап көлік жүргізуге болады? Заң бәріне бірдей" деп жарыса жазды желі қолданушылар. Салдарынан баланың әкесіне айыппұл салынды.

 

“26 сәуір күні Тепличное ауылында бөгетті нығайту жұмыстары кезінде ауданның 34 жастағы тұрғыны 10 жастағы ұлына квадроцикл басқаруға рұқсат берген. Аталған факт бойынша ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 5-бөлігіне (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) сәйкес, көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға басқаруға бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Полиция балалар мен су тасқыны салдарын жоюға қатысушы барлық адамдардың қауіпсіздігінің аса маңызды екенін атап өтті. Олар көмектесіп жүрген барлық азаматтарға алғыс айтып, жұмыс кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 01 Мамыр, 2025 16:44
Талқылау