Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оларға артық мәселе керек емес": Алматыда тәртіпсіздіктерден кейін асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасылар қазақстандықтардан көмек сұрайды

Алматыда қаңтар оқиғаларынан кейін асыраушысы мен жақындарынан айырылған 20 көпбалалы отбасы далада қалуы мүмкін. Олар "Бақытты отбасы" орталығынан да көмек сұраған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап. 

көпбалалы

Көпбалалы ана Гүлзия Омарбаева қиын жағдайға тап болған. Өткен аптада ол күйеуін жер қойнына тапсырған. Әйелдің сөзінше, ол қаңтар басында болған тәртіпсіздіктер кезінде мерт болған. Енді отбасы асыраушысыз қалған. 

Марқұмның артында 5 қыз және көптен күткен ұлы қалды. Қазір 6 ананың баласы далада қалуы мүмкін. Себебі жалға алынған пәтер ақшасын төлеуге шамасы жетпейді. Ал мәселені "Бақытты отбасы" орталығындағылар қолға алған. 

"Маған жақында пәтер иесі хабарласып, төлей алмасақ шығарып жіберетінін айтты. Жерлеуде болғандықтан жауап бере алмадым. Не істерімді білмеймін. "Бақытты отбасы" орталығынан адамдар келіп, қала сыртынан үй беруге уәде берді. Қазір қаржы жиналуда", - деп бөлісті Гүлзия Омарбаева. 

5 баласы бар тағы бір көп балалы қазір далада қалғанын айтады. 

"Қазір ешқайда тұрмаймын, балаларыммен далада қалдым. Шешілмеген мәселе көп", - деп мәлімдеді ол. 

"Бақытты отбасы" орталығында пәтер иелерінің қаңтар оқиғаларына қатысушылардың отбасымен байланыс орнатпауға тырысатынын айтады. Себебі өздері де құқық қорғау органдарының күдігіне ілінеміз деп қорқады екен. 

"Күйеулері тұтқындалған соң отбасыларды пәтерден шығарып жатыр. Себебі артық мәселе керек емес. Қазір осындай 20-ға жуық әйел бар. Олардың 10-ы бізбен байланысқа шықты, қалғандары хабарлама жазды, қоңырау соқты. Біз кеңес және қажетті байланыс нөмірлерін береміз", - деді Алатау аудандық "Бақытты отбасы" орталығының басшысы Ақмарал Басирова.

"Бақытты отбасы" орталығында қиын жағдайға тап болған отбасылардың бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан мұндағылар мәселені шешуде әкімдіктегілерден көмек сұраған. Ал белсенділер мен демеушілер көмек көрсетуді бастап кеткен. 

Талқылау