Чемпион Елеусіновті салтанатты түрде марапаттау сәті (фото)
Рио Олимпиадасында финалға шығып, өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты жеңген қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов салтанатты түре марапатталды.
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елеусінов бокстан Олимпиада чемпионы атанды. Олимптің ең биік шыңына көтерілген Данияр Елеусінов ата-анасына және барша жанкүйерлерге алғысын айтты.
Данияр Елеусінов финалда ерекше ынта-жігерімен жұдырықтасты. Қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасының чемпионы деген атаққа қол жеткізді.
Жартылай финалда Гиясов марокколық чемпион Рабии Мохаммедті тізе бүктірген болатын. Ал Данияр Франция спортшысы Сулейман Сиссоконы жеңген еді.
Бүгін Олимпиада чемпионы атанған жерлесіміз осыған дейін 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, ол 2010 жылы және 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық санаттағы спорт шебері. Данияр Батыс Қазақстан облысының тумасы, қазіргі уақытта Астанада әкесі Марат Елеусіновтің қол астында жаттығады.
Еске сала кетейік, 69 келі салмақ «қазақтың салмағы» деп аталып кеткен еді. Осыған дейінгі үш Олимпиада ойындарында осы салмақта үш боксшымыз чемпион атанды. 2004 жылы Афина олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев Олимпиада жүлдегері атанса, міне, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төртінші спортшымыз Данияр Елеусінов чемпион атанды.
Жіберіп алмаңыз:
Әкесі: Данияр менің ғана балам емес, халықтың баласы