Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)

Фото: Мedina_akimatovskaya-ның желідегі парақшасынан

Әлеуметтік желіде medina_akimatovskaya есімді ару парақшасында қоғамдық автобуста белгісіз ер адам оның сыртқы келбетіне қатысты орынсыз ескерту жасағанын жазды. Ер адамға қыздың мойнындағы татуировкасы ұнамай қалған екен. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі бөтен адамның басқа адамға түр-әлпетіне қатысты сынауы дұрыс па және заң тұрғысынан қандай жауапқа тартуға болатынын сұрап көрді. 

Ер адам өз пікірін қатты айтып, қызға тиісе бастаған.

"Мына татуировка ұнамай тұр. Бәрі сенен қорқып кеткен сияқты. Ұят екен, шошып кеттім. Түрің түрмеден шыққан адам сияқты. Кімге керек бұл? Елуге келгенде өкінесің, кейін тәубеңе келесің", – деді ер адам.

Бұған жауап ретінде қыз "Бұл менің татуым, бұл жай ғана сурет. Бұл сізге арналмаған. 50 жасқа келгенде сіз бұл өмірде болмауыңыз мүмкін" деп сабырмен жауап қайтарған.

Жазба авторы бұл оқиғаны баяндап, көпшіліктен мынадай сұрақ қояды.

"Ұят автобустарға да жетті. Сіз қалай ойлайсыз? Күндіз жұрттың көзінше бейтаныс адамға сырт келбетіне байланысты ескерту айту қалыпты ма? Адамдардың татуировкасына, шашының түсіне немесе киіміне араласу қаншалықты орынды?" – деп жазды ару.

Осы ретте заңгер Дильназ Мухамедова адамның сырт келбетіне байланысты қоғамдық көлікте ескерту жасауға ешкімнің құқығы жоқ екенін айтады. 

"Қоғамдық көлікте қыздың сырт келбетіне қатысты ескерту айтқан ер адамның әрекеті дұрыс емес, заңсыз. Әр адамның қалай көрінетінін өзі шешеді: шашының түсі, киімі, татуировкасы бәрі оның жеке ісі. Басқаларға бұл ұнамай жатса да, оны бетіне айтып, сынауға ешкімнің хақысы жоқ. Қазақстан Конституциясында адамның жеке өміріне қол сұғуға болмайтыны нақты жазылған. Яғни, адамның сырт келбеті оның жеке өмірінің бір бөлігі. Оған қатысты орынсыз пікір айту моральдық қысым мен қорлауға жатады. Ал бұл үшін заң алдында жауапқа тартуға болады", – деді заңгер Дильназ Мухамедова.

Заңгер мұндай ескертулер біреудің ар-намысына тисе, шағымдануға болатынын айтты.

"Участкелік полиция инспекторына немесе полиция бөліміне арыз түсіре аласыз. Қылмыстық кодекстің 131-бабына (Қорлау) бабы бойынша арыздана аласыз. Егер адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау фактісі дәлелденсе, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы бұл шамамен 730 000 теңге) айыппұл салынады. Қоғамдық жұмыстарға тартылады (180 сағатқа дейін), түзеу жұмыстары 1 жылға дейін немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады (егер әрекет ерекше өрескел болса және басқа баптармен қосарланса)" – деді заңгер Дильназ Мухамедова.

Дильназ Мухамедова жәбірленуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабына сілтеме жасап арыз беруге болатынын атап өтті.

"Қылмыстық деңгейге жетпеген, бірақ адамның намысына тиетін, дөрекі сөздер айтылған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 18 250 теңге) айыппұл салынады. Бұдан бөлек 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа отыруы мүмкін. Егер бұл әрекет қайталап жасалса айып мөлшері және қамақ мерзімі өседі. Азаматтық кодекстің 143-бабы бойынша ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап қоюға да құқығыңыз бар. Мұндай жағдайда заң аясында қандай әрекет жасауға болады? Тыныштықты бұзбай, ескерту жасаған адамның әрекетін видеоға түсіріңіз. Полицияға шағымды барып немесе e-otinish арқылы онлайн беріңіз. Егер қорлау немесе кемсіту нақты дәлелденсе құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз. Сонымен қатар азаматтық талап арыз беріп, моральдық зиянды өтеу туралы шағымданыңыз", – деді заңгер.

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 18:02
Талқылау