Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысының әкімі облыста қанша тұрғын үй салынып жатқанын айтты

Абай облысында тұрғын үй кезегінде 19 мыңнан астам адам бар. Оның 2442-сі көпбалалы отбасылар санатында. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты. 

"Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 19 мыңнан астам адам бар. Оның 2442-сі көпбалалы отбасылар санатында. Биыл біз жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын, 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп келеміз. Алдағы үш жылға тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Бұл 6800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді", - дейді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл 23 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту үшін 697,4 миллион теңгеге 110 жеңілдетілген несие, жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін – 1,1 миллиард теңгеге 2,5% үстеме ақымен 214 шағын несие берілді.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін 10,8 миллиард теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы үлгілік жобаға бекіту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Семей қаласында 100,4 миллиард теңгеге 5 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Қарағайлы ауданында жеке инвесторлар есебінен емхана мен Нефрология орталығының құрылысы басталды.Осы жерде тағы бір маңызды мәселеге көңіл бөлгім келеді. Биыл біз алғашқы болып, Президент тапсырмасымен мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын аштық. Бізге оның маңызы ерекше. Себебі облыста 24 481 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 2 905-і – балалар. Бұдан бөлек, тағы Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. Қазір, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр", - дейді өңір басшысы Ұранхаев.

Талқылау