Аттасы өмірін 10 жыл бойы улаған: Қарағанды облысы тұрғының аты-жөні бірдей адамнан жапа шекті
Қарағанды облысының тұрғыны аттасының кесірінен бірнеше жылдан бері жапа шегіп келеді. Ол өзінің қайтыс болмағанын былай қойғанда, сотты болмағанын, АИТВ жұқтырмағанын дәлелдеу үшін талай есікті тоздырып, қарызға белшесінен батуға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Фото: еgov.kz
Олег Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде тұрады. Ол 1986 жылы дүниеге келген. Жеке куәлігінің мерзімі өтіп, ауыстыруға барғанда, куәлігі 2007 және 2011 жылдары екі рет ауыстырылғаны мәлім болады. Құжатта аты-жөні, жеке нөмірі дәл келгенімен, туған күніне қатысты деректерде айырмашылық болған.
Сол күннен бастап ол құқық қорғау органдарына қандай да бір қате кеткенін дәлелдей бастайды. Алайда сол күйі жеке куәлігін ауыстырта алмайды.
Мәселенің мән-жайы кейін анықталады. Олегтің сергелдеңге түсуіне аттасы себеп болып шығады. Екеуінің аты-жөні бір болғанымен, аттасы Олегтен бір жас үлкен әрі Алматы облысының тумасы болып шығады.
Олегтің аттасы түрмеде жатқанда колония қызметкерлері оған Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы әділет басқармасы мамандарының көмегімен жеке куәлік жасатып береді. Анығырақ айтсақ, базадан қарағандылық Олегтің деректерін тауып алып, куәлікке сол деректерді енгізеді.
Ал 2013-2016 жылдары әлгі адамға іздеу жарияланғанда, оның кесірі Олегке де тиіп, ауылынан аттап баса алмай қалады. Сондай-ақ жеке куәлігі болмағандықтан жұмысқа да орналаса алмаған, некесін де тіркете алмаған. Бұған қоса аттасы бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, рецидивист ретінде және АИТВ жұқтырған адам ретінде тіркеуде болған.
Осы жылдар ішінде Олег Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіне, Өскемен қаласының АХАЖ бөліміне жүгініп жүріп, 2016 жылы жеке куәлікке қол жеткізеді. Алайда шырғалаң мұнымен бітпейді. 2021 жылы ол қызметтік көлікті сақтандырмақ болғанда, өзінің “қайтыс болып кеткенін” біледі. Сөйтсе, аттасы сол жылы қайтыс болып кеткен екен. Олег енді өзінің тірі екенін, базада қате кеткенін дәлелдеу үшін бірнеше қайтара сотқа жүгінеді. Қорғаушы жалдау үшін несиеге белшесінен батып, күні қарап отырған қорадағы үш сиырын сатуға мәжбүр болады.
“Актілік жазба сот шешімімен ғана жойылды. Соттылық, әкімшілік айыппұлдар, АИТВ бойынша тіркеу, іздеу жарияланғаны жөніндегі деректер прокуратураға жүгінгеннен кейін ғана өзгертілді”, – дейді ол.
Оның өзінде АИТВ жұқтырғандар тіркеуінен 2024 жылы ғана шығарылған.
Олег бірнеше жылға созылған шырғалаңға кінәлілерді жазаға тартып, жұмыссыз қалған жылдарындағы ала алмаған әлеуметтік төлемдері мен басқа да шығындарын және 10 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріп алу үшін Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің, “Азаматтарға арналған үкіметтің” облыстық бөлімшесінің үстінен сотқа жүгінген.
Алайда бұл әрекетінен нәтиже шыға қойған жоқ. Полиция өкілі бұл жайттың сонау 2013 жылы басталғанын меңзеп, ескіру мерзімін қолдануды сұраған. Ал түрмедегі адамға жеке куәлік берген Жарма ауданының әділет басқармасы тіпті тарап кеткен, ауданның өзі қазір Абай облысына қарайды. Соттың шешімімен бұл жайт қайтыс болған К.О-ның кінәсінен болған деп есептеліп, жәбірленушінің мүддесіне 500 мың теңге ғана өндірілген.