Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Міндетті түрде саудаласу керек: Қазақ жігіті Грузиядан қалай көлік алып келуге болатынын айтып берді

Бүгінде елімізде жақсы көлік тізгіндеу үшін шетелге ағылған азаматтар қатары аз емес. Бірақ басым бөлігі алыс жолдан қорқады, шекара асуға батылы жетпейді немесе нақты ақпараттың жоқтығынан жергілікті нарықтан алуға тырысады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі жалғыз өзі Грузияға барып, жақсы көлік мініп келген Алматылық азаматпен әңгімелесті. Ол неліктен мұндай шешімге барғанын және қаншалықты тиімді екенін, сонымен қатар, көлік алып келудің қиындығы мен қызығын, қыр-сырын толық айтып берді.

Қорқыныш пен шешім

Қазақстанға қарағанда жылы жаңа, жағдайы жақсы, ең бастысы арзан көліктерді Грузиядан тізгіндеп келуге болатынын Айхат Сүлейменов айналасындағылардан естіген. Кейін интернет беттерін парақтап, соған көзін жеткізгеннен кейін бірден бел буыпты. Бірақ біраз ойға беріліп, үрейленгенім рас деп отыр.

“Таныстарым, достарым Грузиядан көлік алып келіп, мініп жүрді. Қызығушылық танытып, сұрастырғанымда олар арзан екенін түсіндірді. Содан қанша ақша кететінін есептеп, ақырындап қаржымды жинай бастадым. Шамамен болды-ау дегенде бірден шекара асуға бел будым. Әрине алғаш рет өзге елге жалғыз бару, өзіңе ұнағанды таңдап сатып алу, ұзақ жолды бағындырып көлік мініп келу көңілге қорқыныш ұялатқаны рас. Іштей үрей болды. Бірақ бел буып қойғаннан соң ұшаққа билет алдым. 2 күн бұрын сатып алуыма байланысты Қазақстаннан Грузияға ұшақ билеті – 170 мың теңгені құрады.
Содан межелі күні сол елге ұшып барып, бірден көлік базарына тарттым. Күні бойы өзіме ұнағанын алу үшін асықпай қарадым. Бірақ сол күні көңілден шығатыны болмады. Кеш қарайғанда қонақ үйге орналастым. Содан ондағы адамдардың айтуы бойынша интернет беттерінен қарай бастадым. Ақырында түн мезгілінде бір көлікке көзім түсіп хабарластым. Ол тура мен барған базардың екінші бетінде сатып тұр екен. Сонымен келісіп, күн жарықта кездесетін болдық”, - деп бастады әңгімесін Айхат.

Ертеңінде бірден сол келіскен адаммен кездесуге барған. Көлікті толық қарап, саудаласып, бағасына келісіп сатып алуша шешім қабылдапты.

Қазақстандағы көліктерден 2 есеге арзан

Қазақ жігіті Қазақстандағы көліктердің әлдеқайда қымбат екеніне сол елде көз жеткіздім дейді. Сөзінше елдегі 10-13 миллион тұратын транспортты сол жақта 4-5 миллионға сатып алуға болады екен.

“Жалпы Грузияда көлік өте көп және арзан. Салыстырмалы түрде айтайын, біздегі көліктерден 2 есеге арзан. Мен мысалға 2019 жылғы көлікті 4 жарым миллионға сатып алдым. Ал ол біздің елде 10-11 миллион теңге тұрады. Әрине бару, алу мәселесі жиі айтылады ғой. Бірақ мен осы тұста Грузиядан көлік алып келудің басты бағыттарын айта кетейін. Мен мысалға көлік иесімен саудаласып, келіскен бағаға тоқтадық. Сол базарда құжат рәсімдейтін орталық бар екен. Сол жерде сатып алған көлігіңізді экспортқа шығаруға арналған құжат дайындап, транзиттік нөмір беріп, сіздің атыңызға рәсімдеп береді. Ол қызметтің құны – 100 доллар.

Мұнан кейін сол базарда қазақтың жігіттері жүреді. Міне солар сізге көлікпен Ресей жерін басып өтуге арналған құжат дайындап береді. Оған 400-500 доллар мөлшерінде ақша төлейсіз. Ол шамамен 5-6 сағатта дайын болады. Осы 2 құжатты толық аяқтағаннан кейін болды, жолға шыға бересіз. Мен көлікті Грузия астанасы Тбилисиден 30 шақырым жерде орналасқан Рустави деген қаладан сатып алдым. Сол жерден Ресей шекарасына дейін 200 шақырым жолды құрайды. Менің құжаттарым толық дайын болғанда кеш қарайып қалған. Содан сағат 20:00-де елге шықтық, - деп түсіндірді қазақ жігіті.

Шекарадағы кептеліс

Айхат Грузиядан Алматы қаласына дейін 4000 шақырым жолды 5 күнде жүріп келгенін айтты. Бірақ сол бағыттағы уақыттың басым бөлігін шекарадағы кептеліс пен Қазақстандағы ойлы-шұқыр тас жол жеп қойған.

“Кешке жолға шығып, түнгі сағат 00:00 шамасында Ресей шекарасына жеттік. Бірақ ондағы көліктердің, адамның көптігінен 5 сағат уақытым тек күтумен өтті. Ақырында кеден бекетіне жеткен соң астыңыздағы көлігіңізді уақытша тұраққа алып кетеді. Содан кейін құжаттарды тексеріп, Қазақстандағы қоятын уақытша тұраққа анықтама жазып береді. Бұл процес те 5-6 сағаттық уақытыңызды алады. Кейде тіпті 10 сағатқа созылып кетуі мүмкін. Бәрі дайын болғанда көлігіңізді тізгіндеп Қазақстанға қарай жолға шығасыз. Мен Астрахань арқылы келдім. Бұл жолмен Қазақстанға 1100 шақырым жол жүресіз. Біз шекарадан кешкі 4-тер шамасында қозғалғанбыз. Содан таңғы 5:00-те Қазақстанға жеттік. Осылайша ел аумағына кіріп, бірақ демалуға жаттық”, - дейді ол.

Сондай-ақ қазақ жігіті шекарада құжат рәсімдеуде қиындық болмағанын да түсіндірді. Тек уақыттарын сол кептеліс құртқан.

Жол тауқыметі

Бұл сапардағы ең қиын кезең елге кіргенде басталды дейді Айхат. Себебі жол өте нашар. Салдарынан болмашы ғана аралықты жарты күндеп жүруге тура келіпті.

“Шекарадан Атырау қаласына дейін 200 шақырым. Бірақ сол арылықты 7 сағат жүрдім. Жол жоқ десе болады. Осы тұста бұған дейін жүрген Ресей мен Грузиядағы тас жолдың тамашалығына таңғалдым. Әупірімдеп Атырауға жеттік. Одан әрі Ақтөбеге дейінгі 700 шақырымдық жолдың 100 шақырымы тағы нашар. Ақтөбе қаласынан Аралға дейінде жол масқара. Шынымды айтсам, осы аралықтарда қатты қиналдым. Дөңгелек жарылды, диск майысты дегендей. Осылайша бір көлік мініп келемін деп еліміздің қандай жағдайда екеніне бір көз жеткіздім”, - дейді Айхат.

Әр қазақстандық жаңа көлік мінуге тиіс деп ойлаймын

Жалпы оның айтуынша шетелден көлік мініп келмес бұрын басты мән беретін өзіндік ішкі заңдылықтары бар көрінеді. Яғни инфойс деген тізімге қарап, сол жердегі шекті бағамен құжатты рәсімдеу керек екен. Себебі неғұрлым көп ақша жаздырсаңыз, кеден бекетінде төлейтін салық соғұрлым қымбатқа түседі.

“Шетелден көлік мініп келем деушілерге айтарым, ең алдымен көлікті алмас бұрын алдын ала инфойс деген тізім бар, сол жерге бағасын дұрыс жаздыруға тырысу керек. Өзінің белгіленген шекті нормасына сай. Сіз өте қымбат баға жаздырсаңыз кедендік рәсім кезінде үлкен ақша төлейсіз. Көп адамдар осы жерден қателесіп, қымбатқа ұрынып жатады. Содан кейін міндетті түрде саудаласыңыз. Себебі оларға көлік өте арзан бағамен келеді. Ал ондағылар біз секілді қазақстандықтарға барынша қымбат сатуға тырысады. Сондықтан мың-мың жарым долларға дейін түсіртуге болады.

Менің ойымша әрбір Қазақстан азаматы жаңа, әрі жайлы көлік мінуге тиіс деп ойлаймын. Сол себепті шетелден мініп келуге қымсынбаңыздар! Мен мысалға сол шешіммен бір апта уақытымды жұмсадым. Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін маған 10 күн уақыт берілді. Осы аралықта уақытша тұраққа жеткізіп, кедендік салықты төледім. Егер кешіктірсеңіз сізге әр күніңіз үшін шамамен 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Сол ақшаны төлегеннен кейін емін-еркін ел ішінде жүре берсеңіз болады. Бірақ белгілі бір уақыт аралығында ғана. Себебі сіз сол кезең ішінде "Жасыл даму" компаниясына утил алым мен алғашқы мемлекеттік тіркеу нөмірі үшін белгіленген соммасын төлеуіңіз керек. Содан кейін қазақстандық нөміріңізді алып, атыңызға толыққанды аударып аласыз. Бастысы ойыңызда бар ма, қорықпаңыз. Мен мысалға сол арманның жетегінде 2-3 миллион теңгедей қаражатымды үнемдедім”, - деп қорытындылады Айхат Сүлейменов өз сөзін.

Талқылау