Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақыларын 10 жылдан бері ала алмай жүр: Астанада алданған құрылысшылар полицейлердің қоқан-лоқысына шағымданды

Астанада құрылыс компаниясы жұмысшыларына жалақы төлемей келген. Тұрғын үй кешеніне бұрын қоныстанған, алайда құрылысшылар еңбекақыларын 10 жылдан бері ала алмаған. Олар тағы да полицияға шағымданған, бірақ арыздары қабылданбапты. Сөздерінше, тәртіп сақшылары жағдайды түсіндірудің орнына қоқан-лоқы көрсеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

құрылысшылар

Еліміздің әр аймағында тұратын жұмысшылар мәселені шешу үшін қайта Астанаға жиналған. 10 жыл бұрын олар бірге көпқабатты тұрғын үйді салған. Алайда жұмыс аяқталған соң еңбекақыларын ала алмай кеткен. Сот шешімі де көмектеспепті, себебі құрылыс компаниясының есепшотында қаржы жоқ екені анықталған. Ішкі істер министрінің атына ұжымдық арыз жазған олар ведомствоның арызды Байқоңыр аудандық басқармаға жолдағанын айтады. 

"Талғат есімді анықтаушы полиция майоры шықты. Көшеде барлығымыздың ішке кіретінімізді, анықтаушы полицейлердің дайын екенін айтты. Кабинетіне ертіп апарды, біз кезекші прокурорды шақыруды талап еттік. Бірақ ол келгенімен, арызды қабылдаудан бас тартты. Ал заң жүзінде қабылдауға міндетті. Бізге қылмыс құрамының жоқ екенін айтты", – деді заңгер және жұмысшылардың өкілі Сембай Ысқақов. 

Арыз сол күйі қабылданбай қалған. Сондай-ақ құқық қорғаушының сөзінше, тәртіп сақшысы шындықты анықтау тым қымбатқа түсетінін айтыпты. 

"Жұмысшылар БАҚ өкілдеріне шағымданамыз деген, алайда ол өздеріңе жаман болады деді. Оның үстіне мән-жайды түсіндірген жоқ. Жігіттер ненің жаман болатынын сұрап еді, жауап болмады", – деп қосты Сембай Ысқақов.

Алданған құрылысшылар арыздарының неліктен қабылданбағаны жөнінде ресми түсініктеме ала алмағандарын мәлімдеді. Ал Астаналық полицейлер мұндай іспен шұғылданбайтындарын айтып, қысқа қайырған. 

"Азаматтық кодекстің 151-бабына сәйкес, аталған келісім азаматтық сотқа жүгіну арқылы реттеледі", – деді Астана полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі. 

Ұсыныспен келіспеген жағдайда аудандық прокуратураға немесе сотқа шағымдануға болады. 

Талқылау