Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасында әйелдің құқығы көп, үй шаруасын бірге жасайды": Германияға көшіп кеткен жерлесіміз алғашқы әсерімен бөлісті

Германияға бір жыл бұрын көшкен Алматы тұрғыны Алевтина (аты-жөнін толық көрсетуді қаламады - ред.) өзінің жаңа өмірі туралы ақпаратпен бөлісті. Әлемнің дамыған елдерінің көшін бастап тұрса да, Германияға үйренісу жерлесіміз үшін оңайға соқпапты. Еуропалық мемлекетте өмір сүрудің артқшылықтары мен кемшіліктері туралы Stan.kz материалында. 

Үш жасар баласы бар Алевтина Германияда баланы еркін өсіретінін айтады.

"Балабақшада ештеңеге мәжбүрлемейді, сурет салғысы келсе, салады, ойнағысы келсе, ойнайды. Тәрбиешілер жай ғана бақылап отырады, біздікіндей арнайы уақытта сабақ ұйымдастырып мәжбүрлемейді. Баланы тамақ ішуге, ұйықтауға да ешкім мәжбүрлемейді. Арнайы бөлме бар, көрпелер мен жастықтармен жабдықталған. Бала шаршап ұйықтап қалса демалып алады, ал ұйқысы келмеген баланы ешкім мәжбүрлемейді. Арнайы ұйықтататын уақыт жоқ. Балалар бәрі бір топта жүреді, тек кішкентай сәбилерге арналған ясли-топ бар. Басқа балалар жасына қарамастан бір топқа барады, ондағы мақсат -  бірге араласады, ойнайды, бір-бірінен үйренеді. Бірақ менің байқағаным, балалар бір-бірін тауып, қатарластарымен ойнайды. Баланы Германияда қатты қымтамайды, жалаңбас шығамын десе де өз еркі. Мектептегі жағдайды білмеймін, бірақ естуімше, мектеп бағдарламасы қатты талап қоймайды. Әсіресе, бастауыш сыныптарда, жай ғана оқуды, санауды үйретеді, музыка, сурет салу сияқты пәндер бар. Қазақстандағы білім беру жүйесі қатты ерекшеленеді. Бала мектепке баруға міндетті, үйде оқыту деген жоқ. Сабақтан қалуға болмайды, дәрігерден анықтама алу қажет. Каникулға ұзақ уақытқа басқа жаққа шығып, сабаққа кешігуге болмайды, өйткені келгеннен кейін ата-анасын сотқа беруі мүмкін. Барлық әуежайларда инспекторлар баласы бар азаматтарды тексеріп, мектептен рұқсат қағазын сұрайды", - дейді отандасымыз.

Баланы еркін тәрбиелеудің кемшін тұстары да бар дейді Алевтина. Сөзінше, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте назарына түскен жеткіншектердің қылығы ұнай қоймаған.  

"Мектеп оқушыларынан алған әсерім (автобуста бірге келгенбіз) - шамалы шектен шыққан сияқты, еркіндеу, үлкенге орын бермейді, мені бесік арбасымен кіргенімді көре тұра, ешкім орын бермеді, жерде жатқан рюкзактарын көтермеді. Өз құқықтарын жақсы біледі, кез-келген адамға, тіпті ата-анасына шағымдана алады. Бұл жақта ата-аналары балаларын "қалта ақшасымен" қамтамасыз етуі керек, бұл заңмен қарастырылған, сондай-ақ мемлекет әрбір балаға кәмелет жасына дейін 200 евро көлемінде әлеуметтік көмек көрсетеді. Сондықтан кішкентай кезінен бастап ата-ана баласына белгілі бір соманы беріп тұруға міндетті, олардың ойынша, бұл баланы ақшасын дұрыс жұмсауға үйретеді", - деп бөліседі жерлесіміз Германиядағы бала тәрбиесі туралы. 

Ең қызығы, бұл елде біздікіндей таңғы 9-дан кешкі 6-7-ге дейінгі балабақшалар жоқ екен: "Бұл жерде толық күнге балабақша жоқ, тек төртке дейін ғана, әрі қарай не күтушіні жалдайсың, не басқа амал іздейсің. Әйелдер көбіне жарты күнге жұмысқа шығады. Балабақшада тамақты өздері дайындамайды. Қарттар үйі, балабақша, мектептерге арнайы қызмет көрсететін компаниялар бар. Солар дайындап, әкеліп береді. Дәрігерлерге бару әдетте еш нәтиже әкелмейді, қызуы көтерілген, жөтелген баланың кеудесін тыңдап, өзі жазылып кетеді дейді. Асқынып кеткен ауру болмаса, дәрі-дәрмек жазып бермейді. Дәрігерге қаралу өте қиын. Эндокринолог, ЛОР, кардиолог сияқты дәрігерлерге кезекке екі-үш ай тұрамыз", - дейді ол. 

Ер азаматтар мен әйелдердің қарым-қатынасы туралы Алевтина: "Мен неміс азаматтарымен етене араласамын деп айта алмаймын. Бұл жерде де жерлестерімізді, орыстілді адамдарды іздейміз. Бірақ сырт көзге қарағанда, әйелдер өте тәуелсіз, бір жаққа барса, әйел өзі үшін төлейді. Сондықтан отбасында да әйелдің құқығы көп, тұрмыстық шаруаларды бірге бөліседі, отбасы шығындарын да екеуі бірге төлейді. Кеш үйленеді, 30 жаста отбасылы болмау - қалыпты жағдай, 35-40-та үйленеді. Біздің балабақшада балаларын әкелетін үлкен жастағы әйелдер көп. Бірінші әжесі ма деп ойлап қаласың, бірақ мамасы болып шығады. 50-ге таяп қалған әйелдердің арасында жас жігіттерді, әсіресе, мигранттарды, көңілдес қылу тенденциясы таралған", - дейді. 

Жерлесімізді таңғалдырған нәрсе - телевизиядағы "шамадан тыс" еркіндік: "Тағы да бір таңғалдырған жәйт - теледидардан еркектердің жалаңаш денесін емін-еркін кешкі уақытта (балалар әлі ұйықтамаған кезде) көрсетеді. Жыныстық мүшесі ашық түрде көрсетіледі. Одан кейін қарт адамдар көп, бірақ денсаулықтары жақсы, салауатты өмір салтын ұстанады. Апалар өз-өздеріне жақсы қарайды, шаш үлгісін жасатып, сәнмен киінуге тырысады. Керісінше, жасырырақ әйелдер қолайлы киім үлгісін таңдайды. Велосипедистер өте көп, бұған барлық жағдайлар жасалған: арнайы жолақтар, бірнешеқабатты велотұрақтар бар. Бұл - Германияда әрі арзан, әрі қолайлы көлік түрі. Көлігі бар адамдардың өзі велосипед тебеді үнемі". 

Алевтина неміс халқы өздері туралы таралған әңгімелер мен аңыздарға сай, шыныменен де темірдей тәртіпке бағынған, уақытын бағалай алатын халық екенін тілге тиек етті.

"Жалпы неміс халқы өте тиянақты халық, тек жоспармен, уақытымен жүреді, әрқайсысының өз "кеңістігі" бар, ешқашан жанын ақтарып, әңгіме айтпайды. Қонаққа тек бірнеше апта бұрын келісіп баруға болады, "жабық" халық. Әлі үйренісе алмай жүрген нәрсе - жексенбіде ешқандай дүкен жұмыс істемейді, сондықтан не киім, не азық-түлік, ештеңе сатып ала алмайсың", - дейді ол. 

"Қарап отырсаң, ешқандай тәрбие жоқ": Жапониядан оралған жерлесіміз Қазақстандағы бала тәрбиесіне таңғалды>>

"Түркияда әйел бала туған соң үйде тек өз-өзіне қарап отырады": Түрік азаматына тұрмысқа шыққан отандасымыз екі ел мәдениеті туралы>>

"Ерлі-зайыптылар балалы болған соң бір-бірімен жақындаспайды": Жапонияда тұратын отандасымыз екі ел арасындағы ерекшелікті атады>>

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 08 Қаңтар, 2020 12:30
Талқылау