"Қаңтар-мамыр аралығында сұраныс азаяды": Маман баспана сатып алуға тиімді уақытты атады
Кейінгі 10 айда Қазақстанда пәтер бағасы орта есеппен 1% төмендеді. Әсіресе, Алматыда, Астанада, Ақтауда арзандағаны байқалады. Дегенмен риелтор жазда баспана қайта қымбаттайды дейді. Маман Алматыдан үйді қай уақытта алған тиімді екенін Stan.kz агенттігіне айтып берді.
Фото: El.kz
Алматыдан үй сатып алатындар неге азайған?
Биыл елде баспана бағасы төмендеді. 2024 жылғы ақпанда жаңа құрылыстағы пәтердің құны 1,4% түскен. Дегенмен үй арзандаса да, Алматыда пәтер сатып алатындар да күрт азайған. Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшы, риелтор Дулат Сүгірбайдың айтуынша, мұның бірқатар себебі бар. Біріншісі – елде ипотека бағдарламасының азайғаны.
"3-4 жыл бұрын баспананың бағасы күрт көтерілді. Ол кезде жастарға, жас отбасыларға арналған және тағы басқа түрлі мемлекеттік ипотека бағдарламасы көп болды. Яғни сұраныс болған соң, мүлік иелері пәтерді қымбат етті. Мұны байқаған кәсіпкерлер алып-сатумен айналысты. Дегенмен кейінгі уақытта, керісінше, пәтер ақысы шамамен 10% төмендеді. Себебі бюджеттен ақша аз бөліне бастады, сәйкесінше мемлекеттік ипотека бағдарламалары азайды. Тиімді бағдарламасыз халыққа үй алу қиындады. Сұраныстың азайғаны жылжымайтын мүлік нарығына ықпал етті", – дейді маман.
Дулат Сүгірбай. Фото жеке архивінен
Екіншісі – кейбір банк үй алуға қатысты шарттарын қиындатқаны.
"Көбі Отбасы банк арқылы үй құнының 50%-ын төлеп, 50%-ын несие етіп алады. Бұрын азаматтар бір бөлмелі үй алатын. Кейін қарыздарын жапқанда және нарықта үй қымбаттағанда сол пәтерін сататын. Сосын Отбасы банктан депозит шот сатып алып, қолына түскен ақшаны салып, бір аптаның ішінде екі немесе үш бөлмелі үй алатын. Қалған жетпеген ақшасын несие етіп төлейтін. Ал қазір олай істей алмайды. Қазір шотқа ақша салғаннан кейін алты ай бағалау көрсеткішінің өскенін күтуі қажет. Бұл қарапайым азаматтарға да, алып сатып жүрген кәсіпкерлерге де ыңғайсыз", – дейді маман.
Ал экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, тұрғын үй кешені нарығындағы қазіргі жағдай – зейнетақы қорынан қаржы алуға қатысты қабылданған заңның салдары.
"Бірнеше жыл бұрын Алматыда жаппай жаңа тұрғын үй кешендері салынды. Оған қоса мемлекет азаматтарға зейнетақы қорынан ақша алуға мүмкіндік берді. Мұны білген кәсіпкерлер үй құнын шарықтатып жіберді. Міне, сол кезде адамдар жаппай үй сатып алды. Қазір сол толқын басылды. Сол себепті үй сатып алып жатқандар салыстырмалы түрде аз болып көрінуі мүмкін”, – дейді Расул Рысмамбетов.
Расул Рысмамбетов. Фото жеке архивінен
Жер сілкінгеннен кейін жер үйге сұраныс артты ма?
Риелтордың айтуынша, Алматыда болған жер сілкінісі де азаматтардың үй сатып алып-алмауға қатысты ойын құбылтты. Мұны статистика да растап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылғы қаңтарда Алматыда алып-сату бойынша 8246 мәміле жасалған. 23 қаңтар мегаполисте жер сілкінген соң, көрсеткіш бірден 22% түскен. Ақпанда алып-сату бойынша 6434 мәміле жасалған. Наурызда тұрғын үйді сатып алу-сату ақпанмен салыстырғанда 13,6% төмендеген.
"Дегенмен бұл уақытша құбылыс болды. Адамдардың қорқынышы басылған соң, үйдің бағасы қайта бұрынғы қалпына келді. Жер сілкінгеннен соң жер үйге қызығатындар, оны сұрайтындар көбейді. Дегенмен сатып алатындар көбейді дей алмаймын", – деді Дулат Сүгірбай.
Экономист те жер сілкінісінің аса әсері болмағанын айтып отыр.
Инфографика: Ұлттық статистика бюросы
Қай уақытта үй сатып алған жөн?
Дегенмен сәуірде Алматыдан пәтер алатындар мен сататындар қайта көбейген. Наурызға қарағанда бұл көрсеткіш 18,4% өсті. Маманның сөзіне қарағанда, Оңтүстік астанадағы баспана біртіндеп қымбаттамаса, арзандамайды. Оған қоса теңгенің жылдан-жылға құнсызданып жатқанын ескеру керек. Ол үйді қаңтар-мамыр аралығында алуға кеңес береді.
"Көбі жазда демалысқа шыққанда үй алып-сатып жатады. Ал қыс пен көктемде үйге сұраныс аз. Мемлекет те ипотека бағдарламалары үшін қаржыны жылдың басында бөледі, бірақ ол толық іске асқанша жаз келеді. Сөйтіп барлығы жазда үй алады. Сәйкесінше, сататындар мүлкін қымбаттатады. Сол себепті сұраныс аз кезде, қаңтар-наурыз аралығында сатып алған жөн", – дейді риелтор.
Үй таңдағанда не нәрсеге мән берген жөн?
Дулат Сүгірбайдың айтуынша, қазір Алматыда көбіне бір бөлмелі пәтер алатындар көп. Себебі ол құны жағынан жастар мен жас отбасыларға тиімді. Ресми мәлімет бойынша, биыл сәуірде Алматыда алып-сату бойынша 1787 мәміле жасалған. Оның ішінде 1016-ы жер үй, 771-і көпқабатты тұрғын үйден алып сатқан. Бір бөлмелі пәтер бойынша 397 мәміле жасалған.
Krisha.kz сайтындағы ақпарат бойынша, Алматыдағы бір бөлмелі пәтерлердің бағасы кемінде 18 миллионнан басталып тұр.
"Жер сілкінісі үйдің қаншалық сапалы салынғанына мән беру керек екенін көрсетті. Үйдің құрылысына, сапасына назар аудару керек. Әрине, сапалы салынған баспана қымбаттау. Дегенмен инфляция, теңгенің құнсызданатынын ескеріп, қорықпай алу керек. Ипотекаға алсаңыз да, бірнеше жылдан соң төлеп жатқан ақшаңыздың құны түседі. Оған қоса тұрғын үй кешенінің құжаттарын мұқият тексеріп алған абзал. Себебі қазір қалада салуға толық рұқсаты жоқ тұрғын үйлер бар", – дейді жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшы.
Алматыда сатып алуға кеңес берілмейтін тұрғын үйлер тізімі шықты
Қазақстанда баспана арзандап жатыр – Статистика
Тұрғын үй кешеніне қатысты нарықты қалай реттеуге болады?
Экономист халықтың әлі басым бөлігі өзіне баспанаға алуға экономикалық мүмкіндігі жетпейтінін айтты.
“Біздің халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайы әлі тұрақты емес. Бірі жұмысқа орналасса, екіншісі айырылып жатады. Жұмыстың өзін табу да оңай емес. Сол себепті адамдар үй жалдап тұруды жөн көреді. Кейбірі әлі ақша жинап жүруі мүмкін”, – дейді маман.
Оған қоса ол Алматы мен Астанадағы инфрақұрылымда проблема көп екенін айтады. Айтуынша, тұрғын үйге қатысты нарықты тұрақты ету үшін мемлекетке өңірлерді дамытуға, онда баспаналар көбірек салынуына назар аударуы керек.
“Көбі Алматыда тұрғысы келеді. Бірақ қаланы жақсы көргеннен емес, басқа қалаларға қарағанда мүмкіндіктің бар екені және өмір сүруге жағдайдың ыңғайлы екені үшін келеді. Мұнда білім жоғары, сапалы медицина қызметі бар. Бірақ Алматы мен Астанадағы инфрақұрылымда проблема көп. Бұл қалалардағы құрылысты тоқтатқан жөн. Оның орнына мемлекет өңірлерге тұрғын үй кешенін салғызуы керек. Тұрғын үй кешендерін жеке құрылыс компаниялары салып жатқан соң, мемлекет оларға ешқандай шектеу қоя алмайды. Дегенмен олардың қаржыға қатысты есебін ашық ете алады. Әрине, Алматыда, Астанада құрылыс тоқтаса, мұндағы үйлер теңгемен есептегенде тағы қымбаттауы мүмкін. Есесіне басқа өңірлер дамиды, нарық кішкене реттеледі және қолжетімді баспаналар пайда болады”, – дейді Расул Рысмамбетов.