Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелде қалып қойған туристер Қазақстанға қаңтар айының соңына дейін қайтарылады

Қазіргі уақытта туристік агенттіктер арқылы шетелге демалысқа барып, сонда қалып қойған 96 Қазақстан азаматы бар, деп мәлімдеді "Туристік қамқор" қорындағылар. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

20 қаңтар күні Пхукет – Алматы рейсі ұшып келеді, осылайша 76 адам отанына оралады. 22 қаңтарда Мале – Алматы және Гоа – Алматы рейстерімен Қазақстанға тағы 20 турист келеді.

"Осылайша, туркод арқылы туристік фирмалардың қызмет көрсетуімен ұйымдасқан барлық турист 22 қаңтарда Қазақстанға қайтарылады", –  деп сендірді қордағылар.

Қордың мәліметінше, барлық туристер жатақханамен және тамақпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ олар әуе компанияларының ұшу кестесіне сәйкес жеткізіледі.



Тағы 44 туристтің ПТР сынамасы оң нәтиже берген. Оларды оқшаулау мерзімі аяқталғаннан кейін сақтандыру арқылы алып келеді.

"Қор атынан әуе компанияларына ПТР сынағының мерзімі өтіп кеткен қазақстандықтарды бортқа кіргізу туралы өтінішпен ресми хат жіберілді", – деді "Туристік қамқор" қоры.

Төтенше жағдай жарияланған кезде шетелде барлығы 7636 турист болған. 6-19 қаңтар аралығында елге 7540 адам қайтарылды.

Талқылау