Шымкентке жаңадан қосылған ауылдарда спорт алаңдары көбейіп келеді
Шымкентке жаңадан қосылған ауылдарда спорт алаңдары көбейіп келеді. Осылайша қалада бұқаралық спортты дамытуға ден қойылған. Ал 2021-2023 жылдары мегаполистің төрт ауданында құны 2 миллиард теңге болатын 115 спорт нысаны халық игілігіне берілмек. Бүгінгі күнге оның 11-і іске қосылған.
Бұқараны спортқа тартудың тиімді жолы ретінде қаланың жаңа аймақтарында спорттық алаңдар көптеп жасалып жатыр. Шағын алаңдар балалардың футбол, волейбол мен баскетбол ойнауына ыңғайластырылған. Осындай екі алаңның сапасын көруге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барды. Әкім спортты дамыту үшін жасалып жатқан шараның барлығы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сай орындалып жатыр деді.
“Жергілікті бюджеттен әр баланың жан басына төлеп, балаларды тегін спортпен шұғылдандыруға мүмкіншілік бар. Бұл не дегеніміз, нәтижесінде бұқаралық спорттың пайызын ұлғайтып мына жасөспірімді, жастарды ары қарай спортқа тартып, спортты осы арқылы дамыту”, – дейді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
2023 жылға дейін салынады деп жоспарланған 115 спорт алаңының он төрті демеушілер есебінен жүргізіледі екен. Қалған жүз біріне әкімдік жер бөліп, құрылыс басталмақ. Бір ерекшелігі әр алаңға спорт басқармасы есебінен арнайы жаттықтырушы бекітілмек. Егер ел арасынан таланттылар шықса, оларды әрмен қарай спорт мектебіне тарту көзделген.
“Кішкене шектеулер бар. Бірақ үміттеніп отырмыз, сентябрьден бастап біздің мамандарымыз келіп осында күнтізбелік жоспарға сәйкес, раписаниеге сәйкес мына ойын түрлерінен спорт жаттығуларын өткізетін болады”, – дейді Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев.
Спорт нысандарының басым бөлігі қалаға 2014 жылы қосылған аумақтарда бой көтермек. Алдағы екі жылда Абай ауданында 35, Қаратауда 27, Әл-Фарабиде 25, ал Еңбекші ауданында 14 алаң қолданысқа берілмек.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
