Елімізде жасөспірімдер неліктен есірткі таратумен айналысады және оның қалай алдын алуға болады
Елімізде өткен жылы есірткіге байланысты қылмыс жасағаны үшін 60 жасөспірім ұсталған. Мамандардың айтуынша, олардың көп бөлігі тыйым салынған заттарды тарату арқылы мол қаражатқа кенелгісі келсе, енді бір бөлігі айналадағы әсерінен тәуелді болып жатады. Мамандар отбасылық жағдай, ортаның қысымы, жағдайдың жоқшылығы мен әлеуметтік желі жастардың шалыс қадам басуына әсер етіп жатқанын айтты. Stan.kz тілшісі мұның алдын алу үшін елімізде қандай шаралар жүргізіліп жатқанын сұрап білді.
Фото: pixabay.com
Мамандардың пікірінше, жастардың есірткі қолданатын ортаға түсуі әртүрлі факторларға байланысты. Ата-аналар тарапынан көңіл бөлінбеуі, қолдаудың болмауы да осындай зардаптарға ұрындырып жатады. Көбіне олардың ата-аналарымен эмоциялық байланысы болмай жатады екен.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Медетбек Смағұлов ата-аналар тарапынан көңіл бөлінбеуі, отбасындағы ұрыс-керістер, зорлық-зомбылықтың бала психологиясына қатты әсер ететінін алға тартты.
“Өздеріне жеткілікті көңіл аударылмағандықтан жасөспірімдер түрлі ортадан қолдау іздеуі мүмкін. Әсіресе көбіне есірткі қолданатын орта осындай кезде пайда болады”, – деді ол.
Балалардың есірткіге еліктеуіне бірнеше психологиялық және ақпараттық факторлар бар:
- қызығушылық және жаңа беймәлім нәрселердің әсерін көруге ұмтылу. (Жастар көбіне жаңа және тәуекелі жоғары нәрселерді көргісі келеді. Бұл өз кезегінде есірткіге тәуелділікке алып келуі мүмкін);
- психологиялық тұрақсыздық. (Өзіне сенімсіз, ұялшақ немесе өзін-өзі бағалауы төмен жасөспірімдер ішкі мәселелерді шешуге тырысып, есірткі қолдануға бейім болуы мүмкін);
- есірткі туралы ақпараттың қолжетімді болуы. (Бұқаралық ақпарат құралдарында есірткі жайлы өте көп ақпараттардың қолжетімділігі және кең таралуы жастардың қызығушылығын тудырып, оны қолданудың қандай қауіпті екенін ескермейді).
Жоғарыда айтылғандардан басқа әлеуметтік және отбасылық факторлар да әсерін тигізуі ықтимал. Құрбы-құрдастарының да ықпалы болады. Қасындағы дос-жарандарының қысымы немесе топқа сәйкес келуге деген ұмтылыс жасөспірімдерді есірткіні қолдануға итермелейді. Сәнді болуға немесе компанияда ерекшеленуге деген ұмтылыс та жастарды есірткі қолдануға ұрындыратынын да атап өткен жөн.
Бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған тағы бір жайт, жастардың есірткі бизнесіне араласу фактілерінің де көбейюі. Кейбір жағдайларда жастар зардаптардың ауырлығын, есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын толық түсінбейді. Алайда ішкі істер органдары көп жағдайда жасөспірімдердің қылмысқа саналы түрде баратынын айтады. Тіпті оңай ақша табудың жолдары көретіндер де аз емес екен.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, өткен жылы құқық бұзушылық жасағаны үшін 60 жасөспірім ұсталған. Олардың 9-ы қазір бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр. Ал биыл жыл басынан бері 13 жасөспірім ұсталған.
Жасөспірімдерді есірткіден қорғау үшін не істеу қажет?
Елімізде бүгінде кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу үшін: дәрістер, акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар, конкурстар және т.б. түрлі профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі.
Биыл 2 айда 3 314 профилактикалық іс-шара, оның ішінде:
- 336 акция;
- 131 семинар;
- 1691 дәріс;
- 418 кездесу;
- 92 дөңгелек үстел;
- 89 конкурс;
- 124 мәдени-спорттық іс-шара өткізілген.
Денсаулық сақтау және білім беру органдарымен өзара іс-қимыл бірлесіп, екі мыңнан астам іс-шара (мектептерде – 1448, ЖОО-да – 750) жасалған. Ресми деректерге сай, аталған іс-шараларды өткізу барысында жасөспірімдер мен жастарды жалпы қамту 263,7 мыңнан астам адамды құраған.
Медетбек Смағұлов жастар, соның ішінде жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары ұдайы жүргізіліп жатқанын айтады.
“Осы мақсатта ІІМ жанынан Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына атақты блогерлер, қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар және т.б. белгілі адамдар тартылды. Бұл профилактикалық жұмыстың нәтижелеріне оң әсерін тигізеді деп сенеміз”, – деп қосты ол.
“Оларды емдеуде отбасы үлкен рөл атқарады”
Елімізде кәмелетке толмағандарды нашақорлықтан емдеу ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүзеге асырылады.
Себебі мамандар кәмелетке толмағандарды нашақорлықтан емдеуде отбасының үлкен рөл атқаратынын айтып жүр. Сондықтан туыстары міндетті түрде процеске қосылуы керек екенін ескертіп жатыр. Ем кезінде тіпті науқастың жақындары отбасылық терапияға жіберіліп, қолдау және проблемаларды жеңу дағдыларын оқиды.
Елімізде әрбір кәмелетке толмаған науқас үшін олардың қажеттіліктерін, тәуелділік дәрежесін, физикалық және психикалық жағдайын ескере отырып, жеке емдеу жоспары жасалған.
Емдеу психиатрдың, нарколог-дәрігердің, психологтың және әлеуметтік қызметкердің кеңесін қамтиды. Қажет болса жасөспірімге дәрі-дәрмектер тағайындалуы мүмкін. Емдеудің негізгі курсын аяқтағаннан кейін жасөспірімдер мамандардың тұрақты кеңестері мен психологиялық қолдауына ие болады.