Орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең - Жолдау
Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы жолдауында президент Тоқаев орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы елімізде орта кәсіпкерлік саласының даму қарқыны баяу екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны "қолмен көтеруге" тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда "қолайлы",-деді Президент.
Мемлекет басшысы үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керектігін тапсырды. Нарықта белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Сондықтан оларға нақты қолдау көрсету керектігін айтты. Орта кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.
“Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. "Бизнестің жол картасы" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек",- деп атап өтті президент Қазақстан халқына жолдауында.