Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ринат Зайытов: Миллионерлер бар, әйелі бір жақта ойнас, күйеуі бір жақта ойнас

Айтыскер, “Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов мемлекеттік қызметке келгеннен кейін алғаш рет сұхбат берді. Айтыскер қызметті қалай атқарып жүргенін айтады. Одан бөлек ЛГБТ өкілдері, феминизм, вакцина секілді өзекті тақырыптарда сөз қозғады. 

Ринат Зайытов

Бұл туралы 31 арнаға берген сұхбатында айтты. 

Ринат Зайытов қазіргі қызметін жеке өзі сұранып келмегенін айтады. Алайда өз ортасында мемлекеттік қызметке келуге дайын екенін әрдайым айтып отырған. Бүгінге дейін қызметке байланысты жоғары шенеуніктер өкілімен келіспеушілік болған емес. Дегемен, өзі ұнатпайтын жұмысты істеуге бұйырса, қызметтен кетуге дайын.

“Мен жұмыссыз жүрген уақытта айтып жүрдім. Достарыма, өз ортама, айналама қандай да бір мен істей алатын жұмыс болса, баруға дайынмын дедім. Кей достарым мені мазақ қылады. Мемлекеттік қызмет қалай екен деп тиіседі. Әлі ешқандай жоғары жақпен келіспеушілік болған жоқ. Бірақ мен қызметке жабысып отырған жоқпын. Егер менен маған ұнамайтын тапсырманы талап етсе, мен орнымнан кетуге дайынмын”, – деді айтыскер. 

Айтыскер елде ЛГБТ өкілдерінің еркін шеруге шығып, қоғамда өзін жарнамалап жатқандарға наразы. 

“Бізде ЛГБТ өкілдерінің қолдаушыларының көптігі сонша олар қалағанын жасап жүр. Егер біз шеруге шықсақ, бізді қамап тастайды. Көп балалы аналарды естімейді. Қазақ тілі үшін шыққан жатарды қамап тастайды. Ал ЛГБТ өкілдері еркін жүреді. Неге тең құқық жоқ? Не себепті оларға рұқсат бар? Астанада үлкен оқу орнында 6-7 ЛГБТ мүшесі жұмыс істейді. Олар не тәрбие беріп отыр? Оны ешкім қадағалап жатқан жоқ. Қазақ оларды басып тастауға дайын. Бірақ оған рұқсат бермейді. Оларға қарсы шығу туралы хадисте де айтылған. Олар ұрпақтың болашағына балта шауып жатыр. Жаратылысқа қарсы шығып жатыр. Бізді өлтіріп жатыр. Ал бізге қарсылық жасауға болмайды”, – деді Зайытов.

Айтыскер отбасындағы ер мен әйелдің жанжалдары туралы сөз етті. 



“Бұл мемлекеттік деңгейге көтеретін мәселе емес. Бұл отбасылық мәселе. Егер әр әйелдің, әр күйеудің, бала-шағаның мәселесін мемлекет шешетін болса, былық болады. Әр отбасының өз проблемасы, өз мәселесі бар. Егер күйеуі ұрса, әйелі арыз жазсын. Оны заң қорғап тұр. Әйелдері арыз жазбағандықтан ерлеріне ешқандай жаза қолданбайды. Бізде феминизмді насихаттайды. Ажырасуды насихаттайды. Бірақ мәселенің қайдан шығып жатқанын насихаттамайды. Ер мен әйелдің рөлі, әйелдің міндеттері, еркектің міндеттері айтылмайды. Бұл тәрбиеден басталған мәселе. Идеологияның дұрыс жүрмеу салдары. Дәретханаға бала тастай сала алады, ата-енеден кете салады. Ұлымен бөлек шыға алады. Бәрін істей алады да, күйеуіне арыз жаза алмайды. Неге? Болмайтын нәрсені үлкен проблема етіп көрсетеді. Небір бақытты отбасылар бар, жағдайы жақсы болмаса да бақытты. Небір миллионерлер бар, әйелі бір жақта ойнас, күйеуі бір жақта ойнас жасап жүрген. Бақыт ол баршылықпен өлшенбейді”, – деді ол. 

Ninety one тобына қатысты Ринаттың пікірі өзгерді ме?

“Ninety one тобы туралы ойламаймын да. Пікір өзгерді деп айта алмаймын. Оларды жастар тілінде ән айтып жүр деп ақтауға болмайды. Бізде жастар тілі деген жоқ. Бізде қазақ тілі ғана бар. Олардың сөз құраулары да дұрыс емес. Сөйлемдері де дұрыс емес. Қазақттың ұлттың әндерін де әшекейлеп, халықаралық жарыстарға жіберуге болады. Ол үшін жаңалық ашудың керегі жоқ. Ол үшін миллиардтаған ақшаның керегі жоқ. Ол үшін аз ғана қолдау мен киім берсін, сахнадан қақпайламасын. Дәстүрлі әншілерді не себепті жарыстарға шақырмайды? Себебі оларға қандай да бір шектеу бар”, – деді Зайытов. 

Талқылау