Freedom Bank-тен кешбэк алып жүрген қазақстандықтар декларация тапсыруға міндеттеледі
Фото: Stan.kz
Freedom Bank-тен кешбэк алған қазақстандықтар 270 декларациясын тапсыруы керек. Желі қолданушылар осылай деп, алаңдаушылық білдірді. Біразы бұл туралы енді естіп отырғанын айтады. Stan.kz ақпарат агенттігі бұл жөнінде банктің өзінен сұрап, декларацияны қалай тапсыруға болатынын анықтап көрді.
Желі қолданушыларының жазбасына қарасақ, біраз клиент бұл туралы білмеген.
"Сізде Freedom Bank-тің картасы болса және сіз сол арқылы кешбэк алсаңыз, декларация тапсыруыңыз керек екен. 15 қыркүйекке дейін. Мен мұны білген жоқпын, ал Салық комитеті білген", – деп жазды желі қолданушысы.
Банктің клиенттері операторға хабарласып, 2024 жылғы кешбэктер үшін биыл 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыру қажет екенін анықтаған.
"Freedom Bank-тен кешбэк алсаңыз, ол Freedom валютасы болып, дәлірек айтқанда акция болып есептеледі. Енді 2024 жылы кешбэк алғандардың барлығы 15 қыркүйекке дейін салық декларациясын тапсыруы керек. Осындай жағдайда Freedom қарапайым халыққа осы туралы ескертпейтініне таңғаламын. Енді мен оны қалай тапсыру керек екенін анықтауға мәжбүрмін", – деп жазды тағы бір қолданушы.
"Freedom валютасы құнды қағаз болғандықтан декларация тапсыруға міндеттісіз”
Дегенмен Freedom Bank-тің ресми сайтында да, мобильді қолданбасында да "Freedom валютасы — құнды қағаз, сондықтан ол бойынша салық декларациясын тапсыруға міндеттісіз" деп ескертілген.
Желідегі алаңдаушылыққа орай анық-қанығын Freedom Bank өкілдерінен сұрап білдік.
"Freedom инвестициялық валютасы – AIX (Астана халықаралық биржасы) арқылы сатылатын және АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) заңы бойынша тіркелген ETN биржалық нотасы. Бұл қаржы құралы АХҚО заңнамасы бойынша бағалы қағаз болып саналады және кез келген басқа бағалы қағаздар сияқты декларациялануға жатады", – делінген Freedom Bank-тің баспасөз қызметінің жауабында.
Декларацияны банк қолданбасында тапсыруға болады
Cонымен қатар банк Салық декларациясын қалай тапсыруға болатынын да түсіндірді. Банк клиенттері декларацияны Freedom SuperApp арқылы онлайн тапсыра алады.
“15 қыркүйекке дейін Freedom SuperApp-та салық декларациясын электронды түрде тапсыру функциясы қолжетімді болады. Ол кірістерді автоматты түрде есептеп, барлық қажет нысандарды дайындайды. Бұл қызмет клиенттерімізге сыртқы сервистерге жүгінбей, процесті барынша ыңғайлы түрде өтуге мүмкіндік береді. Freedom Bank қарапайым және ыңғайлы форматта жаңа талаптарды қанағаттандыру үшін қажет цифрлық шешімдерді уақытылы енгізуді қамтамасыз ете отырып, заңнаманың сақталуына және клиенттердің жайлылығына ерекше көңіл бөледі”, – деп түсіндірді Freedom Bank.
Салық кодексіне сәйкес, активтері мен міндеттемелері, оның ішінде бағалы қағаздары бар Қазақстанның барлық азаматы – жеке тұлғалар 250.00 – "Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны" тапсыруға міндетті. Ал 270 нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация 250 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларациядан кейін тапсырылады.
Активтер мен міндеттемелер, сонымен қатар кірістер туралы декларацияны қалай тапсыру керек?
1) қағаз нұсқада ұсынылған жағдайда – есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей (2025 жылғы 15 шілдеге дейін);
2) электронды түрде ұсынылған жағдайда – есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей (2025 жылғы 15 қыркүйекке дейін) ұсынады.
Декларацияны "Электронды үкімет" порталындағы "Салық төлеушінің кабинеті арқылы , eSalyq Аzamat қолданбасымен, eGov mobile, Halyk bank, Kaspi bank мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Егер декларацияны тапсырып, онда қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып кетсеңіз, қосымша декларация тапсыруға мүмкіндік бар. Келесі үш жылда өзгерістер енгізуге жол беріледі.
Декларацияда не көрсетілуі керек?
- Елден тыс жерде тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүлік;
- Құнды қағаздар;
- Шетел банктеріндегі шоттарда 1 мың АЕК-тен (3 692 000 теңге) асатын сома;
- Құйылған таза алтындар;
- Авторлық құқықтар;
- Құны 1 мың АЕК-тен асатын өзге де мүліктер
- Қолма-қол ақша 10 мың АЕК-тен асса, көрсету керек.
- нотариус куәландырған дебиторлық және кредиторлық қарыздар.
Декларацияны тапсырмаса не болады?
Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет-ескерту, ал екінші рет салық салушылар декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК (58 980 теңге), бұдан басқа, салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының екі жүз пайызы мөлшерінде және егер мұндай бұзушылық қайталанса, үш жүз пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген.
Қазақстаннан тыс жерде меншік құқығында мүліктің болуы туралы ақпаратты жасырған, сонымен қатар Қазақстаннан тыс орналасқан шетелдік банктерде ақшасы бар жеке тұлғалар 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
