Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Олар біздің батырларымыз": Екібастұздағы төтенше жағдайды жоюға атсалысқан жұмысшыларды қалай ынталандырады

Павлодар облысының билігі қазір жылу желілерінің зақымдануын жоюға атсалысқан барлық жұмысшыларды материалдық ынталандыруды сұрап отыр. Оның ішінде еліміздің өзге өңірлерінен көмекке келген мамандар да бар. Бұл туралы жұма күні өткен брифингте облыс әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

екибастуз чп

"Адамдар өте ауыр жағдайда жұмыс істейді. Түн, ызғар, ылғалдылық, үнемі су ағып жатады. Мұның бәрі бағалауға тұрарлық дүниелер. Әлбетте, аздаған алғыс хаттары беріледі, бірақ біз кәсіпорын басшыларына оларды қаржылық жағынан ынталандыруды ұсынамыз. Бұл ең жақсы ынталандыру болар еді. Бірақ материалдық ынталандырудан кейін де еңбек ұжымдарының алдында айту керек деп ойлаймын, шын мәнінде бұлар біздің батырларымыз. Астанадан, Петропавлдан, Қарағандыдан, көптеген кәсіпорындардан келген, отбасын тастап, осында жұмыс істеп жүрген азаматтар", - деді Олег Крук.



Қазір Екібастұз қаласының жылу желілеріндегі апатты жоюға 400-ге жуық адам жұмылдырылған, оның ішінде Қазақстанның әр өңірінен келген 250 маман бар. Күндіз-түні аязда жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС қызметкерлерінен бөлек Екібастұз қаласының ірі кәсіпорындарының қызметкерлері де тартылған.

Бұған дейін қала әкімі Аян Бейсекин қаланы қамтитын кәсіпорындар өз қызметкерлеріне сыйақы беретінін мәлімдеген.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.

Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.

“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек", – деген ол.

Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.

Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан. 

1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

Ақберен Амангелді
Сенбі, 03 Желтоқсан, 2022 12:55
Талқылау