Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шри-Ланкада бұрын-соңды болмаған наразылықтар өтуде: Ел президенті отставкаға кетті

Шри-Ланка президенті Готабая Раджапакса 13 шілдеде қызметінен кететінін мәлімдеді. Оны бұл қадамға мәжбүр еткен нәрсе 9 шілдеде бүкіл елді дүр сілкіндірген экономикалық дағдарыс тудырған жаппай наразылық болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме беріп хабарлайды.

Парламент спикері Махинда Япа Абейвардена президенттің қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның алдында премьер-министр Ранил Викремесингхе де отставкаға кететінін мәлімдеген. Оның мәлімдемесінен кейін бірнеше сағат өткен соң наразылық білдірушілер оның үйін өртеп жіберген.

Ал бірнеше сағат бұрын Шри-Ланка астанасы Коломбода мыңдаған демонстранттар полиция қоршауын бұзып өтіп, ел президентінің резиденциясына кірген.

Шри-Ланкада ең күшті экономикалық дағдарыс орнаған, ал наразылықтар наурыз айынан бері басылмай, дәл қазір шегіне жеткен тәрізді.

Әлеуметтік желіде пайда болған видеода ел президентінің резиденциясындағы бөлмелер адамға толы, тағы жүздеген наразылық білдірушілер көгалда, кейбіреулері бассейнде жүр.


Жаппай тәртіпсіздіктер мен кісі өлімі: Шри-Ланкада үкіметті қолдайтындар мен наразылар арасында қақтығыс орын алды 


Президент Готабая Раджапакса жұма күні резиденциядан шығып, кейбір мәліметтерге сәйкес, Коломбодан ұшып кетуге тырысуда.

Сенбі күнгі жаппай наразылықтар – ауыр экономикалық дағдарысқа ұшыраған арал еліндегі биылғы ең ірі наразылықтардың бірі. 22 миллион халқы бар Шри-Ланкада инфляция шарықтап, жанармай, азық-түлік және дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілуде. 

Раджапаксаның отставкаға кетуін талап еткен шеруге елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам қатысқан. Жергілікті шенеуніктердің France-Presse агенттігіне хабарлауынша, көпшілік қала орталығына көліктермен, фургондармен және тіпті наразылық білдірушілер жаулап алған пойыздармен жеткен.


Бір доллар үшін мың теңге: Экономист теңгенің долларға шаққандағы шынайы бағамын атады 


Полиция шерушілерді тарату үшін су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Коломбодағы Шри-Ланка ұлттық госпиталінде 33 адам, соның ішінде полиция қызметкерлері жарақатпен жеткізілген.

Билік жұма күні коменданттық сағат жариялау арқылы сенбі күнгі шерулердің алдын алуға тырысты, бірақ құқық қорғау топтары мен оппозициялық партиялар оған қарсылық танытқаннан кейін оны алып тастауға мәжбүр болды.

Шри-Ланка Ұлыбритания бақылауынан шыққан соң 1948 жылдан бері ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Елде отын, азық-түлік, дәрі-дәрмек жетіспейді. Шри-Ланка ұзақ уақыт бойы қарызға батқан, қазір елдің сыртқы қарызы 50 миллиард доллардан асты. Өткен айда елдегі инфляция 50 пайыздан асты.

Өткен аптада билік елдегі негізгі функцияларды орындайтын көліктерден басқа барлық көліктерге жанармай сатуға тыйым салды. Оның ішіне автобустар мен пойыздар, сондай-ақ апаттық көліктер кіреді.

БҰҰ-ның мәліметінше, Шри-Ланка "шарасыз гуманитарлық дағдарысты" бастан кешіруде. Мектептер жабылды, онкологиялық ауруларды емдеу және басқа да әдеттегі медициналық процедуралар тоқтатылды, көптеген отбасы үшін күніне бір мезгіл тамақ ішу қиындап кеткен.

Елде бензин, дизельдік отын, азық-түлік және дәрі-дәрмек сияқты ең қажетті тауарлардың тапшылығы өткір сезіледі. Үкімет оларды шетелден сатып ала алмайды, өйткені валютасы таусылып жатыр. Шри-Ланканың валюталық резервтері үкіметтің тиімсіз саясаты мен елдің туристік кірісін күрт қысқартқан коронавирустық пандемия әсерінен іс жүзінде нөлге тең.

Өткен аптада президент Готабая Раджапакса Ресей президенті Владимир Путиннен ресейлік отынды несиеге әкелуді және Аэрофлоттың елге рейстерін қалпына келтіруді сұрады. Мамыр айының соңында Шри-Ланка Ресейден 90 тонна мұнай жөнелтілімін алды, оның құнын алдағы бірнеше аптада төлеуге уәде берді.

Мамыр айында Шри-Ланка өз тарихында алғаш рет мемлекеттік қарызы бойынша дефолтқа ұшырап, тәуелсіз облигациялар бойынша пайыздық 78 миллион долларды уақытында төлей алмаған.

Қазіргі ауыр жағдайдан шығу үшін ел билігі Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры сияқты халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, оларға жалпы сомасы 5 миллиард доллар көлемінде несие беруін сұраған. Бірақ әзірге келісім жасалмаған.

Дүниежүзілік банк мәлімдемесінде "елде микроэкономикалық саясат болғанша, адекватты құрылым жасалмайынша банк Шри-Ланкаға ешқандай жаңа қаржыландыру ұсынбайды" деп мәлімдеді. Бірақ ұйым сонымен қатар Шри-Ланка үкіметіне қажетті медициналық құралдарды жеткізу, осал жағдайдағы отбасыларға қаржылық көмек көрсету, мектептегі тамақтандыруды төлеу және фермерлер мен шағын бизнеске көмектесу жобаларын жүргізіп жатыр.

Шри-Ланка тұрғындары мен экономикалық сарапшылар дағдарыстың басталуына биліктің елді дұрыс басқармауы себеп деп отыр.

Айта кетейік, Раджапакса әулеті 2000 жылдардың ортасынан бастап билікті тізгіндеп отыр. Ұзақ жылдар бойы құқық қорғаушылар бұл отбасыдан шыққан саясаткерлерді сыбайлас жемқорлыққа, қызметтік ұстаным арқылы пайда табуға, өздеріне қарсы шыққандар мен журналистерді қудалауға айыпты деп атайтын, бірақ олар сайлауда жеңіске жете берген, өйткені сайлаушылардың көбі оларды мықты көшбасшы санаған.

Еске салсақ, Шри-Ланкада мамыр айының басында жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан жеті адам мерт болып, жүздеген адам жарақат алған еді.

 

Талқылау