"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
Фото: Stan.kz / Психоанализ маманы Жансая Серікова
Ата-аналар қазір кейбір дәстүрлер баланың жеке шекарасын бұзып, психологиялық зақым әкелетінін айтып, шағымданды. Алматы тұрғыны Лаураның айтуынша, қайын атасы баласының шашы сирек болғанына қарамастан қырып тастау керек деп сөйлей береді. Ол баланың және ата-ананың шешімін сыйлау қажет екенін атап өтті. Ал блогер Динара Канзлер "әпшу берші" дәстүрін өрескел әрі зиян санап, баланың психикасына кері әсері бар екенін айтты. Мамандар мен ата-аналар Stan.kz тілшісіне ескі салттардың заманауи құқық пен құндылықтарға сай қайта қаралуы қажет екенін ескертеді.
“Шашын қырып таста” деп қайта-қайта айта береді”
Алматылық Лаураның баласы 2,5 жаста. Шашы сиректеу, бірақ бұл жағдайға Лаура аса алаңдамайды, себебі өзі де бала кезінен жұқа шашпен өскен. Бұл генетикаға байланысты нәрсе деп түсінеді. Соған қарамастан, қайын атасы баланың шашы сәл өссе болды, “шашын қырып таста” деп қайта-қайта ескертіп отырады екен.
"Менде ұл бала, кез келген кезде шашын алуға болады. Жарайды деп қоя салсам, біраз күннен кейін “неге алмағансың, неге тыңдамадың” деп ренжиді. Жарайды деп 1-2 рет алдым, бірақ шашы бәрібір сол қалпы. Бірақ сол баяғы сценарий қайталанады. Мінезі өзі беймаза кісі. Сөз таластырғанмен пайда жоқ екенін түсінемін. Бірақ дәл қайын атаның беймазалығы шыны керек біртүрлі екен. Кейде әрең шыдасам да, жолдасымды сыйлағандықтан қоя саламын. Жолдасымның мінезі тік, өзіміз білеміз деп айтып тастайды", – деді Лаура.
Лаура баласының әлі кішкентай екенін және бәрін толық түсіне қоймайтынын біледі. Дегенмен бұл баланың жеке шекарасын сақтамау ғана емес, ата-ананың жеке шешіміне де араласу деп есептейді.
“Иә, атасы немересін жақсы көреді, жамандық ойламайды. Бірақ әр баланың қажетін бірінші кезекте ата-анасы түсініп, шешім қабылдауы керек. Әркім өзінің рөлін білсе болды. Қазір бәрі келінді бәріне міндетті көреді. Әр жасаған ісіне араласа береді, бұл дұрыс емес. Әркімнің ойын, сезімін сыйлау керек деп ойлаймын", – деді Лаура.
Фото: tea.ru
Әлеуметтік желіде блогер Динара Канзлер "әпшу берші" дәстүрін ескінің қалдығы және педофилияға тән нәрсе деп сынады.
"Қысқасы, достар, мен кейде біздің дәстүрлеріміз туралы естігенде жағамды ұстаймын. Кейбіреуі мына видеоны көріп, есінен ауысты дейтін шығар. Жеке өз басым солай ойлар едім. Нақты қандай мәселе? Айтайын. Кеше Қазақстандағы гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбындағы вебинарды тыңдадым. Жалпы онда ел естімеген көп қызық дүниелер талқыланды. Соның ішінде бір нәрсе назарымды қатты аударды. Әрине, қазақ халқының дәстүрлері сонау арғы заманнан бері қолданылып келе жатыр. Бүгінде мұндай дәстүрлердің көбінде гендерлік зорлық-зомбылықтың иісі шығып тұрғанын айта кеткен жөн. Солардың бірінде ересек ер адамдар кішкентай ұл балалардың жыныс мүшесін сұрап, оны иіскейді. Иә, шынтуайтында бізде мұндай дәстүр бар, тіпті оның атауы мен мағынасы да бар", – деді Динара Канзлер.
Блогердің сөзінше, халқымыз егер ұл балалар ер адамға жыныс мүшесін ұстауға немесе иіскеуге бергенде батыр, ержүрек болып өседі деп санайды. Сонымен қатар қазір бұл дәстүрдің қоғамда қажет емес екенін және танымымыз қабылдай алмайтынын баса айтты.
"Мұны қалыпты жағдай деп түсіну өте қате. Айтпақшы, вебинарға қатысқан көптеген жігіт балалық шағында осындай сәттер оларға ыңғайсыздық тудырғанын және жағымсыз болғанын еске алды. Ал кейбіреуі мұндай эпизодтар олардың психикасына әсер етіп, жарақаттағанын айтады", – деді блогер.
“Шекарасын білмей өскен балалар жиі педофилдердің құрбанына айналады”
Осы ретте психоанализ маманы Жансая Серікованың айтуынша, әсіресе, бұл нәресте мен 2-3 жасқа дейінгі балаларға қатысты болса, қалыпты жағдай деп қарастырылады. Алайда бұл жерде баланың жасы өте маңызды рөл атқаратанына да тоқталды.
"3 жасқа қарай балада өзінің "мен" деген түсінігі қалыптаса бастайды, яғни ол өзін жеке тұлға ретінде сезініп, ұл немесе қыз екенін ажырата бастайды. Осындай кезеңде шашын еркінен тыс алып тастау оның жеке кеңістігі мен шекарасына қол сұғу болып есептеледі. Сондықтан баланың жасы өскен сайын, оның сезімі мен жеке еркіндігін ескеріп, мұндай әрекеттерді алдын ала түсіндіріп, келісімін алған дұрыс", – деді психолог Жансая Серікова.
Психолог өзін ата-ана ретінде мысалға келтіріп, кейде баламызды қатты жақсы көріп, еркелетеміз деп, оның жеке шекарасын бұзып жататынымызды байқамай қаламыз дейді. Жансая Серікова баланы рұқсатсыз құшақтау, сүйіп, иіскеудің бәрі де баланың денесіне деген өз құқығын әлсірететін әрекеттер екенін ерекше атап өтті.
"Бұл жерде жеке шекарадан да маңызды дүние бар, ол – баланың қауіпсіздігі. Жеке шекара бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі – дене шекарасы. Яғни, әр адам, соның ішінде бала да "Менің денем "менікі", рұқсатсыз ешкім тиісуге болмайды" деген түсінікті бала кезінен бойына сіңіруі керек. Балаға "Сені құшақтасам бола ма?", "Сүйсем бола ма?" деген сияқты сұрақтар қойып, рұқсатын сұрау қажет. Осылайша баламыздың өз денесіне иелік етуге, өз шекарасын қорғауға үйрете аламыз. Мұндай қарым-қатынас арқылы балада өзіндік "жоқ" деп айту мәдениеті қалыптасады. Өкінішке қарай, шекарасын білмей өскен балалар жиі түрлі зорлық-зомбылықтың, соның ішінде педофилдердің құрбанына айналады. Сондықтан баланың жыныс мүшесін, денесін, аяғын ұстау деген нәрсе оған ешқашан қалыпты дүние болып сезілмеуге тиіс", – деді психолог Жансая Серікова.
Психолог келесі маңызды мәселе ересектердің баламен жақын физикалық әрекеттері екенін айтты.
"Балаға ересектердің аузынан тамақты шайнап, аузына емізікті салып беруі гигиенадан бөлек, оғаш көрінетін нәрселердің бірі деп айтар едім. Тіпті, дөрекі болса да айтайын, әжелер кішкентай сәбиге омырауын беретін жағдайлар да көп. Енді мұны қалай тоқтатамыз? Бұл жерде оларға болмайды деп айтсақ, келін жаман болады. Кейде мұндай ескертуді үлкендер баланы қызғанғандай қабылдайды. Алайда бұл – қызғаныш емес, баланың жеке кеңістігін қорғау. Мұндай жақындық тек ана мен бала арасында болуға тиіс. Тіпті, әкесі де белгілі бір шекараны сақтау керек", – деді психолог Жансая Серікова.
Осы ретте психоанализ маманы қазір дүниежүзінде кең таралған "Ішкиім ережесі" (PANTS Rule) бар екенін айтып берді.
Фото: kamsoccentr.ru
"Бұл ереже балаға ішкиім жапқан жерлерді ешкімге көрсетуге болмайтынын түсіндіреді. Сонымен қатар бала өзін жайсыз сезінсе, міндетті түрде сенімді ересек адамға айтуы керек екенін де үйретеді. Бұл ережені әр отбасыға енгізуіміз керек. Мұндай мәдениет ата-анадан басталады. Бұдан бөлек, кейбір ересектер баланы шымшып, жылатып, оны "махаббаттың" белгісі деп түсінеді. Бұл – шын мәнінде агрессия мен садизмнің көрінісі. Ешкімнің баланың еркінен тыс оны жақсы көруге, құшақтап сүюге құқығы жоқ", – деді Жансая Серікова.
Сонымен қатар психологтың ойынша, кішкентайынан балаға "мынау сенің затың", "өзің білесің" деп түсіндіру керек. Осы ретте Жансая Серікова балаға дүкеннен ойыншық алып беріп, “бауырыңа бөліс” деу де қате екенін атап өтті.
"Бала өзі бөліскісі келіп тұрса, онда болады. Сондықтан оларды мәжбүрлеп бөліс деп үйретуге болмайды. Көп жағдайда шыдамымыз жетпей қалады. Осылай баланың шекарасын бұзып келіп, кейін ол сыртта жүргенде басқа баладан таяқ жегенде, керісінше, сөйлей бастаймыз. Көп жағдайда әкелер "қолыңдағы нәрсені беріп қоятындай, аңқаусың ба?" деп баланы төмен түсіре бастайды. Бірақ сол әкесі үйге келген қонақтардың баласына оның ойыншықтарын беріп, жығып беретін еді ғой. Өзінің үйінде жеке затын басқа біреуге беріп қойып отырса, бала осы сәтте қалай шекарасын қорғай алады? Ересектер баланы басқа адамның алдында ұятқа қалдырғанының өзі баланың психологиялық шекарасын бұзу болып есептеледі" – деді психолог.