Тоқаев бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады
Фото: akorda.kz
Президент бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін тамаша жеңісімен құттықтап, бұл нәтижені “еліміз үшін тарихи оқиға” деп атады.
“Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Біздің ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді. Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың ерекше өнеріне жаһан жұрты тәнті болды”, – деді президент.
Фото: akorda.kz
Тоқаев боксшы қыздардың да әлемдік жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсеткенін атап өтті.
“Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Назым Қызайбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, елімізге ақжолтай жүлде әкелді. Виктория Графеева және Елдана Тәліпова қола медаль жеңіп алды. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қайрат Сәтжанов, Елдос Сайдалин бастаған бапкерлерге және басқа да мамандарға зор алғыс айтамын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: akorda.kz
Президент Ливерпуль қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатындағы (World Boxing) спорттық жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшы мен бапкерді “Құрмет”, “Ерен еңбегі үшін” медалдерімен марапаттап, алғыс білдірді.
Ислам Әбдірайымов, Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова, Наталья Богданова, Дастан Қабденов, Нұржан Насанов, Айбек Оралбай, Ілияс Оралбеков, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Елдос Сайдалин, Санжар Тәшкенбай, бокстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов “Құрмет” орденімен марапатталды.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен Виктория Графееваға, Нұрлан Мұхамбетқалиев, Елдана Тәліпова марапатталды.
Асқар Еркебаев, Назым Қызайбай және Долкунжан Камековке президент алғысы жарияланды.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық боксшылар әлем чемпионатында 7 алтын жеңіп, топтық тізімде көш бастағаны туралы жазған едік.
“Қазақ әйелін аяққа таптайды, байлар жарысады: Тоқал алуды заңдастырудың соңы неге әкеп соғады?