“Алмайын десем, үй жоқ, алайын десем, ішім ашиды": Қазақстандық азамат ипотека үстемақысының көптігіне наразы болды
Желіде қазақстандық азаматтың Halyk Bank-тың ипотека үстемақысына наразылық білдірген жазбасы тарады. Айтуынша ол 30 милионға бағаланға үйді ипотека арқылы алғысы келіп есептеткенде жалпы бағаны 108 миллионға бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желіден
Жазбада Руслан есімді азамат Қаскелеңнен ипотекаға үй алғысы келгенін, алайда алғашқы салым болмағандықтан түгелдей қарызды банктен алуға ниеттенгенін жеткізді.
“Үйдің бағасы 30 миллион теңге. Маған банк 20 жылға 17.5% пайызбен ипотека есептеп берді. Алғашқы жарна болмағандықтан, толық сомаға санады. Сондағы шыққаны 30 миллион теңгелік үйдің үстінен қосылатын үстемесі 78 миллион теңге. 20 жылда мен сол үйді 108 миллионға сатып алады екенмін. Бұл не деген сұмдық, қайдан шығарған есеп десем, бұл бағдарламаның шығарғаны ғой деп жауап берді”, – деді Руслан.
Азамат үкімет басындағыларға осы мәселені жеткізуді өтінген.
“Алмайын десем үй жоқ, алайын десем мынаны көріп ішім ашып отыр. Мынау банктің есептеп берген калькуляциясы”, – деп қосты ол.
Кейін жағдайға байланысты Halyk Bank өкілдері пікір білдірді.
“Несие өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемесі сіз білетіндей Ұлттық Банкпен белгіленген базалық мөлшерлемесіне байланысты қойылады. Белгіленген мөлшерлемеге сәйкес біз нарықта ең төменгі әрі тиімді ұсыныс жасаудамыз. Сонымен қатар несие алмас бұрын заем алушы оның талаптары және шарттары мен келісіп, қол қояды. Біз кері байланысқа ашықпыз. Егер қандай да бір қызмет алуда қиындықтар не банк өнімдері және қызметтері бойынша кеңес қажет болса, оны бізге жеке хабарлама мен жолдай аласыз, қуана көмектесеміз”, – деп жазылған банк жауабында.
Осы тұста экономист Расул Рысмамбетов мемлекет қазір ипотека нарығында отбасы банкімен белсенді жұмыс істеп жатқандықтан жеке банкке ипотека беру қиынырақ екенін алға тартты. Айтуынша соңғы жылдары инфляция жоғарылап, ұлттық валюта тұрақсыз болғандықтан банк осылай есептеген.
“Мысалы 30 миллион теңгені банк өздері бермейді, салымшыларынан алады. Банкте мұндай ақша жоқ. 30 миллионды 12-13 пайыз жыл сайынғы депозиттерден төлейді. Осыған байланысты жеке банктен ипотека алу қиынға соғуда. Егер адамға ұнамай тұрса, ол жай ғана алмай кетіп қалса болады. Дұрысы сол. Себебі қазір 20 жылға ипотека алатындар аз. Егер бұл уақытты ұзақ деп санаса, әрине алмағаны жөн. Ипотека бағасы әркез екі есеге шығады. Банк жеке меншік болғандықтан ешкім оған тегін немесе аз пайыздық мөлшерлемемен бер деп айта алмайды.
Тек ипотека ғана емес кез келген затты несиеге немесе бөліп төлеуге алғанда екі есе төлем болады. Мәселен, бұл жерде ипотекаға 17,5 пайыздық мөлшерлеме қосылған. Ал әдетте көпшілік алып жүрген Iphone телефонына жылдық мөлшерлеме 44-50 пайыз қосылады. Жай мұны адамдар байқамайды. Ал бұл жерде үлкен соммамен 20 жылға бөлінгесін көп болып көрініп тұр”, – деді маман.