Тоқаевтың газетке берген сұхбаты: Еліміздің зиялы қауым мүшелері не дейді?
Президенттің Қасым-Жомарт Тоқаев жақында "Ана тілі" газетіне берген сұхбаты жария болған еді. Осы орайда еліміздің зиялы қауым өкілдері мемлекет басшысының айтқандары жайлы не дейді? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еске салайық, бұған дейін еліміздің президенті бірқатар нақты ұсыныстарды атап өткен болатын. Өз сөзінде ол орыс тілінің мәртебесін шектемеу керек екенін айтып, жастарды той қуалауға емес, ой қуалауға шақырған еді.
Мемлекет басшысының айтқан сөздері жайлы бірқатар ел азаматтары пікір білдірді.
"Халық үнін естуші мемлекет бола тұрып халықтың тіл жөніндегі жанайқайын естімеу мемлекет басшысының өзіне сын болар еді. Осы сұхбаттың соңы іске айналғай дегіміз келеді. Шынында да қазақ тілінің Қазақстандағы жағдайы мүшкіл. Оны біз шешуіміз керек. Бұдан әрі оны созуға болмайды", - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай.
ҚР жазушылар одағының төрағасы шенеуніктердің өзі қазақ тілінде таза сөйлеуі керек дейді.
"Мемлекеттік қызметте жүрген көптеген жастар өзінің ана тілінде шорқақ. Мемлекеттік қызметке алынған адам мемлекеттік тілді білуі міндетті. Президент дәл осы ойды айтпағанымен осыған негіз салып беріп тұр. Бұрын мемлекет бізге тілдің мәселесін саясиландырмаңдар деп айтып келген. Ал енді президенттің сұхбатында тілдің мәселесіне саяси тұрғыдан баға беру керек", - дейді ҚР жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет.
Сенат депутаты жұмыс жетіспеушілігі жайлы сөз қозғады.
"Коронавирус індетіне байланысты біздің мемлекетімізге сырттан келетін жұмыс күші азайды. Қазір көптеген құрылыс нысандарына, ауыл шаруашылығына жұмысшылар Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін. Жұмыс күші бізде жоқ болатын. Біз сайлау алдында жұмыскерлермен сөйлескен кезде жұмыс күші жетіспейді деп айтып жатады. Ал біздің жұмысшы азаматтарымыз қайда? Біз жыл сайын қаншама стипендия бөліп оларды оқытамыз. ", - деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Президентпен сұқбаттасқан газеттің бас редакторы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бұл сұхбаты арқылы халыққа үндеу жасады дейді.
"Тәуелсіздікті қорғау деген ұғымды алып қарағанда біздің телебағдарламалардың сапасын, ұлттық бағдарламаларды молайтуды тапсырды. Қиын-қыстау кезінде, еңбектеген балада еңкейген қартқа дейін үрей құшағында қалған кезінде президент осылай бір халыққа үндеуін жариялады. Осы сұхбаты арқылы мемлекет басшысы ұлттық, тілдік, рухани концпецияларды атап көрсетіп, Қазақстанның зиялы қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді", - дейді "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімхан.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаевтың коронавируспен күресудің жаңа шараларын ұсынатыны айтылған еді.