Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жан Байжанбаев жарнамалаған продюсерлік орталықтың 40 қызметкері 2,5 айдан бері жалақысын ала алмай жүр

Фото: instagram.com/zhan_baizhanbayev

Белгілі қазақстандық актер Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды. Өнер иесі жарнамалаған продюсерлік орталықтың шамамен 40 қызметкері 2,5 айдан бері жалақысын ала алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталықтағы жалақы дауы жайлы компанияның экс-қызметкері Treads желісінде жариялады. Олардың айтуынша, Jan production компаниясы жалақыны 7 наурызға дейін беруге уәде еткен. Алайда әлі күнге дейін төленбеген.

Ол бұл сөздеріне дәлел ретінде кепілдік хатты жариялаған. Онда компания басшысы Ержан Едгебаев жалақыны 2026 жылғы 7 наурыздан кешіктірмей төлеуге міндеттенетіні, сондай-ақ жалақы бойынша қарыз бар екенін растайтыны көрсетілген.

“Бүгін 15 наурыз. Ал қызметкерлері әлі де жалақысын алмады. Екі айдан астам уақыт өтті, бірақ қызметкерлер адал еңбегімен тапқан ақшасын ала алмай жүр. Бізге мөрі басылған кепілдік хат берілді, онда жалақы бойынша қарыз 7 наурыздан кешіктірілмей төленетіні көрсетілген. Алайда бүгін 15 наурыз, бірақ ақша әлі де төленген жоқ”, – деп жазды ол.

Енді компания басшылары көлік, үй және басқа да мүліктерін сатып жатқанын айтып, тағы біршама уақыт күте тұруын сұраған. Бірақ нақты мерзімі айтылмаған, бұған қоса, олар хабарлама мен қоңырауларға мүлдем жауап бермейді.

Жалақының кешіккенінен шамамен 30-40 адам зардап шеккен.

“Көптеген қызметкерді еш ескертусіз, өзге шешім қалдырмастан жұмыстан шығарып жіберген. Көп адамның несиелері, отбасылары және түрлі міндеттемелері бар. Бірақ қызметкерлер әлдеқашан еңбегімен тапқан жалақыларын әлі күнге дейін ала алмай отыр”, – деп жазды ол.

Қызметкерлердің сөзінше, олар полицияға арыз түсірген, мәселеге ата-аналар да араласқан.

“Біз ешқандай артық нәрсе талап етіп отырған жоқпыз. Біз тек өзіміздің адал еңбегімізбен тапқан ақшамызды алғымыз келеді”, – деп жазды ол.

Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды

Ал компания не дейді?

Stan.kz жағдай бойынша түсініктеме алу үшін компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында көрсетілген нөмірге байланысқа шықты. 

Компания мәліметінше, “Jan Production” ЖК-де уақытша қаржылық қиындықтар туындауына байланысты жоба аясындағы кейбір жұмыстар уақытша тоқтатылған. Жағдай тұрақталғанға дейін барлық сабақ тоқтатылып, жаңасы өткізілмейді. 

Сонымен қатар жағдайды реттеу жолдары қарастырылып жатқаны хабарланды.

“Компания клиенттер алдындағы міндеттемелерінен бас тартпайды. Қазір жағдайды реттеу жолдары қарастырылып жатыр: қаражатты ішінара қайтару немесе компания қызметі тұрақталғаннан кейін жобаны аяқтау. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кәсіпкерді оңалту (реабилитация) рәсімін қолдану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр”, – делінген хабарламада.

Жан Байжанбаевтың басы дауға қалды


Белгілі актер Жан Байжанбаев мемлекеттік наградамен марапатталды

"Әлеуметтік желіде бір-бірімізді оқымаймыз": Актер Жан Байжанбаев алғаш рет жұбайын көрсетті


Бұл продюсерлік орталық Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында сериалдарға түсіру үшін кастингтер өткізген. Олардың арасында “Рэкетир” фильмінде кәсіпкер рөлін сомдап, қазақстандықтар арасында кең танымал болған Жан Байжанбаев қатысқан жобалар да бар.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясы 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтқаны хабарланған еді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 20:51