Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Несиенің пайыздық мөлшерлемесі азаяды": Сарапшы коммерциялық банктер тұрғын үй жинағын енгізсе қандай өзгерістер болатынын айтты

Фото: Pixabay.com

Қазақстанда екінші деңгейлі банктер “Отбасы банк” сияқты тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында ипотека беруі мүмкін. Ипотекалық несиелеу жүйесін өзгертетін түзетулер мәжіліске жіберілді. Stan.kz тілшісі аталмыш түзету енгізілсе, тұрғын үй нарығында қандай өзгерістер болатынын, үйдің құнына қаншалықты әсер ететінін сарапшыдан сұрап көрді.

Қазір "Отбасы банк" қана – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің жалғыз операторы. Соның арқасында тұрғындар мемлекет сыйақысының көмегімен және жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана алу үшін шотқа ақша жинайды. Енді ұсынылған өзгерісте тек Отбасы банк емес, басқа коммерциялық банктер де бұл қызметті көрсете алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, бұл бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев бұл өзгеріске оң бағасын беріп отыр. Сөзінше, екінші деңгейлі банктер міндетті түрде Отбасы банктің тәжірибесін қолданады. Яғни жинақты қаншалықты толтырасыз, ай сайын салуыңызды ескеріп, рейтинг арқылы ипотека береді.

Маман ұзақ мерзімді перспективада бұл жаңалық несиелік пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне ықпал етеді деп санайды.

“Жылжымайтын мүлік нарығына бұл айтарлықтай теріс әсер етпеуге тиіс. Әрине, алғашында банк жүйесінде белгілі бір трансформациялық өзгерістер болғанға дейін нарық біраз тұралап қалуы немесе сәл төмендеп қалуы мүмкін. Себебі адамдар ипотека алуға емес, ақшаны жинақтауға көңіл бөледі. Ал кейін керісінше сұраныс артады. Банктердің саны көбейеді, әлеуетті қарыз алушылар артады, олар тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысып, болашақта пәтер алуға дайындала бастайды. Сол себепті жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне әсер етеді”, – деді ол.

Арман Бейсембаевтың сөзінше, банктер осылайша өте сенімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру көзін иеленеді.

“Біз бұл жүйеге 20 жыл бұрын келуіміз керек еді. Қазақстан экономикасындағы мәселе – "ұзақ ақшаның" жоқтығы. Ұзақ ақша жоқ, себебі ұзақ мерзімді жобалар жоқ. Ұзақ мерзімдіге тұрғын үй жинақтары сияқты жобалар кіреді. Бүгінде депозиттердің орташа мерзімі – шамамен бір жыл, ал банкке 20 жылға несие беру қажет болған кезде мәселе туындайды. Бір жағынан, банктің депозиттік базасы бар, бірақ оның мерзімі – бар болғаны бір жыл. Оның үстіне адамдар ақшасын жиі салып-алып отырады. Сондықтан банк сүйенетін тұрақты депозиттік "көпшік" жоқ. Осыдан ұзақ мерзімді қаржыландырудың үлкен тапшылығы пайда болады. Ал тұрғын үй жинақтары – шамамен 10–15 жылға жасалатын депозит. Банк мұндай салымшы депозитін ұзақ уақыт ұстайтынын түсінеді. Сондықтан ол 10 жылға кредит беруден қорықпайды. Банктің өз ақшасы жоқ, ол салымшылардың ақшасын алып, соны қарызға береді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада банктік жүйеге де оң әсер етеді. Уақыт өте келе қаржыландыру арзандайды, яғни ставкалар төмендеп, неғұрлым қолайлы деңгейге жетеді.”, – деді қаржы сарапшысы.

Айтуынша, инфляция да біртіндеп төмендеуі мүмкін. Себебі қаржыландыру тұрақтырақ, болжамдырақ, сенімдірек болады, сол үшін банктер жоғары ставкалар қоймайды.

“Оларға ұзақ мерзімді қаржы жобалары қызық болады. Өйткені банк үшін 10–15 жылға несие беру тиімді. Ол өз жоспарын құра алады, қарыз алушы бұл мерзімде тұрақты төлейтініне сенімді болады. Яғни банк үшін де болжамды, ол активтердің ағынын көріп, 10–15 жылға жоспар құрады. Осы уақыт ішінде ешқандай қауіп төнбейтінін түсінеді, себебі осындай активтер ағыны оған тұрақты табыс береді", – деді Бейсембаев.

“Өзгеріс қабылданса, жеңілдетілген ипотекаларды алып тастау қажет”

Маман екінші деңгейлі банктерде жинақ жүйесі пайда болса, жеңілдетілген ипотеканы алып тастау керек деп санайды. Осылайша тұрғын үй бағасы төмендейді деп болжады. Сөзінше, екеуін де қалдыру нарықты бұзып, инфляцияны күшейтеді.

"Бәрін нарықтық жолға қоямыз, тұрғын үй жинақтарын енгіземіз, бірақ жеңілдетілген ипотека болмайды. Бұл дұрыс қадам болар еді. Егер жеңілдетілген ипотека жойылса, онда жылжымайтын мүлік бағасы15–20 пайыз төмендеуі мүмкін. Неге? Себебі арзан қаржыландыру жоғалады. Адамдар "жеңілдетілген ипотека жоқ екен" деп түсінеді, сондықтан көбі күтіп, ақша жинауға көшеді. Ал жинақ жүйесі мен жеңілдетілген ипотека бар кезде нарықтағы ипотека бағасы да төмендемейді. Себебі экономикаға арзан ақша түсіп жатыр. Ол инфляцияны күшейтеді. Ал күшейген инфляция халықтың инфляциялық күтулерін арттырады. Жоғары инфляция пайыздық мөлшерлемелерді түсіруге мүмкіндік бермейді. Ал жоғары ставкалар нарықтағы ипотеканы қолжетімсіз етеді. Осылайша жабық шеңберде қаламыз. Сондықтан жеңілдетілген ипотеканы толығымен жабу қажет”, – деді ол.

Сарапшы бастапқыда қиын болатынымен келіседі. Құрылыс саласына да соққы болатынын, кейбір құрылыс компаниялары жабылуы мүмкін екенін айтады. Бірақ мұндай дағдарыс экономиканың сауығуына әкеледі дейді.

“Бұл жаңа құрылыстар үшін тұрақты қаржы базасын қалыптастырады, қарыз алушыларды тәртіпке келтіреді, банк жүйесін нығайтады, экономикаға ұзақ ақша әкеледі. Ақыр соңында бұл инфляцияның төмендеуіне, инфляциялық күтулердің азаюына және пайыздық ставкалардың түсуіне алып келеді. Ал ставкалар төмендегенде, нарықтағы ипотека да арзандайды. Бірақ бұл бірден емес, кемінде 3–-5 жылда жүзеге асады”, – деді қаржы маманы.

Отбасы банк бәсекелестікке төтеп бере ала ма?

Арман Бейсембаев бұл жобаның мақсаты нарықта бәсекелестікті күшейту екенін айтты.

“Қазір жеңілдетілген ипотеканың да, тұрғын үй жинақ жүйесінің де жалғыз операторы – Отбасы банк. Бұл іс жүзінде монополия. Басқа банктер бұл салада мүлде жоқ немесе өте шектеулі форматта ғана қатысады. Егер “Отбасы банктің” тәжірибесін барлық банкке таратса, бұл банк жүйесі үшін пайдалы: банктердің өнім түрлері көбейеді, Отбасы банкке бәсекелестік пайда болады”, – деді ол.

Алайда ол “Отбасы банктің” зардап шекпейтінін, әлі де маңызды рөлде болатынын түсіндірді.

“Президенттің өзі “Отбасы банк енді жай банк қана болмайды, ол тұрғын үйді дамыту институтына айналуға тиіс” деді. Яғни ол жартылай мемлекеттік, тіпті толық мемлекеттік құрылым болуы мүмкін, әрі тек өзінің ерекше міндеттерімен айналысады. “Отбасы банк” нарықтағы барлық адамға бірдей қызмет көрсетпейді. Ол, ең алдымен, мемлекет атынан стратегиялық бағыттармен шұғылданады. Мысалы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қаржыландыру. Өйткені мұндай іспен ешбір жеке банк айналыспайды. Отбасы банк мемлекеттік қаржыны оператор ретінде басқарып, оны әлеуметтік әлсіз топтарға, көпбалалы отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге бағыттай алады. Ал қалған барлық азамат үшін тұрғын үй жүйесімен екінші деңгейлі банктер жұмыс істемек”, – деп түсіндірді қаржы сарапшысы.
Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 17:45
Талқылау