Сенат Конституцияның 30 жылдығына орай сотталғандарға рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады
Фото: freepik.com
19 маусымда сенат депутаттары "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Мұрат Қадырбектің мәлімдеуінше, заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген.
"Заңның мақсаты – Конституцияның 30 жылдығына орай қоғамда қылмыстық-құқықтық сипаттағы бір реттік гуманизм актісін жүргізу арқылы рақымшылық жасау", – деді депутат.
Заңға сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан:
- қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар;
- залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар;
- залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады.
Алайда, депутаттың айтуынша, рақымшылық шаралары сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағанның 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар; өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған және заңда нақты қарастырылған басқа да қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Абзал Құспан рақымшылыққа 15 мың адам ілігетінін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылыққа бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам ілігеді. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
