СҚО әкімдігі қандастар мен қоныс аударушыларға арналған түсіндіру орталығының жұмысына 10 миллион теңге жұмсамақ
Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауға өңірлік квоталар белгілейді. Солтүстік Қазақстан облысына 2025 жылы 3144 адам қабылдауға квота бөлінді. Оның ішінде 2969 қоныс аударушы, 175 қандас бар. Ал жұмысқа 10 миллионнан аса қаржы бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейді. Арнайы ақпараттық-түсіндіру орталығының мақсаты – халықты қажет мәліметтермен қамтамасыз ету.
"Орталықтың қызметі – ауқымды ақпарат тарату, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беру және кері байланыс орнату. Жоспарлы қамту көрсеткіші 5 520 адам, бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ауқымын анықтайтын индикатор. Өңірге көшіп келіп жатқан азаматтарға толық ақпарат беру мақсатында түрлі байланыс арналары, оның ішінде БАҚ, әлеуметтік желілер және тікелей кездесулер қолданылады”, – делінген басқарма жауабында.
Мемлекеттік мекеменің хабарлауынша, ақпараттың барлық азаматқа жетуі үшін мобильді топтар, онлайн-платформалар және шығу өңірлерінде өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен халықпен кездесулерге арнайы баратын Солтүстік Қазақстан облысы делегация құрамында бару арқылы қосымша жұмыстар атқарылмақ.
Орталық қызметі шеңберінде:
- ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын көрсетеді;
- мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс істейтін Call-орталықтың қызметін ұйымдастырады;
- әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) оқырманы бар аккаунт құрып, жүргізеді (5000 адамнан кем емес).
- орталықтың қызметін БАҚ-та, әлеуметтік желілерде тұрақты негізде жариялайды;
- Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушылар мен қандастар үшін ұсынылатын шаралар туралы ақпараттық материалдарды дайындайды, оларды орталық және өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялайды;
- әлеуметтік желілерде облысқа келген қоныс аударушылар туралы жағымды оқиғалар орналастырады (айына 3 бейнежазба, ұзақтығы 5 минуттан аспауға тиіс);
- айына кемінде 1 рет республикалық деңгейдегі интернет ресурстарында облысқа қоныс аудару жөніндегі ақпаратты орналастырады;
- облыс делегацияларының құрамында бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне және шығу өңірлерінің (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары) тұрғындарымен кездесулерге қатысады;
- облыс аудандары мен Петропавл қалаларының келген қоныс аударушылармен кездесу өткізу үшін облыс аудандарына шығуды ұйымдастыруды және табысты қоныс аударушылар мен қандастар туралы роликтер жасайды;
- қоныс аудару процесінде туындайтын әлеуметтік, еңбек, құқықтық және басқа сипаттағы мәселелер мен проблемаларды шешуге жәрдемдесу үшін Петропавл қаласында кеңсенің жұмысын ұйымдастырады.
Арнайы орталық жұмысының нәтижесінде қандастарды бейімдеу және әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілмек деп түсіндірді басқарма.
“Қандастар мен қоныс аударушыларды ақпараттандыру үшін арнайы ақпараттық кампаниялар ұйымдастырылады. Жұмыс нәтижесінде барлық мақсатты топтарға толық ақпарат жеткізіліп, оларды бейімдеу және әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілмек. Аталған жұмыс үшін 10 миллион теңге арнайы ақпараттық-түсіндіру орталығының шығындарына беріледі. Оның ішінде жұмысшылардың жалақысы, кеңсені жалға алу, жұмыс сапарларының шығыны және тағы басқасы кіреді”, – деп жауап берді сауалымызға Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.