Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында жеке үйлерге кірген қасқыр иттерді өлтіріп, адамдарға шабуыл жасады

Шығыс Қазақстан облысы Быково ауылында қасқыр жеке үйге кіріп, ер адамды тістеп алды. Жергілікті тұрғындар жыртқыштың көзін жойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Әкімдіктің хабарлауынша, жағдай 28 сәуірде Алтай ауданының Быково ауылында болған. Қасқыр жеке үйге ашық тұрған есіктен кірген.

"Үй иесі оны қуып шығуға әрекеттенген. Алайда қасқыр үй аумағында жұмыс істеп жүрген адамды тістеп, кейінірек ауыл тұрғындарының екі итін өлтіріп, қашып кеткен. Быково ауылының тұрғындары өз бетінше жиналып, қасқырдың ізіне түсіп, көзін жойды", – деді аудан әкімдігі.



Жалғыз қасқыр болмауы мүмкін деген қауіппен 29 сәуірде Нижней Быково шағын ауданында тұратын 10 оқушы қашықтан оқыту форматына көшірілді.

"Жергілікті атқарушы билік, ветеринарлық қызмет пен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дереу әрекет етті. Тұрғындарға ауыр зардап, малға зиян келген жоқ. Арнайы іс-шаралар барысында қасқыр тістеп алған тұрғын мен жыртқыштан сынама алынып, сараптамаға жіберілді", – делінген хабарламада. 

Ведомство ауылдағы жағдай тұрақты екенін, балалар әдеттегідей оқып жатқанын мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында тұрғындар төрт түліктің қасқыр мен шибөріге жем болып жатқанын айтып, шағымданғаны туралы жазған едік. 

Талқылау