Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орта Азиядағы ең терең шатқал Қазақстанда: Шымкент қаласындағы әрбір адам көруге тиіс 5 орын

Жол түсіп, Шымкент қаласына сапармен келсеңіз, қазақтың тарихымен біте қайнасып жатқан ежелгі қаланың түкпір-түкпірін аралап қана қоймай, ата-бабадан қалған "ізді" көзіңізбен көріп, іштей сезініп қайтасыз. Жүздеген жылдар бойы Шымкент түрлі тарихи оқиғалардың куәсі болып келді. Шын мәнінде бұл шаһарда саяхаттау эстетикалық ләззат сыйлайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Оңтүстік өңірдің топырағына табаны тиген әрбір турист ірі мегаполистің қандай жерлерін аралауы қажет? Аз уақыттың ішінде қай орындарды көзбен көріп, атмосферасын сезінуге болады? Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісі Kazakh Tourism АҚ ұйымдастырған пресс-тур аясында Шымкент қаласы мен Түркістан облысына арнайы саяхатынан үзінділер келтіреді. 

Бақша-қала, жасыл қала

Шымкент қаласының атауы парсы тілінен аударғанда “жайнап тұрған жасыл қала” деген мағынаны білдіреді. 1914 жылдан 1921 жылға дейін қала орыс армиясының генералының құрметіне Черняев деп аталып келді. Бұл атау Қазақстанның Ресейге қосылуының 50 жылдығына байланысты қойылған еді. Ал 1924 жылы қалаға Чимкент атауы беріліп, 1992 жылдың 8 қыркүйегінде Шымкент болып өзгертілді.

Бүгінде қаланың символы – қызғалдақ. Ежелде раушан гүлінің сабақтарын саудагерлер керуен арқылы Ұлы Жібек Жолы бойымен жеткізіп жүрген. Әлемде таралған мыңнан аса қызғалдақ сортының арғы тегі Оңтүстік Қазақстанда ғана өсетін қызғалдақтар болып саналады. 

“Шым Қала” ежелгі қалашығы – ашық аспан астындағы музей

Сапарыңыз осы жерден басталса, өкінбейсіз. Қаланың тарихы бастау алатын цитадель қаланың ортасында, тұрғын үйлер мен жайлардың арасында орналасқан. Археологиялық нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Қаланың жасы 2200 жыл десе, адам сенгісіз естілері анық. Алайда бұл – ресми дәлелденген дата әрі ЮНЕСКО протоколына енгізілген. Дәл осы қалашықта 2002-2003 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары жаңалықты ашуға себеп болады. Қала аумағында қазірдің өзінде археологиялық қазба жұмыстары тоқтамаған. 

Шымкентке келген соң ежелгі қалашықты өз көзіңізбен көруге тырысыңыз. Себебі ол – қаланың символы, жүрегі. Биік дөңде орналасқан қамалдан қаланың көрінісін анық көруге болады. Ал қамалдың өзі қаланың кез келген тұсынан менмұндалап тұрады.

 

Қамал орта ғасырда Сайрам қаласының қауіпсіздігін нығайту үшін салынған. Сайрам сол кезеңде Жібек жолының маңызды қаласы болып есептелген. 4 гектарға созылған қамал дуалдармен қоршалған, әскери базасы да болған.

Қаладағы жалғыз ашық аспан астындағы музейдің сыртқы қамалының дуалдары топографиялық карталар мен суреттер негізінде археологтар мен өңіртанушылар көмегімен қайта қалпына келтірілген.

 

Қаланы тұрғындар жаңа және ескі деп екіге бөледі. Біз айтып отырған қамал ескі қала аумағында орналасқан.

“Шахристан – қаланың негізі. Мұнда қамалдың ішінде қамал орналасқан. Моңғол шапқыншылығына дейін бұл орындарды қарахандықтар мекендеген. Олар шаруаға пысық болған екен. Деректерге сүйенсек, Шымкент, Сайрам, Түркістан, Отырар сияқты Ұлы Жібек жолы қалаларының тұрғындары 9-ғасырдан бастап еден жылыту жүйелерімен қамптамасыз етілген. Бір өкініштісі, шапқыншылықтан соң архитектураның дамуы 400 жыл кейінге шегерілді”, – деп түсіндірді жергілікті гид.

Территориясы бойынша Шымкент – республикадағы ең үлкен қала, салыстырмалы түрде Алматыдан екі есе үлкен, 1300 метр шақырымды алып жатыр. Қала тұрғындарының саны 1 млн 200 мың, ал агломерациясы 2 миллионға жетеді.

Шипалы су және халықтар бірлігінің символы  

Қаланың солтүстік жағында еліміздегі ең биік Бәйдібек би ескерткіші бар. Монумент 220 метр биіктікте орналасқан, ал ескерткіштің өзі 10 метрге жетеді. Бәйдібек би ескерткіші – қаладағы ең маңызды көрнекі орындардың бірі, оның астарында Қазақстан халықтарының бірлігі жатыр. Әдетте қала тұрғындары осында салтанатты мерекелер мен қуаныштарын бөлісуге келеді. 

Қаланың қақ ортасында Қошқар Ата өзені ағып жатыр. Бұл өзеннің суы шипалы, қасиетті саналады. Себебі бұл өңірдің алғашқы тұрғындары мұнда ұлттық ғұрыптарды орындап, намаз оқитын болған. Осы кезеңде Қошқар ата есімді емші халықты түрлі дерттен емдеген деседі. Ем-дом жасауда аталған өзеннің суын да қолданған екен. Ол кісі дүние салған соң оны су жағасында жерлеп, өзенге қарттың есімін берген. 

Бір қызығы, мұнда су температурасы қысы-жазы 11 градусты көрсетіп тұрады. Шипалы суды шымкенттіктер ғана емес, шетелдік азаматтар да арнайы іздеп келетін көрінеді. 

Ақсу каньоны – Орта Азиядағы ең терең шатқал

Ақсу каньоны – Батыс Тянь-Шань тауларында құрылған Қазақстанның ең көне қорығы Ақсу-Жабағылының ең көз тартарлық, назар аудартатын бөлігі. 

Шатқал ұзындығы шамамен 30 шақырым және тереңдігі 500 метрге дейін жетеді. Каньонның жоғарғы жиектері арасындағы қашықтық 700-800 метрден кем емес.

Кейбір жерлерде шатқалдың ені бір шақырымға дейін жетеді. Ал үстіңгі бөліктерінде шатқал ені өте жіңішке адам аяғы секіріп өте алатындай деңгейде, тіпті аяғыңыздың астынан судың ағып жатқанын көруге болады.

Мұнда қасқыр, түлкі, аю, тауешкілерді кездестіруге болады. Өсімдіктер әлемінен понтий доланасы мен арша, түркістандық қайың мен шаған өседі. Жергілікті арша – түбі шірімейтін өсімдік. Әдетте ол мың жыл өмір сүреді. Шөл далалы елдерде бұл ағаш судан құнды деп есептелген, ал қолөнерші қолданған арша алтынмен пара-пар бағаланған.

Ақсу шатқалында тау үңгірлерін жиі кездестіруге болады. Олардың тереңдігі 5 метрге жетеді. Ал кейбірі тіпті 10, 20 метр болады. Оларды мал ұстау мақсатында қолданған.

Шатқалдың терең жеріне түсу бағытында тартылыс күшімен тепе-теңдікті сақтап қалған тас орналасыпты. Мамандардың айтуынша, ол бұл жерде миллиондаған жыл қозғалмай тұр.

Бұл аймақ – Ақсу Жабағылы қорығының буфферлік аймағы (қорық пен фермерлік шаруашылық арасындағы территориясы).

“Кейбір келушілер бөренелерге жатып шомылады. Ауқымы үлкен болмағанмен, шатқал өте терең. Шарын шатқалынан асып түседі”, – дейді гид, тарихшы Ислам Калани.

Айтуынша, мұнда қоғамдық көлікпен де жетуге болады. Шатқалға, суға төмен қарай түсу тегін. Мұнда туристер наурыздың соңы мен қазанның ортасына дейін келе береді. Ал қысқы уақытта тек Мәдени атты ауылға дейін жетуге болады. 

Туристердің басым бөлігі – Шымкенттің жастары. Солтүстік, Орталық Қазақстаннан келетіндер көп. Шетелдіктер де аз емес. Мәселен, өзім бір ағылшын азаматын білемін, бізге арнайы кәуап жеу үшін келеді, шатқалды аралайды”, – дейді гид.

Сайрам-Өгем ұлттық паркі

Ұлттық парк Сайрам-су өзенінің жағалауында орналасқан. Мұнда демалушы жаяу тау бөктеріне көтеріліп, жергілікті ландшафттардың әдемі көрінісін тамашалап, көкке шығып, сейіл құра алады. 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Батыс Тянь-Шаньннің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ұлттық паркте сүтқоректілердің 59 түрі мекендесе, оның 10 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Орман ішінде еліктер, қар барысы мекендейді.  

Бұл мекен одан да бөлек ерекше қорғаудағы өсімдіктерге толы. Мысалы, гидтер арша ағашы туралы қызықты деректі әңгімелеп берді.

Аналық және аталық ағаш

Жіңішке келген арша ағашы “ер жынысты”, ал шарға ұқсас домаланып тұратыны аналығы, деп түсіндіреді жергілікті гид. 

Оның сөзіне қарағанда, екі түрлі жынысты ағаштар бір-біріне қарама-қарсы таудың бөктерінде өседі. Көктемде мамыр айында ұзынша келген аршада майда-майда жемістер пада болады, олар ақ сарғыш түсті ұрық шығарады. Желсіз ыстық күнде ағаштар қозғалып, “сілкінеді”. Содан соң ерекше иіс пайда болады. Осылайша, аталық арша аналығын тозаңдандырады екен.

Гидтің сөзінше, бұл аршаны аю қысқы ұйқыға кетердің алдында жеп, іш құрылысын тазартады. Мұнда ең жас аршаның өзіне 30 жыл болған.

Сайрам-судағы жұмбақ оқиға: Із-түссіз жоғалған альпинистер

Әрбір өңірдің жергілікті тұрғынына белгілі аңыз, әңгімесі не туристі таңғалдырар ғажайып оқиғасы болатыны сияқты Сайрам-судың да ішіне сақтаған құпиясы бар болып шықты. Бұл оқиға естіген құлаққа әсер етері анық, себебі көңіл құлазытар дерек қазақстандық альпинистердің өлімімен байланысты. Жаңалық өз уақытында барша Қазақстанды уайымдатқан, дүр сілкіндірген. 

1982 жылы Сайрам-су шатқалының Көптау атты шыңында қиындығы 2 Б болатын маршрут бойымен бет алған үш альпинист көз жұмып, тағы екеуі із-түссіз жоғалған. Бұл оқиға көпшілік үшін жұмбақ әрі мистика саналады, себебі жоғалған азаматтардың денесі, киім-кешектері, құрал-жабдықтары табылмаған. Ал іздестіру жұмыстары үш айдан он жылға созылған.

Оқиғаның анық-қанығын жергілікті альпинистер мен гидтер айтып берді. 

Қазір мұнда мемориал орнатылған. Ол осыдан 30 жыл бұрын оқу жаттығу жиналысы кезіндегі трагедияны еске алу мақсатында, альпинистердің есіміне құрмет ретінде тұрғызылған.

Қарағандылық альпинистер кәсіби мамандар еді, олар тау спортының қыр-сырын білетін, тәжірибесі мол болатын, дейді гидтердің бірі.

“Көптау шыңына апаратын жол бар. Құтқару операциясына қатысқан адамның айтуынша, альпинистерге ауа райының бұзылып жатқаны туралы хабар рация арқылы келген. Осы кезде олар артқа қайтуы тиіс болған. Алайда бір топ (қайғылы оқиғаға ұшыраған) бұл хабарды естіп, мән бермеді ме, әлде өз күштеріне сенді ме, не бұл жайттан мүлде бейхабар қалды ма, ол жағы белгісіз. Анығы, олар сол жақта қалуды шешкен”, – дейді альпинист, гид Тарас Моисей.

Дайындығы мықты, ірі денелі, мығым төрт жігіт пен бір әйел екінші дәрежелі альпинистер болған. 

Сол күні ауа температурасы бірден өзгеріп, жел соғып, жауын жауады, артынша қар борайды. Бір қызығы, бұл –  қыркүйек айында болған оқиға. Әдетте Шымкентте  бұл уақытта 35 градус жылы болып тұрады екен. 

Құтқару операциясына қатысқан дәрігердің сөзінше, топтың мүшесі А. Фортунаны Көптау шыңына шығып бара жатқан жолда тастың жанында бүгіліп тұрған қалпы тауып алған. Қатты соққан желден қорғанып, қатып қалған екен.

Альпинистердің денесі әртүрлі жерден табылады. Тағы екі адам – Серік Тяжин мен Теймур Маиловтың денесі әлі күнге дейін табылмаған. Ал олардың өлімі туралы нұсқалар әртүрлі. Негізгі нұсқа бойынша ауа температурасы бірден -20 градусқа түсіп кеткен дейді. Тау экстремалдарының қолында киім де жеткілікті болған, тамақтары да бар еді. Оларды тапқан кезде бүкіл денесі, ішкі ағзаларына дейін қатып қалған екен. Құтқару тобы бетон тәрізді қатып қалған адамдарды таудан алып түскен.

Кейінгі 10 жыл бойы денелері табылмаған екі альпинистің үміті үзілмеген туыстары оларды іздестіруді жалғастыра береді. Тіпті оқиға орнына экстрасенс мамандар шақырылыпты. Олардың қорытындысы бойынша, белгісіз физикалық құбылыс орын алып, екі адам эпицентрінде қалып қалған. Сөйтіп уақыт пен кеңістік арасында ауысып кеткен деген болжамды жария етеді.

Гидтер де дәл осы тау шыңында өзге әлемге портал ашылды деген нұсқаға сеніңкірегендей. Мұндай қорытындыға келуге альпинистердің ешқандай киім-кешегінің, заттарының, денелерінің табылмауы себеп болған. 

Шымкент пен Түркістан облысының осындай қырлары барын біліп пе едіңіз? Шығыс пен Батыс түйісетін, 2200 жылдық тарих пен заманауи леп үндескен өңірге келуге себеп керек емес! Себебі Қазақстанда саяхаттау арқылы отандық экономиканың дамуына инвестиция жасаймыз. 

Бес мың шақырым жерде орналасқан Мысыр пирамидалары әлемнің жеті кереметі шығар, ал іргемізде тұрған Шымкент қаласының біз көрген көрікті жерлері көне тарихымыздан сыр шертеді. Бұл тарихи мекендерге елдің азаматтары ғана емес, шетелдік туристер көптеп келеді екен. Шымкент қаласындағы тарихи орындарды аралап, тынысыңызды кеңейтіп қайту үшін қыруар қаржы да қажет емес.

Айта кетсек, еліміздің осындай көрікті жерлерін қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге дәріптеуде Kazakh Tourism жемісті жұмыстар жүргізіп келеді. Елдің халықаралық және ішкі нарықтағы брендін қалыптастыру ұйымның негізгі мақсатына айналған. 

 

Талқылау