Плакат ұстап пикетке шыққан: Журналист Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамауға алынды
Сот журналист Әсем Жәпішеваны 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Журналист Әсем Жәпішева 20 қаңтар күні Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап жалғыз пикетке шыққан.
Бірнеше минут ішінде журналисті полиция ұстап алып кетті. Журналиске "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.
Ал Жәпішеваның өзі сот шешіміне келіспейді. Журналситің адвокаты Ғалым Нұрпейісов апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 19 қаңтарда Алматыдағы "Art of her" көркем басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Рус Бикетов те Qaznews24 сатиралық басылымының авторы Темірлан Еңсебектің ұсталуына қарсы жеке пикетке шыққан еді. Арадан бес минут өтпей жатып, полиция жігітті де ұстап әкеткен.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соты Бикетовті бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот процесі онлайн режимде өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебектің ұсталғаны туралы жазған едік. Ол Алматы сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.