Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"21-22 жасымда айына 1,5 млн табатынмын": Белгілі асаба Нұржан Аташ тойдағы гонорары, ақшамен шашу шашқан достары туралы

Жуырда шаңырақ көтеріп, отбасылы болған белгілі телерадиожүргізуші, асаба Нұржан Аташ беташарда орын алған ерекше шашу, алғашқы жұмысы, көлігі мен тойда асабалық қызметі үшін алатын нәпақасы туралы Stan.kz сайтына сұхбат берді. Айтуынша, алғашқы жұмысын 13 жасында бастап, 21 жасында өзі армандаған көлігін 21 мың долларға сатып алған. 

- Нұржан, осы күнге дейін талайдың тойын жүргізіп, қуанышына куә болдың. Жуырда өзің де шаңырақ көтердің. Тойда әнші достарың Нұрболат Абдуллин, Серік Ибрагимовтердің беташарда ақша шашуы көпшілік үшін өрескел көрінді. Өзің не ойлайсың? 

- Өмірде сантүрлі көзқарастар бар, сантүрлі ойлар бар өрбитін. Бір бөлменің өзіне бізді отырғызып қойса, сол бөлмені әрқайсымыз әртүрлі бағалаймыз. Әркімнің санасына қарай сараптауы, ой-өрісіне сай пікір білдіруі қалыпты жағдай сияқты. Ешкімге ештеңе айта алмаймыз. Дей тұрғанымен де қарапайым алты саны сіздер үшін алты болып көрінгенмен, маған басқа жағынан тоғыз болып көрінеді. Бәріміздікі де дұрыс болады. Дегенмен оң көзқарас, оң пейіл деген бар қазақта. Кез келген дүниені өз басым оң көзбен қарап, жақсы жағын табуға тарысамын. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан: "Егер біреуді даттайтын болсаң, даттамас бұрын бірінші 70 рет ақтап ал, 70 рет ақтай алмасаң, онда даттауға да құқың жоқ" деп. 

Ақшадан шашу шашқанға мен оң көзбен қараймын және басқалардың да оң көзбен қарауын сұрар едім. Қазақ қайбір қуанышында, мерекесінде, шаңырағындағы шаттығында шашу шашып бастаған. Ол - жақсылықтың белгісі. Адам не іздейді соны табады. Ол жерде мен үшін шын қуанып, жақсылығымды бөлісіп келген жақын бауырларым. Солардың достыққа деген адалдығын, мәрттігін айтып, басқаға үлгі болсын деудің орнына сынап жатқандар болды. Бұған жеңіл-желпі жаңалықтарға әуес, біреудің қуанышынан да сенсация іздеген журналистер кінәлі ме деймін. Менің достарым өздерін нағыз дос тұрғысынан көрсете білді, ал соны жаңалық қылып шығарған журналистер кәсіби деңгейлерінен шығып тұр ма? Біреулердің есінде болар, біреулер ұмытып қалған шығар, есімде сонау 1995 жылы мен бес жастағы баламын, сонда бір тойда үлкен әжелеріміз кәмпит пен бауырсақтан шашу шашқан. Біз баламыз, соны теріп жедік. Тамақты жерге шашып жатыр деп айтпаймыз ғой. Оны тез-тез жинап алып, қалтамызға салып, жұғысты болсын дейміз. Сонда қағаз ақшамыз нанымыздан қымбат па? 

Біздің де жігіттер өзінің жігіттігін, өзінің достығын, бауырына деген махаббатын әдемі қазақтың салтымен шашуды қалтасындағы қаражатымен жасады. Ол аянған жоқ, қысылып қалтасына тығып қойған жоқ, қазақтың мәрттігін, жігітке жарасатын жомарттығын, салт-дәстүрін жөн-жоралғысымен, оң ниетте, оң пейілді жандардың алдында жай ғана жасады. Ол теңгені ешкім мыжып, таптап жатқан жоқ.  Мен де БАҚ-та жұмыс жасайтын майталмандарға, бауырларыма бір-бірімізге оң көзбен қарап, қазақтың азаматтары бір-бірін көтеріп жатыр екен ғой, жігітке сай жомарттығын көрсетіп жатыр екен ғой деп жазса, қандай күшті деп жеткізсе екен деймін. Болатын елдің балалары бір-бірін батыр дегеннің сипатына келетін сияқты. 

- Бәрін қызықтыратын сұрақ: беташарда қанша түсті? 

- Бұл сұраққа нақты осынша миллион түсті деп жауап бермей-ақ қояйыншы. Өйткені адамның көзі болады, сөзі болады. Ниет пен пейілге байланысты ғой. Сол пейлімізге сай түсті. 

- Беташардың өзінде 150 адамдай жиналыпты. Үлкен той карантин аяқталғанда алда деп отырсың. Осы біздің қазақ үшін дарақылықтан арылып, үлкен тойларды өткізудің уақыты келген жоқ па? Карантин кезінде де ең жақын 30-40 адамның басын қосып, шағын мереке жасадық қой. Тойға несие алып, қарызданып-қауғаланғанша?

- Иә, бұйыртса, үлкен той алда, 500-600 шақты шақыратын қонағымыз бар. Мен үйдің жалғыз баласы болғандықтан, ата-анам да той жасағысы келеді. Отызға дейін қаншама тойда болып, жақындарымыздың қунышына куә болдық. Қазақта алыс-беріс деген болады. Енді біздің де қуанышымызға ортақтасуға шақыратын кез келді. Құдай сақтасын, бірақ біздің үлкен әулетімізде осыған дейін қанша той жасалса да, оның біреуіне де несие алып, қарызға батып, ешкім алақан жайған емес. Мұнда да барлығы ниет-пейілімзге келіп тіреледі. Анам үнемі "Нұржан, пейіліңе абай бол" деп айтып жүреді. Сол пейліміз азаймасыншы! 

Қазақ енді дархан далаға, термен келген атырапқа бекер ие болып қалды деп ойламаймын. Сол дархан даланың барлығы қазақтың дархан пейіліне, таза көңіліне бұйырған жері мен елі деп ойлаймын. Сондықтан қазақтың дархан пейілі мен ниеті ең керемет көрініс табатын, қазақи болмысын бейнелейтін жақсылықтарының бірі осы тойы болса керек. Қазақ тойын "қазыналы кеші" деп бекер айтпайды. Онда, менің ойымша, мұндай тойлардың болғаны жақсы. Жаратқан біздің жанымызға жақсылықты серік етіп берген. Серік етіп бергеннен кейін біз әрбір титтей қуанышымызды жақындарымызға дастархан жайып, олардың жақсы пейілін, былайша айтқанда батасын алуға құмар елміз. Қазақ батамен ел көгерген, жаңбырмен жер көгерген деп бекер айтпайтын сияқты. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Егер Алланың алдында ақ некелеріңді қиып жатсаңдар, оны садақа беріп, жария етіңдер" деген. Бұл сол Пайғамбарымыздан келе жатқан, мұсылмандыққа жат емес, жақсы дүние. Садақа дегеніміз не? Ол жақындарымыздың басын қосып, дәм татқызу. Мейманның қарнын тоқ ету, көңілін тоқ етіп, жүрегіндегі тілегін алып, ей, Алла, осы үйдің тағы бір қуанышына келіп кетейік деген қонақтың бір ауыз тілегін қабыл алмай ма? Шаңырақтан шаттықтың үзілмеуін тілеген халық емеспіз бе? Егер Аллаһ Тағалам пейіліңе, ниетіңе қарай шаттығыңа шаттық қосып тұрса, Аллаға асылық жасамай, жақындарыңмен бөлісу де меніңше мұсылмандықтың белгісі. 

Жоқ десең жоғаласың деген қазақ. Өзімнің ата-әжем, әке-шешемнен көріп келе жатқаным - сол бір жыртықты жамау етіп, жамауды жаңа етіп, жоқты бар етіп, барды бай етіп көрсете алатын қабілеті, осы күнге дейін қарнымыздың тоқ, көйлегіміздің көк, әрі қарай өсіп-өнуіне, жан-жағымызды тануымызға үлкен септігін тигізді. Мен қазақтың салт-жоралғылары, ата-салтын, інінің ағаны сыйлауын, жеңгенің алдындағы келіннің қызметі, ата-әженің алдындағы ағайындардың, абысындардың жолы мен сыйластығын тойдан көріп өскен баламын, Жанар. Сондықтан той деген бала ұрпақ пен аға ұрпақтың арасындағы дәнекер көпір. Сол дәнекер көпірдің діңгегі мықты болсын десек, сол тойдың төңірегіндегі текті дүниелерді көзімен көріп, көңіліне тоқып өсуіне септік жасап, ысырапқа жол бермесек, оның ешқандай айыбы жоқ деп ойлаймын. Алла осы қазыналы байлығымыздан айырмасын, тойы сарқылмасын, базары тарқамасын!


- Нұржан, үйленген қызың сенен біраз жас кіші. Жақын достарың қалжыңдап жатыр, Нұржан күйдірді, отызға келіп те жас қыз алуға болады екен деп. Таңдауың әдейі жасы кіші қызға түсті ме?

- Жоқ, мұның барлығы бұйрық қой. Күтпеген жерден танысып, күтпеген жерден үйлендім. Керісінше, анамнан сұраймын ғой шәй ішіп отырып, келініңіз қандай болғанды қалар едіңіз? Қай елден дегендей. Сонда анам "Нұржан, тым жас қыз алма, мен де 50-ден астым, жасарып бара жатқан жоқпын, жас қыздың білмейтіні көп, үйрету керек" деп. Бірақ бұйрық солай болып тұр. Шүкір, келіншегім барлығын үйреніп-біліп жатыр. Анама өзіңіз тілеп алдыңыз ғой деп қалжыңдап қоямын. 

- Нұржан, алғашқы табысыңды 13 жастан бастап тауыпсың. 21 жасыңда 20 мың долларға көлік мінемін деп өзіңе уәде беріпсің. Осы туралы тарқатып айтып берші. 

- Осы күнге дейін арқамнан қағып, Нұржан жарайсың деген ағайындардың алдында барлық жетістіктеріме жалғыз өзім жеткендей болып қалмасын деймін. Бұл - Алланың қалауымен, әке-шешемнің елге еткен еңбегі, Қыдырдың менің маңдайыма жазып бергені. Еңбекке ерте араласқым келді. Неге? Бір көрпенің астында өскен ағаларым түрлі қызметте, сауда-саттықта ақшаларын тауып жатқанда, менде тетелес өскен бала сияқты ақша табуым керек деген түсінік болды. 13 жасымда сол ағаларымның етегін баспай, жолын қуайын деп, балағына жармасып, төңірегінде жұмыс жасауға кірісіп кеттім. Үлкен қызметті атқару 13 жастағы жеткіншекке бұйыра қоймас. Дегенмен бір қапты, ағашты көтеріп, көлікке салысып жіберу сияқты жұмысты жасадым. 2000 теңге, 500 жүз теңге болсын, табыс тапқаныма көңілім тамаша болып жүрді. Басында "Позор қылдың бізді. Ұят емес пе? Жұрт не дейді? Не көрінді осы жаста жұмыс істеп?" деген анам. Бірақ көп ұзамады, бір он-он бес күннен кейін ауыр нәрсені көтергеннен болуы керек, жасөспірім кезім, белден шойылып, жатып қалдым. Анамның жылағаны бар: "Саған не жетпейді, Нұржан, қарның тоқ, киімің көк. Аллаға шүкір, әке-шешең аман, бауырларың, ағаларың бар жан-жағында. Табыс табатындай тығырыққа тіреліп жатқан бала емессің ғой" деп. Бірақ мен сол 13 жастан ақша табуға, еңбек етуге етімді үйреткеніме қуанамын. Егер сол кезде бастамағанымда, 18 жаста бәлкім үлкен-үлкен істерді бастауға менің бойымда құлшыныс болмас па еді. Сол бала кезімдегі еңбегім 18 жасымда дүйім жұрттың алдында той басқаруға деген сенімге ұласуына үлкен септігін тигізді.

Оқу орнында оқып жатып, біздің деканымыз Қанат Серікұлы, даналығы болса керек, бізді әдейі сынайтын. Жастарың қаншада деп сұрайды. 18-19 жастың ар жақ-бер жағы дейміз. Неге жеттіңдер, артқа қараған кезде еңселеріңді көтере алатындай қандай атқарған дүниелерің бар деп  сұрайды. Сол кезде, расы керек, айтарға сөз таппайтын жағдайлар болды. Сол кезде ағайымыз, жігіттер мен, 21 жасымда өзімнің еңбегіммен тапқан қаражатыма 21 мың долларға көлік алдым деп.

Сол сөзі санамда қалып кетті. Аға ініге дұрыс жол сілтей алды, сонымен қатар бізге әдемі түрде биік планка қойып берді. Мен сондай мақсат қойдым. 21-ден 22-ге қараған шағымда 21 мың долларға алғаш көлігімді - сол кезде дүркіреп тұрған S санатындағы Мерседес көлігін алып, сол ағайымның алдына барған едім. "Аға, мен де тура сіз сияқты сіздің жасыңызда сіз жеткен жетістікке жеттім, енді Алла қаласа, сізден асып түсем" деп күлгенім бар еді. Ағамыз шынымен 21 жасында қымбат көлікті алды ма, алмады ма білмеймін, бірақ бізге қуат беріп, солай ынталандырып қойғанына ризамын. Сондай бізге де аға болып үйрену керек. Жасымыз отыздан асып бара жатыр, артымыздан ерген інілерімізге ұрысқаннан  көрі, олардың қадамын нықтауға септігімізді тигізетін аға болу бұйыртсын. 

- Сонымен қатар, Нұржан, сенің жастығына қарамастан бірнеше баспанаң бар екен. Байқауымша, біздің қазақ балалары әлжуаз болып келеді. Бәлкім, ата-анасы алдына бәрін тосып, өбектей бергеннен болар. Сенің құпияң неде?

- Бұл өмірде барлығы бір-біріне себепші болады, бәрі бір-бірімен етене байланысты. 2000-шы жылдардың басында әкем Алматыдан 2500 долларға пәтер сатып алмай қойған. Оның орнына сол заманның жақсы көлігін алды. Алайда бір-екі жыл өтпеді, баспананың бағасы шарықтап кетті, ал көліктікі сол деңгейде қалды. Сол оқиға бала болсам да есімде қалыпты. Мен де алғашқы көлігімді алып, ол қолымнан келеді екен деп бір белестен өткен соң өзіме баспана алуды мақсат қойдым. Кім біледі, әлгі жағдай болмаса, менде ондай мақсат болмаушы ма еді. 

- Жалпы, өміріңнің барлық салаларында бірден өзгерістер болып жатыр, үйленіп, жұмыс орныңды ауыстырып жатсың - қиынға соқпады ма?

 - Мен ес білген кезден қатты армандайтынмын, Алладан қолым тимейтін дәрежеде жұмыс жасауды нәсіп етші деп сұрайтынмын. Менің жүрісім құр жұріс болмауын, жемісті жүріс болса екен, бір жұмыстан шығып, екіншісіне үлгермей, сол өмірім ләззат сыйласа екен деп Құдайдан тілейтінмін. Сондықтан өзім армандаған соң, қазір күпірлік болар бірдеңе айту. Үйдегілерге айтамын, бұл - тек қана бастамасы деп. Сондықтан бұдан тек күш-қуат алып, қиялым алысқа шауып жатады. Өміріме қандай жаңалық болып жатса да оның артында орасан жақсылық, қайыры бар екенін түсінемін. Негізі жақсылық та, жамандық та сынақ қой, біріншісін көтере аласың ба, екіншісінде сынып қалмайсың ба деген. "Русское радиоға" осыдан бір жарым жыл бұрын келгенде өзіме айтқаным бар: "Нұржан, саған тағы басқа есіктер ашылып жатыр" деп. "Европа Плюс" та сондай есіктердің бірі деп ниет етемін.

- Сен өткенде әңгіме арасында айтып қалдың, радионың жалақысына қыжалат емеспін. Бірақ радио өзімді дисциплинада ұстауға көмектеседі деп...

- Иә, ол да бар. Мен бұған дейін ресми тіркеліп, ешбір жерде жұмыс істеген емеспін. Не зейнетақы, әлеуметтік төлемдер түскен емес. Аптасына 2-3 күн ғана жұмыс істейтінмін. Барлық жұмысым той төңірегіндегі жұмыстар болатын. Ресми жалақым болмаса да, қара басымызды, жан-жағымызды алып жүруге шамамыз болатын. 18 жастан сол табысқа үйреніп қалғанмын. Осы сұхбатты оқып отырған адам бәлкім 80 мың, бәлкім 100-150 мың жалақы алатын шығар. Кесірлік қылғандай көрмесін, сондай табыс тауып жүргесін радионың айлығына назар аудармайтынмын. Тіпті бірнеше айлап айлығымды алмаймын да. Бірақ менің жалқау болып кетпеуіме радио үлкен септігін тигізеді. Қазір жұмысқа бара жатырмын деген сөздің өзі керемет. Әулеттегілер де айтатын, Нұржан, бір дұрыс жұмыс тапсай деп. Мен күлем, дұрыс жұмыс деген ол не деп. Туыстарымның ішінде 1-1,5 млн айлық алатын адамды білмейді екенмін, ал мен 21-22 жасымда айына 1,5 млн табатынмын. Кімдікі дұрыс жұмыс, кімдікі бұрыс деп мен күлетінмін. 

- Қазір, құпия болмаса, бір той үшін қанша аласың?

- Әр жұмыста карьерасы бар, тойда да солай. Осы карьералық белестерден өту жолында үлкен-үлкен жұмыстар атқардым. Қазір қазақтілді той-бизнестің шыңында тұрған Тұрсынбек Қабатов 15 мың доллар алады. Мен соның тек он пайызын ғана аламын. Әртүрлі қалаларда әртүрлі баға. Бұл гонорарға да 12 жылда келдім. Аллаға шүкір, одан да екі есе беріп, қара басымның абыройын биік қылатын ағаларымыз бар. Мен ол кісілерге гонорарым осындай деп айтпаймын. Ол кісілердің әулетінің тойына барғанда маған 3000 доллар ұстатып жіберетінін білемін. Сыйыма, сөзімнің олардың ортасында жұғымды болуына қарай құрметтеп жатады. 

- "Европа Плюс Қазақстан" радиостанциясына келіп жатырсың. Бұған дейін "Русское радиода" қызмет атқардың? Қандай жаңашылдығы бар сен үшін? 

- Радио мен үшін жаңалық. Радиода жұмыс істеуді тіпті армандамаппын. Актер болуды армандадым. Бірақ ата-анам Мәскеуге оқуға түсіп тұрған жерімнен кетуіме, актер болуыма қарсы болды. Олардың тілегінен аттап кете алмадым. Одан кейін тележүргізуші ретінде өзімді елестетенмін. Бірақ Алланың қалауымен радио да өміріме келді, жағымды өзгерістердің бірі болды. 

- Нұржан, сен басқа асаба немесе телерадиожүргізушілерге қарағанда шешендік қабілетіңнің арқасында бір төбе жоғары тұрасың. Бұл деңгейге қалай жеттің? 

- Расында да кез келген салада маман өзін үнемі дамытып отырмаса, онда тез қарайып қалады. Қазір барлығы қарқынды дамып келе жатқан заман. Бәсекелестік жоғары. Тек тіл байлығына ғана қатысты емес, басқа салалар бойынша өзімізді дамытуымыз керек. Мен көп кітап оқитын адамдар қатарынан емеспін. Жаңа бір кітаптарды, әдебиетті бірінші болып алып, өзімнің сөреме көшіретін жігіттердің қатарынан емеспін. Бірақ сондай кітап оқитын азаматтарға қатты қызығамын. Менің бойымда кітап оқуға деген қабілетім қарқынды емес. Дегенмен кітап оқитын адамдармен әңгімелескенді, дидарласқанды, сұхбаттасқанды жаным сүйеді. Және соны жақсы жасай аламын. Солармен жиі кездескенде құр отырмай, ауыздарынан шыққан құнды сөздерді жақсылап тұрып құлағыма құйып, жүрегіме қондырамын. Тіпті ұялы телефонымда арнайы жазба беттер бар, сонда естігенімді жазып аламын. Соны кейде қайта оқимын, есіме түсіремін.

Ой-өрісімді дамыту үшін менен ой-өрісі биіктермен өзімнің өмірімді байланыстыруға тырысамын. Тілім тамаша әңгімелерді тарқатпаса да, тікен тайдыра қоймайтын әдемі әңгімені өрбітпесе де, өз көзім көргендей, дидарласқандай етіп жеткізе алатын қабілетім жоқ емес шығар деп ойлаймын. Жақсының қасында бір жақсы жүреді өзі жақсы болған соң, жаманның жанында бір жаман жүреді өзі жаман болған соң деген бар. Бірақ кейде жақсының қасында бір жаман жүреді, сол жақсыдан үйренгісі келген соң. Өзіміз жаман болсақ та жақсының жанында жүріп, үйренуге тырысып-бағып жүрген жайымыз бар. Бойымыздағы бар дүниелерді барынша баптап жатырмыз. Біреудің алдына түсіп шабатын адуынды асаба болмасақ та, кейінгінің соңында жүріп қытымыр болып жүрген жігіт емеспіз. Ортасында әйтеуір, біреуден қалыспайық, біреуден озыспайық, жолымыз бен жөнімізді біліп жүрсек болғаны деген адамбыз. 

- Нұржан, ата-анаңды аузыңнан тастамайды екенсің. Олармен кез келген мәселе бойынша ақылдасасың ба?

- Жоқ, ақылдасатын дүниелер болады, ақылдаспайтын дүниелер. Мен өзімнің ішкі стержень дейді ғой, сол болмысымды жоғалтып алмас үшін өзім ғана шешетін мәселелер болады. 

 

Дайындаған: Жанар ЖАНСЕЙІТ

Талқылау