Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Той иелері басында күмәнмен қарайды": Шымкенттік түрік асаба тойдағы қызықтары жайлы

Шымкентік түрік асаба Рамазан Әбілов 4 тілде қазақ, орыс, түрікше және әзербайжанша еркін сөйлейді. Қазақ жерінде туған түрік азаматы қазақтың тойын басқарып, жекеменшік той ұйымдастыру агенттігін ашқан. Stan.kz тілшісі асабаның өзімен тілдесіп, бұл жолға қалай келгенін, тілді қалай үйренгенін сұрады. 

– Өзіңіз жайлы, туған жеріңіз, балалық шағыңыз, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? 

– Оңтүстіктің тумасымын, Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келгенмін. Ата-анам 5 баланы тәрбиелеп, ер жеткізді. 3 үлкен ағам және кенже інім бар. Балалық шағым қуанышты әрі бақытты күндерге, ащы да тұщы да сәттерге толы болды. Бірақ соған қарамастан, ата-анамның сүйіспеншілігі мен махаббатына, бауырларымның қолдауы мен көмегіне бөленіп өстім.

– Тілді қалай үйрендіңіз? Қиын болмады ма?

– Енді біз ауылда өстік қой, ол жерде көбі қазақша сөйлейді. Мектепте орыс сыныбында оқығаныммен, достарым, көршілерімнің барлығы қазақша сөйлейтін. Осылайша, кішкентайымнан бірнеше тілде сөйлеуді үйреніп кеттім. Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ. Себебі түркі тілдес ұлттармыз ғой, тілдеріміз бір-біріне ұқсайды. Оңай алып кетесің. 

– Неліктен асабалыққа бет бұрдыңыз?

– Асабалық жолды таңдауыма ең бірінші әкем – Жұмабек Әбіловтың үлесі өте көп. Ол кісі білім саласында жұмыс жасайды, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарынан. Мектептегі кезімнен әртүрлі үйірмелерге, іс-шараларға, спорт секцияларына қатыстырып, белсенді қылып өсірді. Сол үшін әкеме алғысым шексіз. Одан әрі, студент шағымда да белсенді болып алдыңғы қатарларда жүрдік. Қосымша жұмыс жасай бастадым, күзетші де даяшы да болып көрдім. Кейін аниматорлық жолына түстім, кішкентай балаларды жақсы көргендіктен мен үшін өте қызықты жұмыс болды. Өзімнің мейрам саласында жұмыс істегенді жақсы көретінімді сол кезде түсіндім. Балаларға арналған іс-шараларды жүргізіп жүріп, алғаш рет бір кісіден немересінің 1 жас тұсау кесер тойын жүргізуге ұсыныс алдым. Осылайша мен асабалық жолына түстім. 

– Құпия болмаса гонорарыңыз қанша? Айына асабалықтан қанша табасыз? 

– Қатып қалған гонорар жоқ бізде. Тойға, іс-шараға қарап келісе береміз. Тапсырыс берушілердің көңіліне де қараймыз. 



– Ал бұған дейін қандай іспен шұғылдандыңыз? Негізігі табыс көзі асабалық па әлде басқа кәсібіңіз бар ма ? 

– Жаңа айтып өттім ғой, студент кезімде біраз қосымша жұмыс жасадым. Университет бітіріп, диплом алған соң біраз мамандық бойынша жұмыс жасадым. Ветеринарлық медицинаны тамамдағанмын. Жарты жылдан аса жұмыс жасадым, асабалықты да қатар алып жүрдім. "Екі кеменің басын ұстаған – суға кетеді" деген мақал бар ғой, асабалық көңіліме жақын болғандықтан, толығымен осы салада жұмыс жасауды жөн көрдім. Қазіргі таңда "RAEvents” той ұйымдастыру орталығын ашып, тапсырыс берушілердің ризашылығына бөленіп, алғыстарын алып жұмысымыздың жемісін көріп жатырмыз. 

 – Қазақ тойы мен түрік тойларының айырмашылықтар бар ма?

– Әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады ғой, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері өзгеше болады. Жалпы алғанда, барлық ұлттың тойларының пішімі, өту барысы бір ғой. Қазақ, орыс, түрік тойларын жүргізе беремін. Мысалы, қазақтың тойында құдаларға құйрық бауыр жегізсе, түріктер тойда келінге алтын тағады, ал орыстар жас жұбайларға каравайдан дәм татқызады деген сияқты. Тойға дайындық барлығында бірдей, ата-аналары белсенді болып келеді, жүргізушімен қайта-қайта жолыққысы келіп отырады, ұсақ-түйек нәрселерді уайымдап. Жастар көбіне сабырлы болып келеді. 

– Өзіңізді қазаққа жатқызасыз ба әлде түрікке ме?

– Өзім, негізі, қазақ тойларына жақынмын. Кішкентайымыздан қазақтың салт-дәстүрлерін үйреніп, оқып, көріп, оларға қатынап өстік. Балаларыма да түрік тілімен қатар қазақ тілін үйретіп жатырмыз. 

– Тойда коронавирус жұқтырып алмамын деп қорықпайсыз ба? 

– Басында, әрине, қорқатынбыз, сақтық шараларын қолданып жүрдік. Қазір вакцина қабылдадым, сенімділік пайда болды. 

– Қазір актерлердің әнші-әртістердің өзі асабалық етеді. Былайша айтқанда қолына микрофон ұстағанның бәрі асаба. Қазақстандық асабалардан кімдерді мойындайсыз? 

– Әр асабаның өз аудиториясы, өз халқы болады. Біреулер заманауи тойды жақсы басқарса, енді біреулер дәстүрлі нақыштағы қазақи тойларды жақсы басқара алады. Сұраныс бар жерде ұсыныс пайда болады. Әртістерге келер болсақ, олардың да өз тыңдармандары бар, егер халық өзі сұрап, еңбегін бағалап тұрса неге асабалық етпеске. 

– Тойдағы қызықтар жайлы айтсаңыз болады. Түрік екенсіз деп тойды қалай басқара алады екен деп сізге күмәнмен қарағандар болды ма? 

– Болды, бірақ білдіртпеуге тырысады. Кейбір той иелері тойдың басында күмәнмен қарайды. Кейін тойдың жартысы өтіп, қонақтардың көңіл көтеріп, мәз-мейрам болып отырғанын көріп көңілдері орнына келіп, жүздеріне күлкі қонып қалады. Қазір көбі алдын ала инстаграмм, ютуб желілерінен фото, видеоларды көріп алады. Және біз өзіміз қазақ тілінде былай еркін сөйлей алмаймыз деп таң-тамаша болатындары да көп.

Талқылау