Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Самұрық-Қазына” Алматы тұрғындарын таза энергиямен қамтамасыз етеді: Қаладағы ЖЭО-2 жұмыстары 2026 жылы толық аяқталмақ

Алматы жұртшылығы 2026 жылы толықтай газ электр станциясымен жылытылатын өңір қатарына қосылады. Осылайша, энергия көзінің алмасуы ауа тазалығына да оң әсерін береді. "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов мегополистегі ЖЭО-2 құрылысы жұмыстарымен танысу кезінде осыған тоқталды. Ол іс кесте бойынша жүріп жатқанын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: "Самұрық-Қазына" АҚ баспасөз қызметі

"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Алматыдағы газға ауысуды жоспарлап отырған ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ке барды. Журналистермен кездесу барысында ол бірнеше жылға жоспарланған іс өз кестесінен жаңылмағанын тілге тиек етті. Әрі бұл станциялар іс жүзінде жұмыс істеп тұрған көмір зауыттарының жанынан салынуда. Алдағы уақытта дәл осы газ электр станциялары іске қосылған соң бұған дейінгі жұмыс істеген көмір зауыттары пайдаланудан шығарылмақ. 

“Туған қаламыздың ауасы күннен-күнге ластанып бара жатқаны жанға батады. Әрине, бұл мәселені барынша тез шешу керек екенін түсінеміз. Сол себепті қаладағы көмірмен жұмыс істеп тұрған станция жанынан газ электр станциясын салу көзделді. Әріптестерім ЖЭО-2 құрылысы кестеден жаңылмағанын айтты. 2026 жылы толық іске қосылады. Мұндай жобаны энергетика, газ компаниялары және электр желілері бойынша операторы бар "Самұрық-Қазына" сияқты ірі холдинг қана жүзеге асыра алады. Бүкіл қала бұл жобаны асыға күтетініне сенімдімін", – деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар қор басшысы Алматы облысында орналасқан ЖЭО-3-ке байланысты бірқатар маңызды мәселені айтты. Ол облыс әкімдігімен кездесіп, нақты ортақ келісімдер жасалғанына да тоқталды. 

“Қазіргі таңда ЖЭО-3-ті газға көшіру үшін тендер арқылы мердігер компания таңдалып жатыр. Өз кезегінде әкімдік газ тарту үшін жердің мақсатын өзгерту бойынша жұмысты атқаруы тиіс. Содан кейін газ құбыры тартылмақ. Бұл жұмысты Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға көшірумен бірге қатар жүргізу қажет", – деді қор басшысы.

Сонымен қатар, Нұрлан Жақыпов соңғы жылдары Алматының электр желілерін дамыту үшін көп жұмыс жасалғанын да айтты. Осы мақсатта қалада 38 қосалқы станция мен электр желілері салынған. Бұл KEGOC тірек қосалқы станциялары мен "АЖК" тораптық қосалқы станцияларын біріктіріп, қаланың айналасында сақина құруға мүмкіндік берді.

“Жаңа электр станцияларын салу - өте ауқымды және қымбат жоба. Осыған байланысты Қор әлемнің түкпір-түкпірінен инвестициялар тартуда, өйткені жаңа энергия қуаты "Самұрық-Қазынаның" негізі жобаларының маңызды бөлігін құрайды. "Самұрық-Қазына" тобы экономиканы жанама түрде жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаржымен субсидиялайды. Бұл біздің портфельдік компаниялардың өзіндік құннан төмен шығынға ұшырайтын немесе нарықтық құннан төмен қызметтер сатылатын сомасы екені белгілі. Яғни топ жыл сайын 1 трлн теңгеден артық ақша алмайды және осылайша жанама түрде экономиканы субсидиялайды”, – деп толықтырды менеджер.

Фото: "Самұрық-Қазына" АҚ баспасөз қызметі

Анықтама:

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, 2026 жылға дейін жүргізілетін болады. Оның ТЭН бойынша құны – 324,1 млрд теңге. Қаржыландыру жолы: меншікті қаражат – 9%, қор қаражаты – 11%, қарыз қаражаты – 80%. БНАЖ - келісімшартты екінші тоқсанда жасау жоспарланды.

Станцияның қуатын 450 МВт-қа дейін арттыра отырып, ПМУ базасында Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңарту 2025 жылға дейін жоспарланған. Оның ТЭН бойынша құны –  272,9 млрд. Қаржыландыру схемасы: Ішкі қарыз-20%, Қарыз қаражаты – 80%. БНАЖ келісімшартын жасасу 2023 жылдың шілдесінде жоспарланып отыр.

Талқылау