"Багажды 3 сағат бұрын өткізгенбіз": Қазақстандық Алматы әуежайында чемоданынан ақшасы ұрланғанына таңданды
Желіде қазақстандықтар әуежайда багажға тапсырылған жүктердің арасынан ақша, бағалы заттардың ұрланатынын айтып, шағымданды. Алматылық гинеколог Жанна Төремұрат Дубайға барар кезде осындай жайсыз жағдайға тап болған. Ол ұшар кезде чемоданын шатастырып алмас үшін әдейілеп ауызын күлгін жіппен байлаған. Алайда ұшақтан түсіп, жүгін алған кезде оның ашылып тұрғанын және ақшасының ұрланғанын түсінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Жанна Төремұрат желіде чемодандағы ақшасының әуежайда қалай жоғалғанын баяндады.
“Міне қараңыздар, мынау біздің чемодан. 3:50-де ұшатын рейске біз кешігіп қалмайық деп сағат 1 болмай келдік. Үш сағат бұрын багажымызды алдын ала өткізіп жібердік. Сөйтсек, жүгіміз әуежайда үш сағат жай тұрмаған екен. Жақсылап чемоданымызды ақтарған.
Жиналған кезде “сұр чемодандармен шатастырып алмайық” деп анам әдейіліп лента жіппен ұстайтын жеріне белгі салып қойды. Тура осындай жіппен екі замокты ашылып кетпесін деп бір біріне қысып байлап тастады. Тіпті сол кезде мен “ертең аша алмай қап жүрмейікші” деп күлгенмін. Қонған кезімізде паспорттық бақылаудан өткенше, чемоданымызды бірден әкеліп қойды. Чемодан тек Алматыда ғана 3 сағат багаждар бөлімінде тұрды. Жүгімізді алсақ, құлпы ашық тұр. Анам бірден байқап: “ашылып қалуы мүмкін емес” деді. Мен болсам “не болсада қонақүйге жетіп алғасын ішін көрейік, бәлкім жіп түсіп қалған шығар” дедім”, – деп шағымданды алматылық.
Белгілі болғандай алматылық тұрғынның чемоданынан 200 доллардай шамамен 100 мың теңгеге жуық ақша ұрланған. Әлі елге оралмағандықтан ол әзірге шағымданып үлгермеген.
“Қызымның алтын сырғасын,көйлегін, әшекейлерін ұрлап ломбардқа тапсырған”
Бұл мәселені өзге қазақстандықтар желіде қызу талқылады. Айтуларынша, еліміздің әуежайларында мұндай жағдайлар жиі болып тұрады.
“Алматы аэропортына сенім жоқ,былтыр қызымның алтын сырғасын, көйлегін, әшекейлерін ұрлап алып,арыз жазып отырып қайтарттық. Сол жерде багажды таситын кісі алып,ломбардқа өткізіп жіберген,сол арқылы тапты”, “Алматы әуежайында ұрлық туралы бұрын көп еститінмін, тағы басталған ба?”, “Сканер жасаған кезде ішінде не бар екенін бақылап отырады. Ақша жұмысшылар алады, кейін олардың алғанын дәлелдеу өте қиын”, “Бізде тіпті сыртын орағанымызды ашып тастаған. Шағымданған кезде жұмысшылар қаптаманың бір жерге ілініп қалып содан жыртылғанын айтып ақталды. Дәлеледей алмадық”, – деп жазды пікір білдірушілер.
Stan.kz тілшісі осы оқиғаға байланысты Алматы әуежайынан жалпы жолаушылардың жүктерінің қаупсіздігіне кімнің жауап беретінін сұрады.
“Ұрланған ақшаға байланысты біз пікір бере алмаймыз. Мұны жолаушы арызданған полиция, құқық қорғаушылардан ғана сұрай аласыздар. Ал жүктердің қауіпсіздігіне келер болсақ, бұған әр авиакомпания жауапты. Жеке билетті рәсімдеу кезінде жолаушы мен авиакомпания әуе тасымалы шартын жасайды. Оның шеңберінде жіберілген багажды бүлдіргені, сақталғаны талап етілмеген және межелі жерге жеткізгені үшін авиакомпания жауапты. Яғни жүктің қауіпсіз жеткізіліміне де компания жауап береді.
Ал жоғарыда айтылғандай жағдайларда жолаушы тек тасымалдаушыға (авиакомпанияға) талап қоюға құқылы. Егер багаж зақымдалған болса, жолаушы әуежайда бірден Lost & Found бөлімінде багаждың зақымдануы туралы акт (PIR) жасауы керек)”, – деді Алматы әуежайының баспасөз қызметі.
Зат ұрланбас үшін бес кеңес...
Дегенмен әуежай әр әуе компаниясының жүкті тасымалдауда түрлі ережелерді ұстанатынын алға тартты. Мәселен, кейбір компаниялар жолаушылардан чемодандарын оңай тексеру үшін тез ашылатындай етіп қапталуынн талап етеді. Ал кейбір компаниялар керісінше, заттардың қауіпсіздігі үшін иесіне құлып салып жақсылап орайға кеңес береді.
Редакциямыз түрлі әуе компанияларының багаж тапсырудағы талаптарын қарап саралай келе, чемодандағы бағалы заттар жоғалмас үшін мынадай кеңестер береді:
- Жолға шыққанда қымбат брендтегі, дизайнерлік үлгідегі бірден көзге түсетін чемоданды қолданбағаныңыз абзал. Себебі ұрылар көптеген жүктің ішінен ең бірінші, қымбатына көз жүгіртеді;
- Ешқашан чемоданға ақша мен құжат салмаңыз. Бұл өте қауіпті шешім. Себебі жүгіңіз жоғалып кететін болса, шетелде құжат пен ақшасыз қалып қою қаупі басым және жоғалған жүктің табылуына да біраз уақыт кетеді;
- Чемоданға арнайы кішкентай құлып орнатыңыз;
- Чемоданға арналған қап алыңыз немесе әуежайда багажды тапсырмас бұрын міндетті түрде сыртын арнайы пленкамен қаптатып алыңыз;
- Чемоданға қымбат әшекей бұйымдар мен көзге түсетін дүниелерді салмаңыз.
Бұл кеңестер қауіпсіздікті 100 % сақтамаса да, ұрлықтың алдын алуға көмектеседі.