Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаппай тәртіпсіздіктер мен кісі өлімі: Шри-Ланкада үкіметті қолдайтындар мен наразылар арасында қақтығыс орын алды

Шри-Ланкада жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан жеті адам мерт болып, жүздеген адам жарақат алған. Зорлық-зомбылықтың өршіп кетуіне елдегі экономикалық дағдарыс пен премьер-министр Махинда Раджапаксенің отставкасы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

22 милион тұрғыны бар елде уақытша комменданттық сағат енгізілген. Ал полиция мен әскер қосымша өкілеттіктерге ие. Мысалы, олар ордерсіз адамдарды тұтқындап, тергей алады. Сондай-ақ жеке меншік пен көлікте тінту жүргізуге құқылы.

Премьер-министр Раджапаксенің отставкаға кеткені белгілі болған соң, адамдар бұл оқиғаны тойлауға көшеге шыққан. Алайда соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. 

Наразылық акциясына қатысушылар шенеуніктерге шабуыл жасап, үйлер, дүкендер мен басқарушы партия мүшелеріне тиесілі компанияларды өртей бастаған. 

Басқарушы партияға деген жек көрушілік

Зорлық-зомбылық пен шабуыл Махинда Раджапаксенің жүздеген жақтастарының алдында сөйлеген сөзіне қарсы реакция болу мүмкін. Ол дүйсенбі күні өзінің отставкаға кетуі мүмкін екенін мәлімдеген. Кейін темірмен қаруланған адамдар үкіметке қарсы наразылық акциясына қатысушылардың лагеріне барып, адамдарды ұрған. Лашықтарын өртеп жіберген. 

Куәгерлердің сөздерінше, бастапқыда полицейлер үкіметті жақтаушылардың бұл әрекетіне еш шара қолданбаған. Алайда кейін көз жасаурататын газ бен суатқыш пайдаланған.

Басқарушы партияның заң шығарушы өкілдерінің бірі көлігін қоршаған адамдарға оқ атып, екеуін өлтірген, тағы үшеуі жарақат алған. Ол Коломбоға кетіп қалмақ болған. Осы жағдайдан соң ел тұрғындары ашуға булыққан. 

Біраз уақыттан соң полицейлер саясаткердің өзіне қол салғанын мәлімдеді. Бірақ басқарушы партия оның және оққағарының ашулы топ қолынан жан тапсырғанын айтады. 

Тәртіпсіздіктер салдарынан партия өкілдерінің 40-тан аса үйі, жүзден аса автокөлік пен мотоцикл өртенген. Президенттің жеке бақсысының үйі де қираған. Ашулы топ премьер-министрдің үй-мұражайында сақталған ата-анасының балауыз мүсінін де бұзған. 

Раджапаксенің жақтастарын алып келген автобусты наразылық білдірушілер өртеп, Темпл-Триздегі премьердің резиденциясы маңындағы көлге итеріп құлатқан. 

Шри-Ланка

Бір топ адам резиденцияны шабуылдап, жолды бөгеген полиция көліктерін өртеген. Ал Раджапаксенің өзі бұл жерден эвакуацияланған. 

Шабуылдаушылар премьер-министр кеңсесіне қарама-қарсы орналасқан АҚШ елшілігіне бірнеше көз жасаурататын граната лақтырған. Алайда ешкім зардап шеккен жоқ.. 

Толқулар тек сейсенбі күні таңертең басылған. Қазір Темпл-Триздегі алаң лақтырылған аяқкиім мен сынған шыныдан көрінбейді. Бұл аймақты әскери патруль бақылауына алды. 

Наразалық акциясына пандемия кезінде ушыққан экономикалық дағдарыс себеп болған. Дағдарысқа тұрғындар Раджапаксенің отбасы мүшелері бастаған басқарушы партияны айыптайды. 

Бұрынғы қаржы министрі Али Сабридің сөзінше, елдегі мемлекеттік валюталық резерв бар-жоғы 50 миллион долларға тең. 
Жанармай, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жетіспеуі адамдарды көшеге шығуға мәжбүрлеген. Алайда бір айдан астам уақытқа жалғасқан наразылық акциясы бастапқыда бейбіт шеру болған. 

Қазір елде басқарушы партияны ауыстыратын үкімет құру жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Мұнда барлық партия мүшелерін енгізу жоспарланған. Алайда наразы халық президент Готабаи Раджапаксенің отставкаға кетуін талап етуде. 

Талқылау