Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ол жерде ислам жоқ: Сириядан оралған қазақстандық әйел ол жақтағы өмірі туралы айтып берді

Батыс Қазақстан облысында тұратын белгілі ақын Ұлдай Сариева өзінің жерлесі, Сирияға барып, ондағы қулық-сұмдықтардың куәсі болған әйелмен сұхбаттас болыпты. Жақсы өмір сүреміз, бақытты боламыз деген тәтті қиялға сеніп, ақырында сан соғып қалған қазақ қызының басынан өткен жағдай талайларға ой салады деген үміттеміз.

Бұл туралы Zamana.kz жазады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің мәліме­тінше, күні бүгін Сирия мен Ирактың отты аймағында 16 жасқа дейінгі 390 қазақстандық бала бар. Соның  214-і – ұл, 176-сы – қыз бала. «Ол балалардың бәрінің дін аман екенін біле алмай отырмыз. Себебі, балалар ДАИШ-тың құрсауында қалған соғыс болып жатқан аймақта», – дейді ҰҚК өкілі.

Бұдан 6 жыл бұрын Жанар (есімі өз­гертілді) Пәкістан аймағында жүрген Ре­сей азаматымен интернет арқылы таны­сып, тұрмысқа шығу мақсатында жолға шығады. Ата-анасын, туған жерін тәрк етіп, қауіпті жолға бет түзеуге сол кездегі 23 жастағы қызға не әсер етті? Сөйтсек, бұл сұрақтың бір-ақ жауабы бар екен.

Ол – діни сауатын мешіттен, имамдардан ашпағаны. Жанар исламды бұрмалаушылардың ықпалымен елімізде мойындалған дәс­түр­лі Ханафи мазхабынан бас тартып, намазды Ханбали мазхабымен оқып, діни сауатын интернет арқылы ашып, санасын бөтен ағымға жаулатқан.

“Ол жерге шариғат бойынша жақсы тұрамыз деп ойлап барғанмын. Бірақ Пәкістан мұсылмен елі болса да, ол жерде ислам жоқ сияқты. Әйелді адам санамайды, дамымаған ел екен. Үйлері саз балшықтан салынған, жарық жоқ. Төбемізден үнемі бомба тастап жатты. Оның үстіне жергілікті тұр­ғындар мен әскерилер бізге күн көрсетпеді. Біз Уәзірстанда 1 жыл 3 ай ғана тұрдық. Тұңғы­шымыз сол жерде дүниеге келді. Нашар тұрмысқа шыдай алмадық.

Түркияға өтіп, Стамбұл қаласына тұрақтадық. Екінші қызым сол жерде дү­ниеге келді. 2014-жылы халифат­қа жи­нал­­дық. Хадис бойынша халифат жария­лан­ған жерге хиджра істеу керек. 2015-жылы екі баламызды алып, Сирияға кеттік”, – дейді Жанар.

Жанардың айтуынша, олар Сирияда соғыс болып жатқанын білмеген.

“Жоқ, барғанға дейін түк білген жоқпыз. Түркияда тұрғанымызда бейне­ро­ликтер қарадық. Әдемі түсі­рілген ро­ликтер. Аурухана, жақсы дә­рігерлер, балалар ойнайтын алаңқайлар… Тұрмыс тегін, нағыз жұмақ болар деп ойлағанбыз”, – дейді ол.

Сонымен қатар олар Сирияда адам төзгісіз жағдайда өмір сүріпті.

“Барақта тұрам деп ешқашан ойлаған жоқпын. Барамыз, бізге тегін үй береді, бәрі тегін, рахат, мұсылмандар арасында тату-тәтті өмір сүреміз деп ойладық. Бізді Ракка қаласына апарды. Адам тұратын жер емес. Күйеуімді бір­ден алып кетті… Әйелдерді бала­ларымен 3 бөл­мелі үйге орналастырды. Әйелдер бала­ларымен сол үйден шықпай оты­рып, күйеулерін күтеді. Кішкентай бір бөл­меде 15 адам тұрдық. Сыртқа шығар­майды. Балалар ауыра бастады. Ал емдей­тін дәрігер жоқ. Барының өзі түк білмейді, ылғи топас. Аурухана лас, еш пайдасыз бір анти­биотикті балаға да, үлкенге де бере береді. Ота жасарда үстін­дегі киіммен жатқызады да, сол жерде бірден ота жасап, екінші бөлмеге апа­рып, лақ­тырып тастай­ды. Шаң болып жатқан құралмен ота жасайды да, ол құралды сол жерге қайта лақтырып тастайды және екінші адамға жумай қолдана береді. Әйелдер жеңіл­денгенде де сол…”, – дейді Жанар.

Ол Сирияға келгеннен кейін күйеуін 3 ай бойы көрмеген екен.

“Жоқ, соғысқа салмады оны. Қару қоймасында істеді. Сирияға барған отбасын сол күні-ақ екі жаққа бөліп жібереді. Күйеулері басқа жерде шари­ғат сабағын алады, әскери дайындық­тан өтеді. Ал әйел-баласы қамауда оты­рады. Сол әкеткеннен күйеуімді 3 ай көр­ме­дім. 3 айдан соң ол келіп, бізді алып кетті.

Сирияға келісімен күйеуің сол жер­дегі ұйымға, жамағатқа кіреді. Жамағатта болмасаң, сені бірден түрмеге жабады. Ал солардың қарамағына кірген соң қайда жұмсаса да, барасың. Топқа бөліп тастай­ды, біреуі кеңседе құжатпен отырады, біреуі қару жинайды, тазалайды, біреуін соғысқа салады. Сол үшін ақша алып тұрады”, – дейді Жанар.

Сонымен қатар Жанар Сирияда шариғат заңы сақталмайтынын, ол жерде ДАИШ бастығының ережесі заң екенін айтуда. ал қарсы шаққандар түрмеге қамалады екен.

“Ол жердегі өмір біз ойлағандай, шариғат бо­йынша емес, керісінше екен. Шынында да, ислам жоқ ол жерде. ДАИШ-тың бастығының ережесімен жүруің керек. Қарсы шықсаң, түрмеге қамайды. Ақида жағынан сабақ беретін «браттардың» айтқанын те­ріске шығар­ған ДАИШ-тың адамдары «Жоқ, сен олай үйретпе, айтқанымызды үйрет» деп бұйырады. «Браттарды» түрмеге қамап, өз адамдарына сабақ бергізеді. Видеода «Бізге келіңдер, ұнамаса, кері кете беріңдер» дейді. Алдап шақырып алады, келдің бе, кері кете алмайсың, ол жақтан кері шығу өте қиын. Еркектерді жертөлеге 2-3 ай қамап, сол жерде жаза­лайды, өлтіреді. Кетіп бара жатқан адамды «кафирлар» дейді. Өлтіріп тастайды да, отбасына «жол апатынан өлді» деп өтірік айтады. Ол жерде қаншама «сестралар» жылап отыр кері кете алмай, қор бол­ған бала­лар қаншама? Сонда бұл сұмдықтың несі ислам? Мосулда көп адам тұтқында отыр. Көбі қашып жатыр, бірақ жолда ұсталып өледі. Ол жерде еш­қандай халифат жоқ”, – дейді Жанар.

Жанардың сөзінше, Сирияға барған адамның бүкіл өмірі бұзылады, қор болады. Ал елімізде жұмыс, үй бар, бала тәрбиелеп, бақытты өмір сүруге бар жағдай жасалған. Сириядағы ахуалды өз көзімен көрген қазақстандық әйел отандастарын жалған үндеуге еріп, Сирияға бармауға шақырады.

Оқи отырыңыз: 

Ақтөбеде мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған 24 жастағы жігіт өз кәсібін ашып алды

Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалғандардың туыстары өз шындықтарын айтты

ІІМ Ақтөбеде 52 адамның өмірін жалмаған автобустағы өрттің себебін атады

Автобус иесі Ақтөбедегі өрттен кейін Қазақстанға келіп, жағдайды ауызекі біліп қайтқан

Талқылау