Шымкентте белгісіз біреулер ер адамды көлікке күштеп салып, ұрлап әкеткен (видео)
Желіде Шымкентте бір топ адам ер кісіні көлікке салып ұрлап әкетіп бара жатқаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Видеоны кездейсоқ өтіп бара жатқан адам түсіріп алған. Кадрлардан төрт ер адамның бір кісіні ұрып-соғып, көліктің артына күштеп мінгізгенін көруге болады. Сосын айналадағы адамдар көмекке жүгірген кезде, олар көлікке мініп қашып кетеді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, көлік табылып, екі күдікті ұсталды.
“Желіде заңсыз әрекеттерге қатысты оқиғаның видеосы тарап кетті. Бұл жағдайға полиция қызметкерлері шұғыл әрекет еткенін хабарлаймыз. Барлық қатысушы анықталды. Көлік табылып, екі күдікті ұсталды. Күдіктілер тергеу изоляторына қамалды. Ал ұрланған адам айғақ беріп жатыр”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда 22 жастағы қызды тал түсте күштеп ұрлап кеткен жігітке айыппұл салынғаны туралы жазған едік.