Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздің солтүстігі оңтүстігінен несімен ерекшеленеді: Өрттен кейін көшіп кеткен талдықорғандық көпбалалы отбасының оқиғасы

Гүлнұр Ахаеваның өзінің 7 баласы, қамқорлығына алған 8 баласы бар. Ол 2017 жылы "Еңбек" бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған. Көпбалалы отбасының өмірі қалай өзгерді? "Еңбек" бағдарламасы оларға қандай мүмкіндіктер берді? Бұл туралы Гүлнұр Ахаева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Ауыл басшылығы жаңа үйлерді көшіп келген отбасыларға табыстау сәті

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Сұлушоқ ауылында тұрып жатқан Гүлнұрдың екі баспанасы, жұмысы бар. Балалары да білім алып, мемлекет қолдауының арқасында ешқандай қиындықсыз күн кешуде. 

Гүлнұр Ахаева өзінің не себепті солтүстікке көшіп кеткені туралы айтып берді. Талдықорған қаласыда тұрып жүрген отбасы аяқ астынан шешім қабылдап, Солтүстік Қазақстанға кетіп қалған көрінеді. Баспаналары өртеніп, жалдамалы пәтерде тұрған отбасы қазіргі жағдайларының жақсы екенін айтады.

"2014 жылы Талдықорған қаласындағы өз қолымызбен салған баспанамыз өртке оранды. Содан жалдамалы пәтерде тұрдық. Сөйтіп жүргенде осындай бағдарлама бар екенін естідік. Жан-жақтан сұрастыра бастадық. Көшіп кеткен кісілердің телефонын алып, сұрастырып білдік. Алдын ала келіп көрген жоқпыз. Қолымызда екі айлық баламыз бен жеті баламызды ертіп, жүгімізді осы жаққа көшіп бара жатқан кісілерге салып жіберіп, 2017 жылы 9 тамыз күні солтүстіктен бір-ақ шықтық. 2017 жылы 7 тамыз күні пойызға отырып, 9 тамыз күні Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданына келдік. Қай ауылға баратынымызды, қайда тұратынымызды білген жоқпыз. Әкімдікке барып едік, ауылшаруашылығының директоры келіп, "Ауылыма келіңіздер, көріңіздер, баспана бар, жұмыс бар" деп өзінің ауылына алып келді", - дейді ол. 

Бара салғанда 10 адамнан тұратын отбасын солтүстік тұрғындары жылы қабылдапты. Бірден құшақ жая қарсы алып, үй беріп, жұмысқа орналастырған. Гүлнұр Ахаева жаңа жерге үйрену айтарлықтай қиындық туғызбағанын жеткізді.

"Жаңа ауылға әкімнің өзі алып келді. Сұлушоқ ауылы керемет. Жан-жағының барлығы орман, көлдері тамаша, көлде үйрек, қаз. Келе салғанда керемет табиғат көрінісіне куә болдым. Ауыл кішкентай болғанымен, адамдарының пейілі кең. Үйрену қиын болған жоқ. Өйткені өзіміз ашықпыз, ақкөңілміз. Сондықтан да, халықпен тез араласып кеттік", - дейді Гүлнұр Ахаева.

Сонымен қатар, Гүлнұр екі өңірдегі салт-дәстүрлердің айырмашылықтары туралы түсіндірді. Солтүстікте де қазақылықтың қаймағы бұзылмағанын айтады ол. Бір қызығы, Гүлнұр солтүстік тұрғындарына наурыз көже пісіруді өзі үйретіпті.



"Екі өңірдің салт-дәстүрлері әрине екі түрлі. Бұл жақта қыз ұзату, келін түсіру басқаша. Алайда қазақи әдет ғұрып, салт-сана сақталып қалған. Құрбан айт, ауызашар деген діни мерекелер тойланады, наурызды ерекше атап өтеді. Бір қызығы наурыз көже пісіруді білмейді екен. Біз келгелі наурыз көже пісіріп, ауылдастарымыз келіп дәм татып, таңғалып жатады. Біз қазақи дәстүрді алып келдік. Алайда солтүстікте де қазақи дәстүр керемет сақталған. Қазақи дәстүр жойылып кеткен деп айта алмаймын. Тұсаукесер де бар, бесік той да, шілдехана барлығы сақталған. Бірақ та өзінің ерекшеліктері бар. Екі өңірдің айырмашылықтары болады. Мысалы, той болғанда біз міндетті түрде тойбастар таратамыз. Бұл жақта тек үлкен тойларда тойбастар таратып, кішкентай тойларда қалта жасап апарады. Бір кереметі, маған ұнайтыны ата-бабаларымыз отырған бұрынғы "жозы", яғни дөңгелек үстелге отырады. Сол дәстүр керемет сақталып қалған. Сондай үстелдер қойылады. Бір үстелге 10-15 адамнан отырады. Және қонақ келген кезде ер адамдар бөлек, әйел адамдар бөлек отырады. Бір қонақ келсе де бүтін бір қойды бір-ақ асады. Үлкен табаққа етті тартады. Молынан қояды. Қазы айналдыру деген ұғым жоқ. Бұл жақ өте суық болғандықтан қыста әр жанұя бір жылқы сояды. Бірақ қазы айналдырмайды", - деп түсіндірді ол.

Бағдарлама бойынша алған жаңа үйлерінде

Көпбалалы ана бастапқыда қандай қиындықтар болғанын айтып берді. Бара салғанда диалект сөздерді түсіну қиынға соққан көрінеді. Алайда уақыт өте келе отбасы үйренісіп кеткен. Ол үш жыл бұрын орын алған оқиғаларды еске алып, қызық жағдайлар туралы айтып берді.

"Кейбір сөздерді түсіну қиын болды. Бізде оңтүстікте "қайырлы болсын" дегенді тек қайғылы оқиға болғанда айтады. Ал жақсы нәрсе болса, "құтты болсын" дейтінбіз. Солтүстікке келгенде "қайырлы болсын" деп құттықтағанда жүрегімізге жақын алып қалдық. Одан кейін "қайтыс болды" дегені "қайтып кетті" деп айтады екен. Бір күні қызық оқиға болды. Біздің артымыздан көшіп келген жігітке келіп Сайран деген адамды сұраған ғой. Сөйтсе, ол "бағана қайтып кетті" деп айтқан екен. Оны дұрыс түсінбеген солтүстіктіктер көз жұмды деп ұғынып қалған. Басында қызық болатын, бізді түсінбейтін, кейін үйренісіп кеттік", - деп ағынан жарылды Гүлнұр.

Жұмыс жағы да тез ретке келген көрінеді. Маман тапшы болғандықтан, жары күзетші, өзі мұғалім болып жұмысқа орналасып, аяқтарына тұрып кеткен.

"Жұмысқа орналасу қиын болған жоқ. Келе салып, жолдасым мектепке күзетші болып жұмысқа тұрды. Мен де мектепте мұғалім болдым. Бірақ балам кішкентай болғаннан кейін сәл қиындау еді. Балаларым да балабақшаға орналасты. Балабақшаның ақшасы да қымбат емес. Мектепке де тез орналасты. Медициналық көмек алу да айтарлықтай  қиынға соқпады. Барып, тіркеліп, толыққанды барлығымызды медициналық тексеруден өткізді. Өзімізге қажетті медициналық көмекті уақытылы алып отырамыз",  - деп түсіндірді.

Гүлнұр солтүстіктің адамдары мейірімді, ашық, ақкөңіл болғанымен тік мінезді дейді. 

"Солтүстіктің адамдарының бізден айырмашылығы жоқ. Бірақ орыс мінезділеу. Кейде бетіңе қарап тік айта салады. Оңтүстікте ұят болады, үлкен кісі ғой деген ұғым қалыптасып қалған. Бұл жақта жастар бетіңе тік айтады. Айтсам қалай болады деп ойламайды. Қаладан ауылға қоныс аудару алғашында қиын болды. Қалада дайын су, 3 қабатты үлкен мектеп, балалар асыр салып ойнайды. Соған үйреніп қалғаннан, басында кішкене қиыналдық. Бірақ балаларымыз кішкентай болғандықтан, ауылда емін-еркін ойнап, кең жерде берекеміз кіріп қалды. Бастапқыда ауыл басшысы 20 тауық алып келді. Әлгі тауықты балалар қуып ала жөнелді. Олар қалада тауық көрмеген. Жұмыртқасын теріп, қызықтап, үйренісіп кетті. Одан кейін біз келген кезде ауыл әкімі 4 тайынша, 1 сиыр, 24 бас қой берді. Басы сол кісінікі де, төлі біздікі болды. Сөйтіп, малымыз өсіп аяққа тұрып кеттік. Құдайға шүкір қазір барлығы жақсы. Қиындық болғанда, әкімдікке барсаң, көмектесіп, қол ұшын беріп отырады", - дейді Гүлнұр. 

Сонымен қатар, Гүлнұр Ахаева "Еңбек" бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандарға қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын айтты. Қазірдің өзінде кейіпкеріміз тұратын ауылда жаңа үйлер бой көтеріп, оңтүстіктен келетін отбасыларды күтуде.

"Көшіп келгендерге үй берілді деген рас. Біз келген кезде 400-500 мың теңге үйдің ақшасы беріледі. Адам басына 78 мың теңге беретін, қазір 99 мыңға көтерілді деп естідім. Бір адамға берілетін қаражат. Және тұрғын үйге деп бөлек ақша беріледі. Біз келгенде үйге деп ақша берді және 10 адам көшіп бардық әрқайсымызға 78 мың теңгеден берді. Біз бос тұрған үйге кірдік, баспана сатып алмадық. Келесі жылы көктемде ауыл басшысы 800 мың теңгелік үлкен үйді сыйға берді. Кейін тағы бір үй алдық. Ал қазіргі уақытта біздің Сұлушоқ ауылында 10 жаңа үй салынды, бос тұр. Тағы 5 үй салынып жатыр. Келемін десеңіздер, келіңіздер. Жұмыс мектепте, ауылшаруашылығында бар. Егін, жиын-терім кезінде жұмыс көп. Жұмыс істеймін деген адамдарға жұмыс бар. Кейін көшіп келгендерге жұмыссыз ретінде 540 мың қайтарымсыз грант, субсидия беріліп жатыр. Меніңше, оңтүстікте жүрген қазақтар ондай қаражатты ала алмайды. Бізде барып, құжатыңды өткізсең болғаны. Ауданда да дайын үйлер салынып жатыр. Былтыр 20 үй салды, биыл да тұрғызылуда. Қаншама адамдар келіп, жұмысқа орналасуда. Келе салған жылы баламен отырдым. Келесі жылы мектептің директоры болып жұмысқа кірдім. Бір жыл екі ай директор болып жұмыс жасадым. Содан кейін мен балалар үйінен 8 баланы асырап алдым. 8 баланы қамқорлығыма алғаннан кейін, жолдасыммен ақылдаса келе мұғалімдікке қайта ауыстым. Өзім бастауыштарға сабақ беремін және жоғарғы сыныптарға еңбек пәнін өтемін. Ешқандай қиындықсыз жұмыс жасап жатырмыз", - деген ол ағынан жарылды. 

Гүлнұр ханым өзі қоныстанған аймақтың артықшылықтарын айтып, жұмысқа орналасу мәселесінің қалай шешілетінін түсіндірді. 

"Маман тапшылығына байланысты солтүстікте бір жақсысы қолыңда бір дипломың болса, үш айлық курс оқытып, қайта даярлаудан өтіп, қолыңа сертификат береді. Сол бойынша, мен қайта даярлаудан өтіп, бастауыш сынып мұғалімі болдым. Бұл бағдарлама өте қолайлы. Шынымен солтүстікті қазақиландыру деп ойлаймын. Осыдан 10-15 жыл бұрын қолға алу керек еді деп ойлаймын. Бір қызығы бұл жерде жиналыс та, өзгесі де орыс тілінде жүрізіледі. Бірақ біз қазақша сөйлеп, барынша үйретуге тырысып жүрміз. Қайтадан оңтүстікке көшпеймін. Мен балаларымның қамы үшін осы жаққа көшіп келдім. Басымда екі баспанам бар. Ауылды жерде болса да малымызды асырап, құсымызды бағып, бақшамыздан жеміс-жидек көкөніс жинап, керемет өмір сүріп жатырмыз", - деп солтүстік туралы түсіндірді. 

Көпбалалы ана жалдамалы пәтерде жүрген, жұмыс іздеп, несиесін төлей алмай қиналған барша халықты солтүстікке қоныс аударуға шақырды. Кейіпкеріміздің оңтүстікке қайтқысы кемейді. Ол енді балаларын өсіріп, оларды болашақта ел үшін қызмет атқаратын мықты азамат ретінде тәрбиелеуді мақсат тұтады.

"Мен оңтүстікте жалдамалы пәтерде жүрген, несиелері көп қазақ қандастар, жастарды көріп таңқаламын. Неге солтүстікке келіп, ел қатарлы өмір сүрмеске. Бірнеше бөлмелі баспана алып, мал-жаныңды асырап, бала шағаңды аяғына тұрғызбасқа", - дейді Гүлнұр.

Сонымен қатар, Гүлнұр Ахаева солтүстіктегі өмірі туралы айтып берді. Қыс ұзақ болғандықтан солтүстік тұрғындары алдын ала дайындалады екен. 

"Бізде 8 ай қыс болады. Жем-шөбімізді қамдап аламыз. Өзіме қатты ұнайды. Кері көшіп кету деген ой жоқ. Келгеннен кейін, сіңіп кету керек. Бұл жерде әкімдер керемет. Келіп жағдайыңды біліп тұрады. Әкім мен оның орынбасары екеуі халықтың жағдайын жасап отыр. Ауылға 5 үй салған. Соның біреуі бізге берілді. Тағы бір айтатын нәрсе, біздің ауылда көшіп келген 12 жанұя бар. Осы 12 жанұяға арнап әкім ауылға монша салып берді. Керемет моншамыз бар. Өзіміз тазалап, жуып кетеміз", - деп ризашылығын білдірді ол.

Гүлұр секілді кез келген қазақстандық "Еңбек" бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, баспана алып, жұмысқа орналаса алады. 

Биылғы жылдың 8 айының өзінде жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы саны 1984 адамнан тұратын 452 отбасы солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші артық өңірлерден көшіп келді. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынын, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардан қоныс аударушы жұмыс күші тапшы өңірден жаңа қоныс тапты. Отбасының еңбекке жарамды мүшелерінен 1652 адам жұмыспен қамтылған. Қалғандары жастар тәжірибесіне немесе оқуға жіберілген және кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Жалпы биыл 5825 адамды, яғни, 1631 отбасыны солтүстікке көшіру жоспарланып отыр. 

Бағдарламаға қатысушыларды ерікті түрде қоныстандыру:

  • жұмыс күші көп облыстардан (бұдан әрі – шығу өңірлері) жұмыс күші тапшы облыстарға (бұдан әрі – келу өңірлері);
  • бір облыс шегінде – мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй бөлу және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкін болған жағдайда экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға жүзеге асырылады.

Үкімет ішкі қоныс аударушыларды қабылдайтын 4 өңірді (Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) және 5 қоныс шығу өңірін (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары) белгіледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар және олардың отбасы мүшелері жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару бойынша бағдарламаға қатысушылар болып табылады.

Еліміздің солтүстік өңірлерінде қажетті мамандықтар тізімі:

Бірінші кезекте - медициналық персоналдар. Мәселен акушер, акушер-гинеколог, маммограф, маммолог, дәрігер-невропатолог, тіс дәрігері, балалар дәрігері, терапевт, хирург, құлақ-мұрын, тамақ дәрігері, мейірбике.

Екінші кезекте - білім беру саласы бойынша мамандар қажет. Олар орыс және орыс әдебиеті пәні мұғалімі, ағылшын тілі, математика, химия, физика пәні мұғалімі, бастауыш сынып мұғалімі, әскери дайындық сабағының мұғалімі, денешынықтыру пәнінің мұғалімі.

Үшінші кезекте - электрші, эракторшы, механизатор, нан пісіруші, құрылысшы, агроном, сатушы, мал дәрігері, көлік жүргізушісі.

Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау  мынадай субсидиялар беруді қамтиды:

  •  көшуге – әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (97,2 мың теңге) мөлшерінде;
  • отбасыға он екі ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге 15-тен 30 АЕК-ке (41,7 мың теңгеден 83,3 мың теңгеге дейін) дейін беріледі.

Отбасына жылына тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге есептелген сома шегінде жекеменшікке тұрғын үйді сатып алу үшін біржолғы төлем алдын ала сату-сатып алу шарты немесе сатып алу-сату шарты болған кезде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі іске асырылуда. Аталған тетік шеңберінде ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысында 714 тұрғын үй, Павлодар облысында 441 пәтер сатып алу көзделген.

Сондай-ақ, қоныс аударушылар мен оралмандар арасында кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға бағытталған құрал жұмыс істеуде. Ол үшін Бағдарлама қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке (555 мың теңге) дейінгі мөлшерде мемлекеттік гранттар беріледі. Сонымен қатар, жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жеңілдікті микрокредит беріледі.

Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген, шығу өңірлерінен қоныс аударуды жоспарлаған  адамдар тұрғылықты мекенжайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар:

«Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкес өңіраралық ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына қосылған адамдар және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілер болып табылады. Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу үміткердің берген өтініші негізінде жүзеге асырылады. Өтінішке мынадай құжаттар: 

  • Қазақстан Республикасы азаматының және онымен бірге көшетін отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
  • неке немесе некені бұзу туралы куәліктің (бар болса) көшірмелері;
  • білімін, біліктілігін және белгілі бір мамандық бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың (бар болса) не еңбек кітапшасының (бар болса) көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама беріледі.

Қоныс аударушыларды қабылдау квотасына енгізілген азаматтарға көшуге субсидиялар, тұрғын үй жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтер бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгеннен бастап алты айдан кешіктірмей өтініш берген жағдайда беріледі.

Сұхбаттасқан Дана Русланқызы

Талқылау