Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пандемия мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді": Аймағамбетов ұстаздарға құттықтау жолдады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарды мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еліміздің бас ұстазы мерекеге орай Facebook-те жазба қалдырды. 

"Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын. Себебі экономиканың, мәдениет пен тұтастай қоғамның дамуы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесіне тікелей байланысты. Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді", - деп жазады Аймағамбетов.

Министр мемлекет әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін аса жоғары бағалайтынын алға тартты.

"Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды. Заңдағы нормалардың мүлтіксіз іске асырылуы қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы да айтарлықтай артты. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақының мөлшері де екі есе өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін төленетін қосымша ақы да лауазымдық жалақысының 30-50%-ы мөлшерінде белгіленіп отыр. Магистр дәрежесі бар мұғалімдерге ай сайын 27 мың көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Алғаш рет білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарларына да басқарушылық шеберлігі үшін лауазымдық жалақысының 30-дан 100 %-ға дейін қосымша ақы бекітілді", - деп қосты шенеунік.

Айтуынша, мұғалім мамандығында уақыт талабынан қорықпайтын, өз шәкірттеріне үлгі бола білетін адамдар ғана жұмыс істейді.

"Коронавирус пандемиясы уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, осындай кезеңде көшбасшылық қасиетке ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осынау күрделі кезең мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді. Баршаңызға осы қиын міндетті абыроймен атқарып жатқандарыңыз үшін және қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біз мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға, осы мамандыққа ең лайықты түлектерді тартуға бағытталған жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз", - деді Аймағамбетов.

STAN.KZ
Жексенбі, 04 Қазан, 2020 12:56
Талқылау