"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
Қазақстанда шамамен 20 миллиард баррель мұнай қоры қалған. Сарапшылар бұл қор алдағы 10 жылда таусылады деп болжап отыр. Stan.kz тілшісі мұнайға тапшылық туындаса, не болатынын, бұл еліміздің экономикалық, саяси жағдайына қалай әсер ететінін мамандардан сұрап білді.
Фото: Pixabay.com
2023 жылы 87,7 миллион тонна мұнай өндірілсе, соның 13 миллионы таусылуға таяған кен орындарынан алынған. Жаңа кен орындарын ашу мен барлау жұмысына жеткілікті көңіл бөлінбеуі саланың дамуын тежеп отыр.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, Қазақстанда шамамен 20 миллиард баррель мұнай қоры қалған. Оның 8-10 миллиарды "Қашаған" кен орнында сақталғанымен, шикізат өндіру қарқыны төмен. Колжетімді 10 миллиард баррель мұнайды қазіргі қарқынмен өндірсек, қор 10 жылға ғана жетуі мүмкін. Ал қалған мұнайды игеру техникалық және қаржылық тұрғыдан күрделі болмақ.
Саясаттанушы Замир Қаражанов мұнайдың сарқылуы бірқатар қиындықтарға әкелетінін айтты. Расында да халықтың жағдайы төмендеуі мүмкін.
“Әрине, көбіне “осы мұнайдан ешқандай кіріс көріп жатқан жоқпыз, бізге пайдасы тимеді” деп шағымданып жатады, бірақ расында оның әсерін білмейді. Егер мұнай болмаса, халықтың кірісі қазіргі деңгейден төмен болар еді. Бұл, әрине, кедейлік деңгейіне, халықтың табысына қатты әсер етеді. Мемлекетке балама қаражат көзін табу қажет”, – деді маман.
Алайда саясаттанушы мұнайдың бар-жоғы ішкі саяси тұрақтылыққа әсер етпейтінін айтты. Себебі ішкі саясатқа қоғамдық сенім, әлеуметтік салалар, т.б. ықпал етеді.
Алайда “қара алтынның” сарқылуы Қазақстанның басқа елдермен тауар айналымына әсер етеді дейді. Өйткені Қазақстанның сыртқы саудасының үлкен бөлігі мұнайға байланысты.
“Қазақстанның сыртқы саясатына қазір энергетикалық факторлар әсер етеді. Яғни Қазақстан энергетикалық ресурстарды жеткізуші ретінде белгілі. Қазақстанның энергия ресурстарын жеткізуі көп елдерді қызықтырып отыр. Сол үшін де Еуразия кеңістігінде ерекше етіп көрсетеді. Ал мұнайдың таусылғаны қызығушылықты төмендетеді. Бұл жағынан сыртқы саясатымызды өзгешеліктер болуы мүмкін. Бірақ көпвекторлы саясатымыздың өзі өзгермейді. Себебі ол мұнайға байланысты емес, ел басшылығы мен ұстанымына байланысты”, – деді Қаражанов.
Мұнайдың сарқылуы шетелдермен қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?
Маман көрші ел Ресеймен қарым-қатынасымызда ештеңе өзгермейді дейді. Себебі Ресей Қазақстан сияқты ел, мұнай өндіреді және энергетикалық ресурстарды экспорттайды.
“Ресеймен қарым-қатынасымызда мұнай факторы жоқ, әсері – нөл. Өйткені екеуіміз де мұнай өндіреміз және оны сатамыз. Сауда қарым-қатынасымызда да мұнай жоқ. Ал енді басқа елдермен қарым-қатынаста өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы, Қытай 2000-жылдардың басында бізден өте арзанға бір мұнай кен орнын сатып алды. Сол кезде АҚШ сарапшылары таңданып, Қазақстан енді Қытайдың ықпалында деп есептеді. Қытайдың Қазақстанмен әріптестігінің маңызды себептерінің бірі – бұл мұнай. Қазақстан Қытаймен шекаралас орналасқан, тұрақтылық пен қауіпсіз жеткізілім тұрғысынан өте ыңғайлы. Олар Каспий теңізінен Қытайға дейін мұнай құбырын салды. Енді мұнай болмаса, энергетикалық фактор да жойылады. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстанмен ынтымақтастығы сияқты басқа негізде құрылуы мүмкін”, – деді саясаттанушы.
Ал Еуропа елдері, соның ішінде Италия мұнайдан ең ірі тұтынушымыз дейді.
“Қазір Ресей Еуропадан кеткеннен кейін бізге мүмкіндік ашылды. Мұнай факторы Еуропамен қарым-қатынаста үлкен рөл атқарады. Бірақ қарым-қатынас онымен шектелмейді. Мысалы транзиттік фактор дамып жатыр. Мұнай болмай қалса, осы жағын ұстана аламыз. АҚШ-пен сауда айналымы айтарлықтай көп емес. Шамамен 4,2 миллиард доллар, бұл – Қазақста үшін аз сома. Демек АҚШ-пен қарым-қатынас та аса өзгермейді”, – деді сарапшы.
Саясаттанушы Түркиямен де ынтымақтастығымыз еш өзгермейді дейді. Өйткені екі елді біріктіріп отырған мұнай емес, мәдени және тарихи факторлар.
Замир Қаражановтың сөзінше, қазір экономика бойынша Орталық Азияда біз бірінші орындамыз. Бұл – қазба байлығымыздың арқасы. Әрине, Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы орнын ірі экономика мен үлкен қаржылық мүмкіндіктер сияқты факторлар анықтайтыны анық.
“Соңғы уақытта өзімізді жақсы көрсетіп жатырмыз, яғни түрлі жобаларға бастама жасай аламыз, өз ұсыныстарымызды ұсынып жүрміз, сайып келгенде, экономикалық көшбасшымыз. Мұнай болмаса, қазіргі экономикалық көрсеткіштің жартысынан да аз көрсеткіш көрсетер едік”, – деді ол.
Әрі қарай не істеу керек?
Алайда сарапшы уайымға салынудың қажеті жоқ дейді. Өйткені әлемде мұнайы жоқ елдер өте көп және олар қазба байлық болмаса да, күндерін көріп жүр.
“Әлемде мұнай өндірмейтін, мұнайы жоқ, мұнай жеткізуге тәуелді елдер көп. Соған қарамастан, олар өмір сүреді, бұл –қалыпты жағдай. Әрине, ол кезде елдің экономикалық саясатын өзгерту керек еді. Қазір мұнай бар, мұнай қауіпсіздігі жастығы бар. Ұлттық қор арқасында өткен жылдардағы дағдарыс кезеңдерін еңсеріп, бюджет тапшылығын жаптық. Енді мұндай қауіпсіздік жастығы болмаса, экономикалық саясатымыз сәл басқаша құрылмақ. Экономиканы әртараптандыру мәселелеріне көбірек көңіл бөлу қажет. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуіміз керек”, – деді сарапшы.
Айтуынша, мұнайдың таусылуы да елді жаңа қырынан дамытады. Өйткені үкіметті тек мұнайға сенуді қойып, жаңа шара қабылдауға мәжбүр болады.
“Әрине, мемлекет өмір сүруін жалғастырады, тек даму бағытын өзгертеміз. Ол мұнайға емес, ең алдымен адами капиталға тәуелді. Тиімді шешім – диверсификация, яғни экономиканы әртараптандыру. Мұнайға қатысы жоқ салаларға – өңдеуші өнеркәсіп, инновациялық салаға көңіл бөлінгені жөн. Сондай-ақ қазіргі жағдайды ескере отырып, бірінші кезекте квазимемлекеттік компаниялардағы мемлекеттің үлесін азайту керек деп ойлаймын”, – деді Қаражанов.
Ол кәсіпорындардағы мемлекеттің үлесі 50% болған жағдайда оларды бәсекелестік ортаға түсіру керек дейді. Сонда олар инвестиция тартып, өз активтерін жаңартумен айналыса бастайды, кейбір технологияларды тартады, сыртқы нарыққа шығады,.
“Екінші мәселе – нарықты реттеуден бас тарту. Бұл да бәсекелестік ортаның қалыптасуына әсер етеді. Біз монополиялармен күресуіміз керез. АҚШ-та Microsoft сынды компания монополиске айналып, нарықта үстемдік ете бастаса, оларды бөліп тастайды. Себебі бәсекелестік бағаны төмендетуге және өндірілетін өнімнің сапасын жақсартуға өте күшті әсер етеді”, – деді маман.
Экономист Мадина Қабжалалова мұнайдың азаюы Қазақстанға біршама қиындықтар тудырады дейді.
"Биыл Қазақстан өндіріс көлемін шектеуге мәжбүр болды, мұнай секторындағы тоқырауға әкелді. Бұл бірінші тоқсанда экономика өсімінің 3,7% төмендеуіне бірден әсер етті", – деді Қабжалалова.
Айтуынша, мұнай көптеген секторға әсер етеді.
"Мұнай секторы ұзақ жылдар бойы экспортты, мемлекеттік бюджетті және ЖІӨ-ні қалыптастыруда, сондай-ақ ұзақ мерзімді экономикалық дамуда шешуші рөл атқарып, Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі болды", –деді ол
Ол да мәселенің шешімі диверсификация яғни әртараптандыру арқылы дейді. Экономикалық әртараптандыру – бұл елдің немесе аймақтың экономикалық құрылымын кеңейту және күрделілігін арттыру, сол арқылы бір немесе бірнеше негізгі секторларға тәуелділікті азайту процесі.