Өзбекстан боксшысы, Олимпиада чемпионы Лазизбек Муллажонов допинг дауына ілікті
Фото: Википедия
2024 жылғы Олимпиада жеңімпазы, өзбекстандық былғары қолғап шебері Лазизбек Муллажонов тыйым салынған зат қолданды деген күдікке ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл ақпаратты Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) ресми түрде мәлімдеді.
2025 жылдың 11 маусымында жарыстан тыс кезеңде алынған допинг сынамасының нәтижесінде оның ағзасынан метастерон метаболиттері табылған. Бұл – анаболикалық андрогендік стероидтарға жататын және WADA тыйым салған S1.1 тобына енгізілген препарат. Мұндай заттарды қолдануға жарыс кезінде де, жаттығу уақытында да рұқсат етілмейді.
Метастерон — синтетикалық стероид, ол бұлшықет массасының жылдам ұлғаюына, күш пен төзімділіктің артуына әсер етеді.
Муллажоновқа сынаманың нәтижелері туралы хабар беріліп, оған B сынамасын қайта сараптаудан өткізу құқығы ұсынылған. Егер екінші сынама да сол нәтижені көрсетсе немесе спортшы тексеруден бас тартса, бұл автоматты түрде допинг ережесінің бұзылуы ретінде есептеледі. Боксшыға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беріледі.
Айта кетейік, Лазизбек Муллажонов алғашқы ауыр салмақта өнер көрсетеді. Өзбек боксшысы 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында Қамшыбек Қоңқабаевты жеңсе, 2023 жылдың тамызында Нұрсұлтан Аманжоловты алғашқы раундта нокаутпен ұтқан болатын.

"Көрісу" "Жілік шағу", "Тыштыма", "Ішек тарту": Қазақта неге кей дәстүрлер тек белгілі бір аймақта ғана сақталған?
