Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жастар "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы қандай мүмкіндіктерге қол жеткізгендерін айтты

Баспана мәселесі жастар арасында қашан да өзекті. Осы ретте “Дипломмен ауылға” бағдарламасы оқуын аяқтап, жұмыс іздеп жүрген жас мамандардың баспаналы болуына жағдай жасайды. Осылайша жастар Қазақстандағы ауылдар мен елді мекендердің жан-жақты дамуына үлес қосады. Білім мен денсаулық саласында қызмет етіп жүрген маман иелері Stan.kz тілшісіне жастарға арналған бағдарламаның қандай мүмкіндіктерге жол ашқанын баяндап берді. 

Фото: Ұлар Тұрғанова/Мағжан Төлеубеков/Талшын Кенембаева

Ауылды жерді мамандармен қамтамасыз етіп, баспаналы болу мақсатында жұмысқа орналасқан Ұлар Тұрғанова бүгін Іле ауданы, Қызылту елді мекенінің білікті дәрігері. “Ауылдық жерде жұмыс істесе баспана алу үшін несие беріледі” деген шартқа ойланбастан келіскен ол “Дипломмен ауылға” бағдарламасының ең қолайлы әрі тиімді екенін айтады.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы туралы оқып жүргенде естігенмін. Асфендияров атындағы медицина университетін бітірген соң Алматыда жұмыс істеп жүрдім. Кейін Алматы облысындағы Қызылту ауылына тұрмысқа шыққандықтан жақын маңдағы емханаға жұмысқа тұрдым. Сонда білгенім Іле ауданында көбі “Дипломмен ауылға “ бағдарламасымен жұмыс істеп, баспаналы болған екен. Кейін осы бағдарламаға қосылуды маған да ұсынды. Бағдарламаға қатысу үшін айтарлықтай көп талап болған жоқ. Жұмыс орнымнан “жұмыс істеп жатыр” деген анықтама сұратты. Басты талап – ауылдық жерде жұмыс істеу. “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен үй алғаныма екі жылдан асты. Қазір медицина саласы бойынша учаскелік жалпы тәжірибе дәрігері болып қызмет етемін”, – дейді Ұлар.

“Пайызсыз несие берді десе болады”

Медицина қызметкерінің айтуынша, ол “Дипломмен ауылға” бағдарламасына екі жыл бұрын өтініш беріп, 4 миллион 500 мың теңге көлемінде несие алған.

“Дипломмен ауылға бағдарламасымен несие де, бір реттік жәрдемақы да алдым. Жас мамандар үшін өте қолайлы, несиесінің пайызы да төмен. Тіпті пайызсыз деп айтса да болады. Ал бір реттік жәрдемақы – қайтарымсыз. Жалпы медицина саласында дәрігерлер болсын, медбикелер болсын мамандар көптеп жетіспейді. Сол себепті жұмысқа тұру барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Ал ауылда тұру мен үшін қолайсыздық тудырмайды. “Дипломмен ауылға” – жас мамандар үшін қолайлы бағдарлама. Бұл бағдарлама қалалық жерде жүрмейді және мамандарға бөлінетін ақша қалада ештеңеге жеткізе алмайсыз. Үйдің, жердің бағасы өте қымбат”, – дейді дәрігер. 

Ұлар Тұрғанова кей кезде медицина қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланбайтынын айтып, назын жеткізді. Ол үкіметке өз ұсыныстары барын айтты.

“Қазір тұрып жатқан ауылда денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған, мамандар жеткілікті. Жалпы елімізде медицина саласы қарқынды түрде дамып келе жатыр. Дәрігерлердің кәсібилігіне күмән келтіріп, жұмысына сынай қарайтындар көп. Біріншіден, науқастар дәрігердің көмегіне кеш жүгінеді. Ауру асқынып кеткен соң қосарланған аурулар көбейеді. Адамдар өз денсаулығына салғырт қарайды. Мысалы, біз адамдарды жыл сайынғы скринингтік тексеруден өтуге шақырамыз. Бірақ оған көбі келе бермейді. Дәрігерлердің үнемі ескертуімен, шақыруымен тексеруден зорға өтеді. Бірінің уақыты жоқ, бірінің сылтауы көп. Азаматтардың скринингтен өтпегені үшін дәрігерлер сөгіс алады. Жүкті келіншектер де 10 аптасына дейін тіркеуге тұрмаса сұраныс тағы дәрігерлерден болады. Сол себепті дер кезінде тіркеуге тұрмаған әйелдерге босанғаннан кейін берілетін бір реттік жәрдемақының жартысын ғана берсе деген ұсыныс бар”, – дейді Ұлар. 

Фото: Ұлар Тұрғанова

“Резидентураға тегін оқуға түсірді”

Мағжан Төлеубеков – Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қоңыр ауылының тумасы. Медицина саласында қызмет ететін ол “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен баспаналы болып қана қоймай, біліктілігін арттыру мақсатында резидентурада екі жыл білімін шыңдаған.

“Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылындағы орталық ауруханаға 2018 жылы жұмысқа тұрдым. Бұған дейін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша оқу бітіріп келген едім. Сол кезде аурухана басшысы Роза Мұхамеджанқызы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бар екенін және ол арқылы үй және бір реттік жәрдемақы ала алатынымды айтты. Сөйтіп қажет құжаттарды жинап, өтініш бердім. Нәтижесінде 5 175 000 теңге көлемінде несие, 300 теңге жәрдемақы алдым. Алғашында жалпы тәжірибе дәрігері қызметін атқардым. Кейін біліктілігімді арттырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы резидентураға тегін оқуға түсірді. 2 жылда ультрадыбыс диагностикасы мамандығы бойынша оқуымды аяқтап, 2021 жылдың қазан айында жұмысыма оралдым. Қазір УЗД дәрігерімін. 2023 жылы баспаналы болдым”, – дейді Мағжан.

“Жұмысты басты назарға қоюға қолайлы жағдай жасады”

Оның айтуынша, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы жас мамандар үшін көп мүмкіндіктерге жол ашады. Қарабұлақ ауылына отбасымен көшіп келген ол жұмысқа жаңа тұрған жастарға жалғыз айлықпен үй алу мүмкін емес екенін айтады.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы баспана мәселесіне бас ауыртпай, жұмысты басты назарға қоюға қолайлы жағдай жасады. Жұмысқа тұру барысында ешқандай қиындық туған жоқ. Ұжым жақсы қарсы алды, басқа мамандардан тәжірибе жинадым, практикалық тұрғыдан көп білім алдым. Ауылдық жерде жұмыс істеуге келсек, мен үшін қиын болмады. Өзім осы өңірдің тумасымын. Бала кезімде әке-шешеммен осы ауруханаға емделуге келетінбіз. Осындай үлкен ауруханада жұмыс істеу менің де арманым еді”, – дейді медицина қызметкері. 

Мағжанның аталмыш бағдарламаны таңдауының өз себебі бар. 

“Дипломмен ауылға” бағдарламасын таңдау себебім, ата-анам осында, ол кісілерден алыс кеткім келмеді. Қажет кезде болысып, жанында боламын. Оның үстіне таныс аймақ, таныс маң. Ұжымым да жақсы, білікті мамандардан құралған ұжымға тез сіңісіп кеттім”, – дейді ол.

Фото: Мағжан Төлеубеков

“Үлкен баспанаға ие болдым”

Білім саласында қызмет ететін 26 жастағы Талшын Кенембаева да “Дипломмен ауылға” бағдарламасының баспаналы болуына себеп болғанын айтты. Десе де педагог бағдарлама үшін берілетін несие қаржысын көбейтсе деген ұсынысы барын да ашық жеткізді.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы туралы бұрыннан білетінмін. Болашақта аталмыш бағдарламаның бар екенін ескере жүрдім. 2020 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтай сала, бірден жұмысқа орналастым. Қазіргі кезде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша өте төмен пайызбен 5 миллион теңгеден аса несие алдым. 2023 жылы сол ақшаға өзімнің жинаған ақшамды қосып ипотекаға үлкен баспана рәсімдеп алдым”, – дейді Талшын.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама жастар үшін өте тиімді. Десе де берілетін несие мен жәрдемақы көлемін арттырса деген ұсынысы бар.

“Себебі бүгінде нарықта үй қымбат. Жас мамандар да барлық жағдайы жасалған, жақсы үй алғысы келеді. Сондықтан сондай баспанаға жетерліктей қаражат бөлінсе екен деймін. Тағы айта кететін жағдай, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы мысалы, білім саласы болса мектепте жеткіліксіз, тапшы мамандарға басымдық береді. Бөлінетін несие мен жәрдемақыны ең алдымен сол мамандарға беріледі. Бөліп-жармай барлық жас мамандарға бірдей берілсе дұрыс болар еді. Жұмысқа тұрарда ешқандай кедергі болған жоқ. Ауылдық жерде тұрудан да еш қолайсыздық көрмеймін. Керісінше, ауылда жұмыс істеген тиімді. Сонымен қатар ауылда барлық жағдай жасалған, интернет бар, су да, газ да тартылған”, – дейді ол.

Талшын Кенембаева – өзінің мұғалім боламын деген арманын орындаған бақытты жан. Жас маман 2020 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол жастарды ұстаздық етіп, білім саласына үлес қосуға шақырды.

“Мен ұстаздықты бала күннен армандайтынмын. Сол арманмен оқуға түсіп, жұмысқа тұрдым. Өз жұмысымды жақсы көремін. Балалармен, ата-аналармен жұмыс істеу ұнайды. Әрине, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Бізде де қағазбастылық жоқ емес. Ұстаздықтың жақсысы, балаларды оқытып жүріп, өзің де жаңа дүниелерді білесің, үйренесің, үнемі даму үстінде жүресің. Жастарға да мұғалім болуға кеңес беремін. Жақсы, сыйлы, абыройлы қызмет”, – дейді ұстаз.

Фото: Талшын Кенембаева

“Несие тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі”

Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. “Дипломмен ауылға” бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметкерлердің (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда) қатысуына мүмкіндік бар.

Енді азаматтардың уақытын үнемдеп, олардың мемлекеттік қолдауды алуын жеделдету үшін "Дипломмен ауылға" жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. 

Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.

Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша қызметкерлердің тізімін өткізеді. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі.

Несиенің ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады).

Кредит маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредит ең көп дегенде 15 жыл мерзімге беріледі. Негізгі талап – жас маман ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.

"Дипломмен ауылға" жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы алуға да үміткер бола алады. Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге де жағдай қарастырылған.

Талқылау