"7 мыңға жуығын қолдануға тыйым салған": Мамандар Қазақстандағы ескі лифттерді ажыратуды талап етті
Қазақстанда 7 мыңға жуық ескі лифттер әлі ажыратылмаған. Сарапшылардың айтуынша, 25 жылдан астам уақыт қызмет еткен құрал әбден тозған және өмірге қауіп төндіріп отыр. Ал тұрғындар ол үшін қаражат жинаудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Елімізде 7 мыңға жуық апаттық лифтілер бар. Мамандар олардың көпшілігі Павлодар, Қарағанды және Абай облыстарында екенін айтады. Олардың қатарында Шығыс және Батыс Қазақстан да бар. Бүкіл ел бойынша ескірген лифттерді ауыстыру 15 ақпанға дейін болуы керек еді. Мұндай шешім өткен жылы ЕАЭО-ға мүше елдер үшін ортақ техрегламент бекітілген кезде келді. Уақыт өтті, бірақ ештеңе өзгермеген.
Мәселен, Павлодарда лифттердің 70%-дан астамы әлдеқашан жарамсыз болып қалған. Пайдалануға аса қауіпті лифттер күнде адамдарды тасымалдап тұр. Тұрғын Валентина Внукова әр мінген сайын қатты қорқатынын айтады.
“Қатты қорқамын. Кутузов 89-дағы үшінші кіреберіске барғанымда жер асты әлемінде жүргендей боласың. Сонда да амал жоқ көтерілдім. Бірақ қатты қорқып тұрасың. Себебі лифт дірілдейді, тіпті тоқтап қалып, қайта жүргенде сықырлаған дауыстар шығады. Мұнда балалар да жүреді. Соны да ескеруі керек қой”, – деді Валентина Внукова.
Қазақстанның ұлттық лифтшілер қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың айтуынша, 15 ақпанға дейін елдегі барлық лифттерді ауыстыру жұмыстарын орындауға жергілікті атқарушы органдардың шамасы келмеген.
“Ескі лифттер іс жүзінде болмауы керек. Барлығын ауыстыруға тиіс еді. Алайда жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шеше алмайтынын көріп отырмыз. Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Әлі де маңызды болып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әлі 7 мың лифт бар”, – деді ол.
Лифт орнатушылар бұл мәселеге тұрғындардың немқұрайлы қарайтынын айтады. Олар ескісін ауыстыру үшін ақша жинамай жатыр екен. Ал бір лифттің құны шамамен 15 миллион теңгені құрайды. Сарапшылар болса бұған шенеуніктерді кінәлады.
“2025, 2026 және 2027 жылдары лифттерді ауыстыруға жыл сайын 13 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша меншік иелері 15 жылға дейін пайызсыз бөліп төлеу арқылы лифтті ауыстыра алады. Ол үшін тұрғындар 51% келісім жинап, жергілікті атқарушы органға өтініш беру қажет. Кейін барлық қажет пакеттерді, құжаттарды дайындайды және бюджеттік өтінімді тапсырады”, – деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті басқармасының басшысы Қызылдақ Медетова.
Мамандар бұл лифттерді жөндеу мүмкін емес екенін жеткізді. Себебі ескірген лифттерге қазір бөлшектер шығарылмайды. Сондықтан олар тек пайдаланушыларға ғана емес, шеберлер үшін де қауіпті. Соңғы бес жылда елдегі лифттерді реттеу кезінде кемінде төрт монтажшы қаза тапқан.