Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзге ағымның сенімі": Дін мамандары желіде тараған сәуір жаңбырының пайдасы туралы ақпаратты жоққа шығарды

Әлеуметтік желді жыл сайын сәуір айында сәуір жаңбырының пайдасы туралы ақпарат тарайды. Сәуір айында жауған жауын суы түрлі дертке шипа екені айтылады. Алайда дін мамандары мұның қате ақпарат екенін айтып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Сулардың ішіндегі ең таза су – сәуір жаңбыры. Сәуір жаңбырында суланған киім шірімейді, шаштар төгілмейді, әсіресе, оқылған сәуір жаңбыры Алланың рұқсатымен қояншық ауруына шипа болады, психологиялық ауруларға дауа, тән ауруларына қарсы көп пайдалы. Тіпті баласы болмай жүргендер ішсе, Алланың рұқсатымен балалы болатыны айтылған. 

"Баласы болмаған ер осы судан әйеліне ішкізсе Алланың рұқсатымен әйелі жүкті болады. Басы ауырған әйелі болған ер әйеліне осы судан ішкізсе, осы су (оның жазылуы үшін) жеткілікті. Ішкен кісінің қақырығын кетіреді. Жел оған зиян бермейді. Жаман жағдайлар оған жоламайды. Бел ауруынан, қарын ауруынан еш арызы қалмайды. Алапес ауруынан қорықпайды, көкірек ауырына душар болмайды, жүрегіне келген уәсуәсә шығып кетеді. Менмендік, қызғаншақтық, тәкәппарлық, дұшпандық, ғайбат, сөз тасушылық (сияқты рухани аурулардың барлығы) дүниедегі барлық өткінші болғандар үшін Алла Тағаланың рұқсатымен пайдалы болады». Сәуір жаңбырының жиналатын күндері Руми күнтізбесі бойынша Сәуір айының 7-нен бастап, ай соңына дейін жалғасады", - делінген ақпаратта.

Сәуір жаңбырына Құран сүрелерін оқып дұға етілетінін ескертілген. Оны аузы дуалы, Құран білетін адамдарға оқытып алудың дұрысты айтылған. 

Бұл ақпарат ислам дінінде қаншалықты шындыққа жанасады? Сәуір айында жауған жауынның адамзатқа пайдасы бары рас па? Бұл туралы дін мамандарынан аз-кем сұрап көрген едік. 

Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Тамирлан Дарханұлы ислам ілімінде бұндай ақпараттың жоқ екенін айтады. 

"Ислам діні нің негізгі қайнар көздерінде (әдебиеттерінде) бұндай мәлімет кездеспейді. Сондай-ақ, әуелгі мұсылмандардың бұны жасағаны жайында қандай бір дерек жоқ. Көпшілік мұсылман халықтарында мұндай дәстүр де қолданбауда. Сондықтан мұсылман адам мұндай нәрселерге сене бермеу керек", - деді Тамирлан Дарханұлы Stan.kz ақпарат агенттігіне берген жабауында.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы пәтуә және шариғат бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі бұл түсініктің Иран елінен тараған шииттер ағымы өкілдеріне тән екенін айтты. 

"Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көктемнің алғашқы жаңбырына кеудесін жалаңаштап тосқаны туралы деректер бар. Алайда сәуір жаңбырының пайдасы туралы ақпарат жоқ. Бұл түсінік шииттер ағымынан тараған деседі. Алайда оған сенудің қажеті жоқ", - деді Бауыржан Әбдуәлі.

Дерек көздеріне сүйенсек, шииттер - Мұхаммед пайғамбардың өлімінен кейін пайда болған ағым. Шииттер (шиғалар) Әли ибн Әбу Талибті Пайғамбардан кейінгі билікке ең лайықты адам санап, алғашқы халифтер болған Әбу Бәкір мен Омарды зұлымдық жасады деп айыптайды. Олардың көзқарасы бойынша Әли және оның ұрпағы қателерден сақталған, олардың сөздері шариғат саналады. Олар көптеген сахабаларды Мұхаммед пайғамбардан кейін Ислам дінінен қайтқан кәпір санап, сондықтан Сүннеттен жеткен хадистерді мойындамайды. Осыған қоса олар Құран Кәрім өзгертілген санайды, оның дұрыс нұсқасы Әлиде болды деп ойлайды. 

Шииттер өз талдауына имамдардың айтқандарын қосады. Шииттік Исламда имам тек намазға жетекшілік етуші ғана емес, сонымен қатар әулиелік білім мен даусыз бедел иесі болады. 

Талқылау