Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Той қарапайым адамдар үшін жасалды": Атырауда олигарх ұлының тойында IPhone-нан шашу шашты (видео)

Атырау қаласында өткен тойлардың бірінде олигарх IPhone-нан шашу шашқан. Аста-төк өткен тойды басқарған асаба-шоумен Руслан Ысқақов бұл қарапайым тойлардың бірі ғана дейді. Stаn.kz тілшісі тек элиталы тойларды басқаратын асабамен тілдесіп, желіде қызу талқыланған тойдың қалай өткенін сұрап білді. 

Атырау қаласында екі апта бұрын өткен тойға 400 қонақ шақырылған. Асабаның айтуынша, тойда ойнатылған 100-ден аса смартфонның 50-і IPhone телефоны болған дейді. Қалғаны - түрлі брендтегі смартфондар.

Осындай ұлан-асыр той жасаудың мақсаты не деп сұрағанымызда: 

"Тойдағы адамдардың көбісі қалталы азаматтар деп айта алмаймыз. Той иесі барын шашып, жаңалық болсын, жақсылық жасайық, адамдарға пайдасы тиетіндей той істейік деп ойлады. Келген қонақтар құр алақан кетпесін дедік. Тойға белсенді қатысып, жақсы көңіл көтерген адамдарға телефон, одан бөлек тұрмыстық заттар сыйға берілді.

Оның ішінде кір жуғыш машина, мультиқайнатқыш (мультиварка - ред.), ноутбуктер мен өзге де сыйлықтар өте көп болды. Келген адамдар бір-бірден сыйлық алып кетсін деген оймен жасалған болатын. Ол той қарапайым адамдар үшін жасалды. Телефон алып бақытты болсын, қуанып қалсын деген оймен, халыққа пайдам тисін деген мақсатта жасалған. Басқа ешқандай мақсат жоқ", - деп түсіндірді.

Желіге салынған видеодан байқағанымыздай, телефондарды кәдімгі шашу сияқты "шұашқан". Руслан Ысқақовтан бұл әрекет қаншалықты орынды дегенімізде: 

"Шоумен болғандықтан шоу жасағым келді. Телефондарды қолдарына таратып берген кездеріміз де болды. Бірақ қонаққа да шоу, ойын-күлкі, қызық керек. Арасында кез-келген қонақтың қолына түссін деген оймен лақтырған кезіміз болды. Жалпылай алғанда телефон ойындарға қатысып, жақсы билеген адамдарға сый ретінде берілді", - деп тек-шоу үшін лақтырып, тойды қыздыра түскісі келгенін айтады. 

тойбизнес

"Әр нәрсе ниетке байланысты. Той саласында жүргеніме 10 жылдан асты. Тек элиталы тойларды ғана басқарамын. Бұрыннан жабық кештерді жүргіземін. Біз үшін бұл қарапайым тойлардың бірі. Менің тойларымда "Maybach" (Майбах - қымбат брендті неміс көлігі) маркалы көлік те, Дубайдағы жеті жұлдызды, ең қымбат қонақ үй "Бурдж-аль-арабқа" жолдама да сыйға бергенбіз. Мұндай кездер көп болған. Бұл қарапайым көп тойдың бір бөлігі ғана", - деген асабаға ысырап деп ойламайсыз ба дегенімізде:  

"Мұны ысырап деп ойламаймын. Келген адамдар батасын беріп, ризашылығын білдіріп жатады. Қанша адам парақшама жазып: "Сіздің қолыңыздан телефон алдық, бізге бұйырды" деп жылап жіберген кісілер де болды. Қарапайым кісілер үшін алған сыйлығын сатып жіберсе де, өзі тұтынса да үлкен пайда емес пе?" - дейді Руслан Ысқақов.  

 

Сондай-ақ асаба қымбат телефон әлі ұстап көрмеген адамдардың көп екенін, телефон қажет болып жүрген адамның қолына түссе, сауап екенін айтып қалды. 

"Біз кез-келген нәрсені әуелі жамандыққа балап жатамыз. Жақсы ниетте болсақ бәрі жақсы болады. Бұл да бір хадияның бір түрі. Сыйлықтың әр түрлісі бар. Біз қарапайым тақия берген тойларды сынамаймыз да, неге қымбат сыйлық берген тойларды сынаймыз? Қымбат сыйлықтарды қарапайым халыққа беріп жатыр ғой. Былайша айтқанда садақаның бір түрі", - деп асаба ағынан жарылды.

Бұл тойда елімізге танымал бірқатар өнер жұлдыздары бой көрсеткен. Оның ішінде Қайрат Нұртас, Әбдіжаппар Әлқожа, Нұржан Керменбаев сынды әншілерді байқауға болады. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін той-бизнесте жүрген ең қымбат асабалар мен әншілердің бірнеше миллион теңгемен өлшенетін прайстарын назарларыңызға ұсынған болатынбыз. 

Талқылау