Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқыны, Бишімбаев соты мен Шерзат өлімі: 2024 жыл қандай оқиғалармен есте қалды

2024 жылы баршамыз жер сілкінісі, су тасқыны сынды табиғи апаттардың куәсі болдық. Жыл атышулы Бишімбаев ісімен басталып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, кейін әскердегі әлімжеттік оқиғалары да ашыла бастады. 2024 жыл несімен есте қалды, қандай маңызды оқиғалар болды? Stan.kz тілшісі жылды қорытындылап, ел арасында қызу талқыға түскен жайттарға шолу жасады. 

"Майқайың-алтын" кенішінде құтқарушылар мінген автобус жер астына опырылып кетті

Фото: Павлодар облысы ТЖД

4 қаңтарда Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" кенішінде бір топ құтқарушы мінген автобус жер астына құлап кеткен. Сол күні ТЖМ қызметкерлері 2 құтқарушы – "Олег Тышкевич пен Сарқыт Бердіханның денесін таба алды, ал қалған екеуін және автобустың өзін табу үшін жарты жыл уақыт кетті. Айдос Шаймерденнің денесі 19 шілдеде, Айып Төлеубергеннің денесі 25 шілдеде табылды.

Шұңқырдың ұзындығы – 150-200 м, ені 500 м, опырылым тереңдігі 150 м.

ТЖМ шұңқырға жақындаған сайын қауіп артып жатқанын айтып, бірнеше рет іздеуді тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі тірі құтқарушыларға бірдеме болып қалуы мүмкін деген болжам болды. 

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың ауылында опырылған жерге жақын орналасқан үйлердің тұрғындарының өміріне қауіп төнгендіктен, жергілікті ауқымда техногендік төтенше жағдай жарияланған еді.

Кейін апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, "Майқайың-алтын" АҚ-ның алты жауапты қызметкері тергеу изоляторына қамалған. Бірақ бір күннен кейін олар үйқамаққа ауыстырылды. Ұсталғандар қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары, бас инженер мен өзге де басшылар бар. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов  барлығы отбасыларға көмек ретінде 183,1 миллион теңге өтемақы берілгенін айтты. Алайда сот Олег Тышкевичтің отбасына берілетін көмекті 120 миллионнан 30 миллион теңгеге төмендетті. 

Алматыдағы жер сілкінісі

23 қаңтарда Алматыда көпті дүр сілкіндірген 5 баллдық жер сілкінісі болды. Алматылықтар 00:09-да жер қатты сілкінгенін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7. Бұған дейін тұрғындар мұндай құбылысты сезбегендерін айтып, сол түні халық эвакуацияланды. Алматы көшелерінде кептеліс, ал жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек түзілген.

Сол түні жер сілкінгеннің салдарынан Алматы облысында 188 нысанның қабырғалары жарылып кеткені белгілі болды, дүрбелең кезінде қашып, қашпақ болған, терезеден секірген, т.б. себептермен 44 тұрғын жарақат алған. 

23 қаңтар болған қатты жер дүмпуінен соң 25 ақпанға дейін 8000-нан аса афтершок тіркелген. Оның 100-ден астамының магнитудасы 5 балдан жоғары болды. Тек 20-сын халық сезіпті.

Осы тұста көпті төтенше жағдай кезінде ескерту дабылы қосылмағаны ашуландырды. Алайда қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев та, Қасым-Жомарт Тоқаев та халықты дүрліктіріп, дабыл қосудың қажеті жоқ екенін айтты. Кейін дабыл қосылмағанының кесірінен 14 қызметкер, оның ішінде министрліктің төрт басшысы, сондай-ақ бес орынбасары, министрлік қарамағындағы ұйымның басшысы, аумақтық бөлімшенің басшысы мен оның орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Дәл осындай қуатты жер асты дүмпуі 4 наурыз 11:22-де болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 километр жерде орналасқан. Жер сілкінісінің магнитудасы – 6.1. Алматы үшін 5 балл.

Бұл жолғы дүмпу қалаға жақын әрі тік ( вертикалды) болды. Сол себепті тұрғындар гүрілдеген дыбысты естіді. Сондай-ақ жерді алып күш тепкендей қозғалыс бірнеше секундқа ғана созылған еді.

Осыдан соң бірнеше ай қаладан көшкісі келіп, үйін сатуға қойғандар көбейді, бірінші қабаттағы пәтерлер мен жер үйлерге, саяжайларға сұраныс артты. 

Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті

1 наурыздан бастап Қазақстан толық 5-уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Еліміздің батысы бұрынғы уақытында қалды, 13 облыс пен мегаполистер 1 сағат артқа шегінді.

Мұны сауда және интеграция министрлігі халық денсаулығына пайда деп түсіндірді. Олардың пікірінше, бұл өңір тұрғындары арасындағы уақытқа қатысты кедергілерді жойып, көлік жүйесі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің координациясын жақсартады. 

Алайда Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары үшін таң ерте атып, кеш ерте бататындықтан бірыңғай уақыт белдеуіне өту олар үшін қолайсыз екенін жеткізді. Бір айдан кейін халық бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқалы жарықты көбірек тұтынатынын байқады. Нәтижесінде электр энергиясына көп шығынданатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. 

Мамырда қазақстандықтар бұрынғы уақыт белдеуін талап етіп, петиция жариялады. Екі айда петицияда 50 мың қол жинап, министрліктің қарауына жіберілді. Дегенмен сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев петицияны қанағаттандырудан бас тартты. Бірнеше қазақстандық осы бойынша министрді сотқа бергенімен, жеңіліп қалды. 

Аталмыш наразылықтарды реттеу үшін министрліктер жұмыс орнындағы уақытты қалауынша ауыстыруға, дәл солай мектептегі сабақтардың уақытын өзгертуге рұқсат берді. 

Уақыт белдеуіне бойынша түпкілікті шешім шықса да, қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттеу үшін 54 миллион теңге жұмсалмақ. 

10 облыстағы су тасқыны

Биыл Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ірі  су тасқыны болды. Наурыз айынан 10 сәуір аралығында Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай жарияланды. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытауда су тасыды.

Атырауда, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары жағдай өте мүшкіл болған еді.

Зардап шеккен он облыстың су басқан аймақтарынан 96 500 адам, оның ішінде 31 600 бала эвакуацияланды. 8,5 миллион текше метрден астам су сорылды. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның бес облысында 3400 тұрғын үй мен 336 ауланы су басқан. 

Су тасқынынан келетін шығын шамамен 6 миллиард теңгеден асты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан үйлерi зақымданған қазақстандықтарға көмек көрсету үшiн 22 миллион теңге берілетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Атышулы Бишімбаев ісі бойынша сот ашық өтті

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Тергеуден соң сот отырысы 2024 жылы өтті. 

27 наурыздан 10 мамырға дейін жалғасып, онлайн-трансляция арқылы 24 сот отырысы өтті. 

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын Жоғарғы соттың YouTube арнасынан 3,4 миллионға жуық көрермен көрді. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Аустралия, Түркия, Оңтүстік Корея, Бангладеш және басқа елдердің тұрғындары да сотты бақылапты. Шетелдік БАҚ-та соның эфирі көрсетілді.

Эфирге бір ретте 250 мыңға жуық адам кірген. Көрерменнің 63%-ын 25 пен 44 жас аралығындағы көрермендер алды. 

Нәтижесінде Қуандық Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. 

Айтбек Амангелді Бишімбаевтан 1,5 миллиард теңге моральдық шығын талап еткені белгілі болды. Ал материалдық шығынды марқұмның ағасы 8 828 070 теңгеге бағалаған. Өйткені ол сот процестері кезінде қорғаушылардың жүріп-тұруына, қонақ үйге қомақты қаржы жұмсағанын алға тартты. Десе де Бишімбаевқа қылмыстық іс бойынша 6 877 672 теңге көлеміндегі шығын мен моральдық зиян келтіргені үшін 10 миллион теңгені өтеу туралы шешім шықты.

Атышулы істен кейін басқа да шенеуніктердің әйелдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін ашып айта бастады. 

Әйелін ұрған дипломат

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш күйеуінің жүйелі түрде ұрып-соғатынын айтып, шағымданды. Әйел 10 жыл бойы зорлыққа шыдап келе жатқанын жеткізді. 

Осыдан кейін сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды. 9 мамырда әйел Астанаға оралды. Ол қызметінен босатылды. Қауіпсіздік үшін Карина балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналасты.

Сәкен Мамаш денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 15 тәулікке қамалды. Одан соң оған қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы "Кәмелетке толмағанға немесе дәрменсіз күйде немесе қылмыскерге қаржылық немесе өзге де тәуелділікте және ұрланған немесе кепілге алынған адамға қатысты азаптау” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Әйелінің омыртқасын сындырған Мақат әкімі

Атырауда Мақат ауданы әкімі Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева отау құрған 11 жылда күйеуі ұрып-соғып, масқаралағанын айтты. Салдарынан омыртқасы сынған. Сөзінше, балаларын да тартып алған.

Ибрагимов үстінен іс қозғалған соң қызметінен кетті. Ол Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша сотталып, 2 жылға шартты түрде сотталды. Кейін апелляциялық сот оның жазасын 2 миллион теңге айыппұлға ауыстырды. 

Әйелі мен балаларын үйден қуып шыққан Әйтенов

Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтенов бұрынғы әйелі мен балаларын үйден қуып шыққан видеосы желіде тарады. Дана Әтешов бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтің үстінен бірнеше рет шағымданса да, ісі қаралмай жатқанына шағымданып, президенттен көмек сұрады. Кейін Әйтенов балаларына тек 50 мың алимент төлейтіні белгілі болды.

Әйтеновтың үстінен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі “Адамдарды сыйламаушылықты білдіретін, олардың тыныштығын бұзатын, әдепсіз сөз айту, қорлау, тұрмыстық заттарын бүлдіру” бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке қамауға алынды. Әйтенов те бұрынғы әйелін осы баппен сотқа берді. Бірақ оның балалары болғандықтан, ескерту жазасы ғана тағайындалды.

Әскердегі әлімжеттіктің өршуі: Комаға түскен Ербаян Мұхтар

Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатты. Науқастың анасы Гүлсім Қамиева ұлының еденге тайып құлап, жарақат алғанына сенбейтінін жеткізді. Айтуынша Ербаян алғашында ауруханаға түскен кезде есін жиып, өзін ұрғанын басын изеп, растаған. Ал кейін жігітке дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз тағы ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған екен. 

Ұлттық ұлан жігіт соққыға жығылды деген нұсқаны жоққа шығарды.

"Ербаян Мұхтаров Ұлттық ұланда қызмет ету кезінде түнгі екіде оянып, құлап, жарақат алған. Оның қазіргі жағдайына құлап қалуы себеп болмады. Емделу кезінде сарбаз инфекциялық ауруға шалдыққан. Өкінішке қарай, емделу кезінде пневмония жұқтырып, сондай-ақ қосымша ірің бөлінуімен гайморитпен ауырған. Дәрігерлер ота жасауды ұйғарған, отадан кейін сарбаз осындай күйге түсті", — деді Қайрат Үмбетов.

Әскери прокуратура іс "Денсаулыққа ауыр зиян келтіру арқылы әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзу" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал ескертпей миына ота жасаған дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қазір Ербаян комадан шықты. Ол Түркияға емделуге кеткен еді. 

Одан соң Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде сарбаз Нұржігіт Әбділпатта комаға түсті. Сөзінше, жігітті рота сержанты өкпесінен ұрған. Салдарынан 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға Жедел респираторлы вирустық инфекция диагнозымен жеткізілген. Ол комада 20 күн жатып, кейін Қордайдан Алматыдағы ауруханаға ауыстырылды. Қалалық ауруханаға жеткізіліп, жүрек соғысы дұрысталып, жағдайы жақсарған. Алайда толықтай жазылып шығуы үшін әлі де уақыт қажет болды.

сарбаз

Қазір Алматы гарнизоны сотында Нұржігіттің ісі бойынша сот отырысы болып жатыр. Оны ұрды деген сержанттың үстінен “Билікті асыра пайдалану” бабы қозғалды. 

Одан бөлек сарбаздардың өзіне қол салу жағдайы да жиіледі. Мысалы Арыс гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметкері өзінің басынан оқ атқан. Бірақ ер адам тірі қалды. Оның өзіне қол салмақ болғанын отбасылық жанжалға байланысты деп түсіндірді. 

Шығыс Қазақстан облысы мен Шахтинскіде де сарбаз өзіне қол салды. Ақтаудағы "Оймаша" полигонынында сарбаздың бетінен оқ тиіп көз жұмды. Прокуратура бұл істі “Қасақана өлтіру” деп тергейтінін мәлімдеді. Аягөздегі әскери бөлімшеде де сарбаз жарақат алып көз жұмды. 

Жаркент қаласында 14 қарашаға қараған күні 74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы капитан Дархан Дәулет мерт болды. Әскеридің жақындары оны үш сарбаз майордың тапсырмасымен соққыға жығып өлтірді дейді. Ал ұлттық ұлан қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан жарақат алғандықтан, мерт болды деп түсіндірді. 

Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдының соты

Қайрат Сатыбалды “Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру” (жылыстату) бойынша сотқа тартылды.

Тергеу нұсқасы бойынша Қайрат Сатыбалды "TexAlliance" ЖШС-нің көмегімен ақша жылыстатқан. 

"Сатыбалдыұлы 2018 жылдан 2022 жылға дейін қылмыстық жолмен алған қаражатын жылжымайтын мүлік объектілерін алуға не салуға (оның ішінде шетелде), Қазақстандық және шет мемлекеттердің банк шоттарына ақша салу, бағалы қағаздарды сатып алу үшін пайдаланған", – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.

Айыптау қорытындысы бойынша тұңғыш президенттің жиені заңдастырып алған ақша есебінен жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған:

  • Қазақстанда – жалпы сомасы 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге;
  • Ресейде – 840 572 948 рубльге, ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша – 4 млрд 202 млн 864 740 теңге;
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде – 162 млн 150 мың дирхамға, яғни 20 млрд 413 млн 63 мың теңгеге;
  • Францияда – 8 млн 300 мың еуро немесе 4 млрд150 млн теңгеге; 
  • Түркияда – 65 млн 237 мың лира немесе 4 млрд 25 млн 375 451 теңгеге. 

Сатып алынған мүліктің жалпы сомасы — 67 млрд 655 млн 203 758 теңге.

Одан бөлек оның үстінен салық төлеуден жалтарғаны үшін іс қозғалды. 

Агенттік өкілінің мәліметінше, биыл бірнеше нысан қайтарылған. Оның ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңге "Қайсар Tower" бизнес орталығының ғимараты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің меншігіне берілді.

Сонымен қатар Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының балансына құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді. Астанада құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үй "Астана қаласы әкімдігінің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету басқармасына" берілді.

Атап айтқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайтарған 153,3 миллиард теңгеге Қазақстанның бірқатар өңірлерінде 92 мың орындық 83 мектептің құрылысы қаржыландырылған. 

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы келтірілген шығынды өтеу мақсатында қайтарған жылжымайтын мүлік объектілерінің мемлекетке өткенін хабарлаған еді.

Ал бұған дейін ол Қылмыстық кодекстің “Сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру”, 28-баптың 3-бөлігі, 195-баптың 2-тармағы “Ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру” бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Кейін Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қанағаттандырып бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Гүлмира Сатыбалды

Ал Гүлмира Сатыбалды бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісовті 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай өз еркінен тыс үйқамақта ұстаны үшін сотталды. Сонымен қатар ол Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыпталды.

Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 126-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бойынша  6 жылға, "Бопсалау" бабы және 389-бабының 4-бөлігі "Өзбеттік" бойынша 5 жылға, барлығы ескеріліп жалпы 12 жылға сотталды.

Қызылордада 16 жасар қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды қатарластары есірткі беріп, сексуалды құлдықта ұстағаны мәлім болды. Қызды интимді сайтқа тіркеп, қызмет көрсетуге қинады дейді. Одан бөлек қыздан ақша бопсалаған. Оның оқиғасы “Немолчи” қорында жарияланды. 

Деректерге сүйенсек банктік картасына 1000 транзакция түскен. Анасы мұны көріп қатты шошыған. Себебі ол 1000 транзакция 1000 ер адамнан деп ойлаған. Жалпы есептегенде барлық сома 13 миллион теңге болған. Бұл транзакцияның ішінде оған ата-анасы жіберген ақша да бар. Қыздың қызметін бірнеше рет пайдаланған 200 ер адам тергелді.

  • кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту;
  • жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау;
  • бопсалау;
  • есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын қолдануға көндіру;
  • азаптау;
  • кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша іс қаралып жатыр.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха бұл істі өз бақылауында ұстайтынын айтты. Сөзінше, оқиғаға қатысты 13 адам күдікті деп танылған. Кейін тағы 11 күдікті анықталған. Оның бесеуі кәмелет жасына толмаған екен. 

Бүгінде екі адамға сот шешімі шықты. Біреуі жасөспірімді жезөкшелікке тартқаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал  тағы біреуі  "Бопсалау" бабы бойынша 4,5 жылға сотталды.

Асыранды балаларын нәжіспен тамақтандырып, аттың ауыздығын салған “Шалабай ата”

Шымкентте Ұлықбек Сманов алты баланы асырап алып, оларды азаптағаны белгілі болды. Ер адам балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған, ауыздарына аттың ауыздығын салған. Сондай-ақ үлкен баланың ақшалай жинақтарына қозы алып, оны балалардың өзіне баққызған.

Ер адам емшілікпен айналысыпты. Желіде оның адамдарды “емдеп”, “Шалабай атаның әруағы” деп әндеткені тарап кетті. 

90-жылдары ер адам өзін халық емшісімін деп жариялап, сеанстардың бірінде абайсызда адамды өлтіріп кеткен. Содан кейін іс қысқартылып, ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Шымкент қалалық қорғаншылық басқармасы бұл фактілер бала асырап алу құжаттарын рәсімдеу кезінде болмағанын айтты.

Алайда алты баланы ұрып-соғып, жәбірлеген өгей әке қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Оған параноидтық шизофрения диагнозы қойылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілді. 

Тек кәмелетке толмаған балаларға тәрбие беру міндетін дұрыс атқармағаны үшін әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Шерзат өлімі: Талғардағы шу

4 қазанда Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат мерт болды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. 

Бұл іс қазақстандықтарды елең еткізді. Себебі жасөспірімді бірнеше адам жабылып ұрған, пышақтаған видеосы тарады. Қазіргі таңда бұл іс бойынша 11 адам күдікті. “Баланы өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция бұдан бөлек тағы 4 іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір бұл іске 170 адам куәгер. 

14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Олар ауылда қауіпті “Хутор” бандасы бар екенін айтты, солардан зардап шектік деген тұрғындар оқиғаларын айта бастады. Хутор бандасының басшысы деп айтылған Хасан мұны жоққа шығарды. Десе де басқа қылмысқа күдікке ілініп, ол қамауға алынды. 

Бірнеше күннен соң Шерзаттың отбасының үйін өртеніп кетті. Полиция әлі күнге дейін күдіктілерді таппады. Осыдан соң олардың отбасын ұлттық ұлан күзететін болды. 

Шудан кейін Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры, Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары, Хасанның бауыры Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы қызметінен босатылды.

Десе де жағдай сейілмеді. 8 желтоқсанда Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ол бұл істе басты куәгер әрі жәбірленуші еді. Полицейлер ол қаланың шетінде асылып қалғанын айтып, “Өзін өлтіруге жеткізу” бойынша іс қозғады. Алайда жақындары бұған сенбей, істі “Адам өлтіру” деп қарауды талап етті. 

10 желтоқсан Нұрғанаттың жерлеуінен кейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов көшеге шығып, пышақты өзіне тақады. Ол журналистердің келуін талап етті. Шамалы уақыттан соң оны полицейлер әкетіп, “Ұсақ бұзақылық” бойынша ол 15 тәулікке қамауға алынды. 

Қаржаубай Нұрымовтың әпкесі Бақыт Реймова“Митингке шақыру” бабы бойынша 15 тәулік қамауға алу және елден депортациялау жазасына кесілді. Себебі ол Қазақстан азаматтығын алмаған делінген ақпаратта.

Туған қарындасы Салтанат “Бұзақылық” бабы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл төледі. Күйеубаласы да 15 тәулікке қамалды. 

Одан бөлек Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Полиция мәліметінше, ол полиция көлігінің дөңгелегін жарғандықтан, “Бөтеннің мүлкін бүлдіру” бабымен іс тергеліп жатыр. 

Қайырымдылық қорларындағы былық: Перизат Қайраттың қамауға алынуы

Желіде "Асар-Уме" қайырымдылық қорының шынайылығына қатысты пікір тарады. Оқырмандардың көбі қордың жұмысына шағымданып, милллиардтаған қаржы қайда кетіп жатқанына күмән келтірді. Олар есепті толық жарияламайтынын және ондағы қызметкерлеріне тым көп жалақы берілетінін айтып сынады. 

Бұдан соң BizBirgemiz қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілініп, 2 айға қамауға алынды. Одан кейін  Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған деп айтылды.

Агенттіктің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешені (тұрақ орындарын қоса алғанда), сонымен қатар "Vela Village" коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар агенттіктің ақпаратынша, қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жіберген қаражаты есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы "St.Regis", "Shangri-La", "Palazzo Versace" және "Kempinski" сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.

Кейін Перизат Қайрат туралы түрлі ақпарат шыға бастады. Астаналық келіншек Перизат екі жыл бұрын уәде еткен пәтерді сол күйі бермей кеткенін айтты. Одан бөлек ЖОО-ларда оның ұрлыққа қатысы болғаны туралы ақпарат шықты. 

Одан соң анасы да ақша шығаруға көмектескені үшін күдікке ілінгені айтылды. 

Ақтаудағы ұшақ апаты

Жыл аяқталар тұста 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ ішінде 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Салдарынан 38 адам мерт болды. Ішінде 6 қазақстандық болған еді, оның бәрі мерт болды. Ішінде 11 жасар бала да анасымен бірге болған.

Құтқару қызметі ұшақ апаты кезінде қаза болған Қазақстан азаматтары туралы ақпарат берді. Көбі Маңғыстау облысынан екен.

  • 36 жастағы Сәндібек Төлесінов – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны;
  • 39 жастағы Бауыржан Жұмағұлов – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны;
  • 46 жастағы Галина Махсудова – Ақтау қаласының тұрғыны;
  • 49 жастағы Гаухар Шаймерденова – Астана қаласының тұрғыны, бірақ Алматыда дүниеге келген. 
  • 11 жасар Эльдар Жұмағат – Астана тұрғыны. Гаухар Шаймерденованың ұлы. 
  • 29 жастағы Салима Джутаева Аманжолқызы – Қарағанды қаласының тұрғыны.

Желіде қаза болғандар туралы ақпарат тарады. Мәселен Гаухар Шаймерденова Астанада нотариус болған екен. Тележүргізуші Санди Сұлтан Гауһар Шаймерденованың ұшақта болғанын хабарлады. Журналист олардың дос екенін және ол 10 жасар ұлы Эльдармен бірге Бакуден ұшқанын айтты.

Ал Салима Джутаева Қарағандыда стоматолог болып жұмыс істегені белгілі болды.

Зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. 

Қаза болғандардың көптігіне байланысты Әзірбайжанда қаралы күн жарияланды. Баку әуежайындағы шыршалар алып тасталды. 

Әзірге ұшақтың құлауына не себеп екені нақты айтылмады, бірақ құстарға соғылғаны себеп болуы мүмкін деп айтылды. 

Талқылау